15 Желтоқсан, 2016

Тарихи ғимаратта – тарихи тақта

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
pamyatnaya-doskaАлматыда Қазақ-британ техникалық университетінің (бұрынғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ғимараты) алдына тарихи ескерткіш тақта орнатылды «Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы­да» деп Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан­дай, бұл ғимараттың тарих парағының беттері­нен алар орны айрықша да ерекше. Қазақ­стан Тәуел­сіз­ді­гінің қарсаңында болашақ елдің заңды норма­­тивті актілерінің дені осы ғимаратта қабыл­­данған. Солардың ішіндегі егеменді ел үшін ең маңыз­дысы да қасиеттісі – «Қазақстан Рес­публи­­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­­титуциялық заң Жоғарғы Кеңес­тің осы­нау ғимаратының мәжіліс залында қабыл­данды. Салтанатты шараға сол бір күндердің танымал қаһармандары – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 12-шақырылымының депутаттары Сұл­тан Сартаев, Нығмет Жотабаев, Эрик Гукасов, Нұрлан Оразалин, Оразалы Сәбденов, Ораз Баймұратов, Есентай Тәжиев, Петр Крепак шақырылыпты. Барша Қазақстан халқы Тәуелсіздікті аң­саған еліміздің мүддесі үшін Жоғарғы Кеңес­тің мінберінен қасқайып тұрып сан рет баяндама жасаған, пікірталас туғызып, әркезде де же­ңіске жеткен білікті заңгер, бүгінде 90-ның тө­рінде отырған Сұлтан аға Сартаевтың ерлікке пара-пар іс-әрекеті мен еңбегін ұмытқан емес. Осыған орай салтанат қонағын арнайы әңгімеге тарттық. – Уақыт неткен жүйрік, арада ширек ғасыр қас пен көздің арасында өте шыққанын байқамай да қалыппыз, – деді академик-заңгер ағамыз таңдана да тамсана сөйлеп. – Сіз білесіз бе, ол күн, ол сағаттар менің есімде мәңгіге еш өшпестей сақталып қалды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірнеше сағатқа созылған талқылаудан кейін Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды 1991 жылғы 16 желтоқсанда, кешкі сағат алтыдан он төрт минөт өткенде басым көпшілік дауыспен қабылдады. Бұл келешек егемен елдің өз Конс­титуциясына кірпіш болып қаланған нағыз заң еді. Халық қалаулылары тарихи сәтті орындарынан тік тұрып, қол соғып қарсы алды. Көзіне жас алғандар да бар... Заң қабылданған соң тура 30 минөтте бауыр­лас Түркия Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Әлемдік дипломатияның тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Енді ар жағын өздеріңіз ойлай беріңіздер... Өткен күндерден шын көңілден шежіре шерте ой бөліскен абыз ақсақалдың дауысынан шынайы шаттық  пен қанағат сезім айқын аңғарылып тұрды. Тарихи ғимараттың алдында тарихи естелік айтқаны үшін Сұлтан ағаға рахметімізді жаудырдық. Тарихи шара салтанатында қала әкімі Бауыр­жан Байбек сөз сөйледі. Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынба­сары, Социалистік Еңбек Ері, Алматы қаласы­ның құр­метті азаматы Вера Сидорова тарихи кезең­нен қызық­ты естеліктер айтты. Киноактер, «Дарын» Мем­ле­кеттік жастар сыйлығының лауреаты, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Асылхан Төлепов жастарды Тәуелсіз еліміздің шынайы пат­риоты болуға шақырды. Ғимараттың Төле би көше­сіне қараған аузындағы биік қабырғаға «Бұл ғима­рат­та 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­титуциялық  заң» қабылданды» деп жазыл­ған ескерткіш тақта отшашумен көмкеріліп ілінді. Салтанатты шараға Алматы қаласының құр­метті азаматтары, мәслихат депутаттары, еңбек арда­гер­лері мен студент-жастар, қала меймандары  қатысты. Елімізге танымал өнер жұлдыздары Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығына арналған мерекелік шараға арнап ән мен жырдан шашу шашты. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ