Алматыдағы Ғалымдар үйінде Алматы онкологиялық орталығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесін үлкен салтанатпен, жоғары көңіл-күйде атап өтті. Мәдени шараның тағы бір ерекшелігі – Алматы онкологиялық орталығының 65 жылдық мерейтойының Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келуі.
Алғашқы құттықтау сөзінде Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Қалдыбай Қазанбаев Тәуелсіздік деген тәтті сөздің қадыр-қасиетіне тоқталып, тіліміз тіріліп, дініміз дәріптеліп, дүние жүзіндегі іргелі елдермен теңесіп отырғанымызға екпін түсірсе, осы баянды да ұлық істердің басында тұрған «Нұр Отан» партиясының атынан Бостандық аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Бекежан Тоққожаев та ақжарма лебізін білдірді.
Иә, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері өзінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өміріндегі 25 белесін артқа тастап отыр. Адам өміріне араша түсіп келе жатқан аталмыш мекеменің бүгінгі жетістігі – ел егемендігінің айқын жемісі. Өйткені, халыққа онкологиялық көмек көрсетуде жарты ғасырдан астам уақыт аталмыш мекеме емдеудің озық үлгілері мен заманауи әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы науқастарды емдеуде өз үлестерін қосып келеді.
Жиында емдеу орнының өткені, сондай-ақ, ел егемендігін алғаннан бергі емдеу ісіндегі жаңалықтар мен озық әдіс-тәсілдерге, мемлекетіміздің онкологиялық науқастарға көрсетіп отырған орасан зор қамқорлығына, көмегіне тоқталмас бұрын, Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Дамир Дәулетбаев алдымен Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, ұлт ретінде дамып, өркендеуімізде ұлы күш екенін атап өтті.
– Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашанда бөлек. Сондықтан да «толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеткен аналарымыздың аққан көз жасының, Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз, – деді Дамир Абайділдәұлы.
Сондай-ақ, жиын барысында орталықтың бүгінгі жетістіктерінің бастауында аянбай тер төгіп, еңбек еткен ардагерлерге гүл шоқтарын ұсынып, сыйлықтар табыстаса, бүгінгі таңда күндіз-түні денсаулық күзетінде тұрған ақ халатты абзал жандардың арасындағы үздіктері алғыс хаттармен марапатталды.
Еліміздегі 130 ұлттың басын қосқан брендіміз Қазақстан халқы Ассамблеясы екені белгілі. Қазақ, орыс, украин, корей, татар халқының ұлттық костюмдерімен шығып, сол ұлттардың тілдерінде Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған медицина қызметкерлері сахнаның сәнін келтірсе, еліміздің танымал әртістері Толқын Забирова, Құралай мен Мирас Бекжановтар, Бақыт Шадаева, Бейбіт Сейдуалиева, Жеңіс Ысқақова, Құдайберген Бекіш, Руслан Мамытов, т.б. әншілер әсем ән шырқап, кештің көрігін қыздырды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»