15 Желтоқсан, 2016

Медальдар тапсырылды

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматыдағы «Достық» үйінде Қазақстан Тәуелсіздігі мерекесі құрметіне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен осындағы этномәдени бірлестіктер өкілдері, шығармашыл және ғылыми зиялы қауым өкілдері марапатталды. Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Өмірзақ Айтбайұлы, «Вайнах» чешен және ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Сұлтан Оздоев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Дос Көшім және басқа да, барлығы 30 адам «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медалін кеудесіне тақты. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімімен бір топ азаматқа Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мен ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі» қоғамдық медалі тапсырылды. Марапатқа ие болған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен осындағы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің арасында белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Айдос Сарым, теміржолшы Айжан Оспанова, телевизия қызметкерлері Ержан Қарақ, Дана Бақтығалиева және басқалар бар. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған наградаларды марапат иелеріне ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов табыс етті. Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері қатысты. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ