15 Желтоқсан, 2016

Ерлер еңбегі ескерусіз қалмайды

126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазір еліміздің әрбір өңірінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар өткізілуде. Осыған орай, кеше Ішкі істер министрлігінде де осы ведомство басшылығының, ішкі істер органдары қызметкерлері мен ардагерлерінің қатысуымен салтанатты жиын болып өтті. Оркестрдің сүйемелдеуімен министр­лік туы сахна төріне шығарылып, Әнұран шыр­қалғаннан кейін құттықтау сөзді министрдің бірінші орынбасары Марат Демеуов алды. Ол өз сөзінде жиырма бес жыл ішінде еліміз тұрақты, дамы­ған, халқы тату мемлекет ретінде қалып­тас­қан­дығын және әлем алдындағы беде­лін айқындағанын ерекше атап көр­сетті. «Тәуелсіздік – баға жетпес асыл бай­лығымыз. Еліміздің жаңа және жарқын тарихының бастауы. Еліміз айтулы әлемдік шараларды: ЕҚЫҰ Саммитін, Қысқы Азия ойындарын абыроймен өткізе білді, енді алдымызда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін зор табыспен өткізу міндеті тұр. Мұның барлығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатымен тікелей байланысты», – деді Марат Ғанұлы. Сонымен қатар, министр­дің бірінші орынбасары елі­міз дамуында ішкі істер сала­сының орны ерекше екенді­гін де қаперге сала кетті. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ішкі істер органдары қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауда лайықты қызмет атқарып келеді. Тәуелсіздік алған жыл­дар ішінде ішкі істер орган­дары­ның 1093 қызметкері мем­лекеттік наградаға ие болып­ты. Олардың екеуіне Халық Қаһарманы атағы да беріл­ген­дігін айта кеткен орынды. Бұдан кейін ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан ар­да­герлері республикалық кеңе­сінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Бол­самбеков Тәуелсіздіктің мағы­насы еркіндік, теңдік, бостандықпен байланысты екендігін алға тарта отырып, елге тыныштық пен береке тілеген игі лебізін жеткізді. Құттықтаулардан кейін ҚР ІІМ орталық аппараты мен аумақтық бөліністерінің қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды. Оны Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов табыстады. Солардың арасында ІІМ-нің М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң инсти­ту­тының басшысы, полиция полковнигі Сәлімгерей Қара­құшев те бар. Ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдын­да сөйлеген сөзінде орден иегері еліміздің ерлер еңбе­гін бағалайтындығына ризашы­лығын жеткізе отырып, бұл марапат ішкі істер орган­дарына білікті мамандарды даярлаудағы еңбегі үшін бе­рілгендігін алға тартты. Со­нымен қатар, ел Тәуелсіз­дігі­нің 25 жылдығын мереке­леуге орай ішкі істер орган­дарының қызметкерлері ведомстволық наградалармен және грамоталармен ма­рапат­талды. Іс-шара қорытын­дысын­да ішкі істер органдары қызмет­керлері арасында өткен «Менің елім!» патриоттық әндер бай­қауының лауреаттары мен дипломанттарының қатысуымен гала-концерт қойылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»