15 Желтоқсан, 2016

Соңғы бекет

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
dsc_2011«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Алматыда өзінің сапарын аяқтады Ұлан-байтақ даламыздың өзендері мен көлдерін кесіп өтіп, өңірлері мен елді мекендерін шарлаған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Алматыға келіп тұмсық тіреді. Алматы – 45 күнге созылған саяхаттың соңғы стансасы болатын. Осынау ұзақ та мазмұнды сапардың жолаушылары не бітірді? Ел өмірінен не көрді? Әлеуметке қандай пайда, кеңесі тиді? Бұл туралы білгісі келген БАҚ өкілдері көп еді. Біз «Тәуелсіз Қазақстан» пой­ыз­ын сәрсенбінің сәтті күні таң­ер­теңгілік «Алматы-2» темір­ жол вокзалынан сән-салтанатымен күтіп алдық. Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа ағылып жатқан пойыздардан бұл пойыз­дың түрі де бөлек, аманаты да басқа болып көрінді. Жүйткіп келіп тоқтаған пойыз­­- ға Алматы жастары жалаулатып қошемет білдіріп, оркестр ойнап, ақ кимешекті әжелер шашу­ын ала ұмтылды. Осыдан кейін ығы-жығы көпшілік бірден орнын тауып, Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының оры­н­­басары Ералы Тоғжанов вок­­залды думанға бөле­ген ха­лықты сапардың қоры­тын­­ды­лауы­мен құттықтады. «Тәу­елсіз Қазақстан» пойызының тын­­дырған тірліктерін саралады. Осы шараға бір кісідей жұмылған ми­­ни­стрліктер мен жергілікті би­лік өкілдеріне, Қазақстан темір ­жо­л­ы­на алғысын білдірді. Ералы Тоғжановтың айтуынша, осы үлкен сапарда 100 миллион теңге көлемінде нақты әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл пойыздың медициналық қызметкерлері Алматы облысында нәрестенің дү­ние­ге келуіне көмектесіп, кін­діг­ін кескен. – «Ең бастысы, «Тәуелсіз Қазақ­стан»­ пойызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін елге жеткізді. Пойыздағы ша­ра­лар­ға қатысқан азаматтар бү­гін Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алма­тыға келіп, жұмы­сын аяқтап отыр. Пойызда 12 министр­ліктің өкі­лі болды. Олар әрбір үш күн сайын ауысып отырды. Жинақтап айт­қанда, бір айдан астам уақыт ішінде 300 маман жұмыс істеді. Пойыз негізгі міндетін атқа­рып шық­ты. Шалғайдағы ағайын­ның кейбір мәселелерін сол орында білік­ті мамандар шешіп берді. Басты мерекеміз – Тәуелсіздік күні жа­қындап қалды. Елімізді осы ұлы ме­ре­кемен құттықтаймыз! Үлкен сапардан оралған азаматтарға алғысымызды айтамыз. Егер Қазақстан алып пойыз болса, онда баршамыз сол «Қазақстан» деген пойыздың жолаушыларымыз», – деді Ералы Тоғжанов. Бұл пойызды күткендердің арасында Қазақстан халқы Ассам­блея­сының өкілдері де бар еді. Соң­ғы стансадағы салтанаттың сәнін асырған да осы сан ұлттың киімін киген отандастарымыз бол­ды. Ал Алматы қаласы әкімінің орын­­басары Арман Қырықбай 45 күн бойы аттан түспегендей тоқ­таусыз жүйткіген Тәуелсіздік пойыз­ы­ның жолаушыларын 1000 жыл­д­ық тарихы бар шаһарға аман-есен жетуімен құттықтады. Кезегімен сөз алған «Тәу­ел­­сіз Қазақстан» арнайы пойыз штаб­ының жетекшісі Әмір­­жан Әлпейісов: «Бұл пойыз Ел­басының тапсырмасымен Қазақ­стан­ хал­­қы Ассамблеясының ұйым­дас­­тыруымен шыққан болатын. 45 күннің ішінде біз 16 мың ш­а­қы­рым жер жүріп, Елбасы­ның құт­тықтауын ауыл-аймақ, елді мекендерге жеткіздік. Онда­ғы ағайынның әлеуметтік мәсе­ле­ле­рінің шешілуіне атсалыстық. Іс-шараларымызға 100 мыңнан аст­ам адам қатысқан, оның ішін­де 13 мыңына медициналық көмек, 12 мың адамның жеке бас мәселелерін шешуге, 77 мың адам­ға консультативтік көмек бе­ріп­, Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын, 25 жыл ішінде жет­кен жетістігімізді елге жет­кізіп, әңгіме-дүкен құрдық. Біз әлеу­мет­тік мәселелерді шешу барысында ұйыған халықты көрдік», – деді. Дегенмен, Әміржан Әлпейісов­­­тің айтуынша, бұл са­пар­­дың жолау­шылары шеше алма­ған да жайттар болған. Ол кө­бі­несе заң­нама­лық мәселелерге қатысты бо­лып кел­мек. Оның ішінде мүм­кіндігі шек­теулі жандардың өмірін же­ңіл­де­туге қатысты өтініштер бар. Ендігі жерде мемлекеттік дең­гейде шеші­луі тиісті мәселелер Пре­зидент әкім­шілігіне жол­да­нады. Шешімін күт­­кен бұл жайт­тар алдағы уақытта Парла­мент Мәжілісі отырыстарында қа­ра­латын болады. «Тәуелсіз Қазақстан» пойыз­ына қатысушылар оңтүстік астанада бірқатар жоспарлы шара­ларға қатысады деп күтілуде. Алматыда да аталмыш акцияға қатысушы мамандар халыққа медициналық қызмет көрсетіп, мәдени шаралар қойылымын өткізеді және кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы сұрақтарына қатысты кеңес береді. Еске сала кетейік, «Тәуелсіз Қазақстан пойызы» 1 қараша мен 14 желтоқсан аралығында еліміз­дің 35 елді мекенінде халықпен кезд­есу өткізді. Бір жарым ай бойы жолда жүр­­ген пойыз жолаушылары құ­зы­реттері жеткенше көмек сұра­ған, кеңес сұраған халыққа сол арада септігін тигізіп, сауап алуға ұмты­л­ғандары қуантады. Арнайы пойызды еліміздің әр түкпірінде құлағдар болып, тағатсыздана күткен тұрғындар көп болған. Аяқтары жеткенше тілектерін айтып, ойласатын шаруаларды ортаға салыпты. Осылайша, қасиетті парыз арқалаған бұл пойыз ширек ға­сырда тындырылған тірлікті тұр­лаулы ету үшін татулықтың туын түсірмей, ауызбіршілікті сақ­тау­ға ұмтылған халқымыздың аман­­дығын біліп қайтты. Енді, олар сол елдің аманатын екшеп, Елбасының, ел ағаларының тал­қы­сына салатын болады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген Самат ҚҰСАЙЫНОВ