15 Желтоқсан, 2016

Қазақстан-Израиль: Серіктестіктің бір белесі

387 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
14-12-03Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Өткен шаққа қысқаша шолу жасай сөйлесек, Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекеті арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 10 сәуірінен бастау алады. Десек те, екі ел арасындағы салмақты қарым-қатынастар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы желтоқсан айында Израильге жасаған ресми сапарынан кейін жүзеге асырыла бас­тады. Мемлекет басшысының сол сапарында Қазақстан мен Израиль арасындағы өзара қарым-қатынастар негізіндегі Декларацияға қол қойылған-ды. Сонымен қатар, инвес­тиция, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салалары бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Бұдан бөлек, Елбасының осы елге жасаған 2000 жылдың сәуіріндегі ресми сапарында да екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қарастырылып, тараптардың ынтымақтастығы мен өзара түсіністігін дамыту туралы Декларация бекітілген. Сондай-ақ, кеден ісі, кәсіпкерлік, инвестиция салаларындағы өзара ықпалдастықты дамыту бағытындағы келісімдер түзілген. Ал 2009 жылғы 30 маусым – 1 шілде күндері Израиль Президенті Шимон Перестің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары тараптардың өзара байланыстарын одан әрі өрістете түсті. Сол сапар шеңберінде Қазақстан-Израиль бизнес-форумы өтіп, онда маңызды алты келісімге қол қойылған. Одан кейін де, яғни, 2013 жылы 14 наурызда Израиль басшысы Шимон Перес Астанаға ресми сапармен келіп, Елбасымен келіссөздер жүргізген-ді. Міне, мемлекеттер басшылары деңгейіндегі осындай маңызды кездесулер екі елдің өзара тығыз байланыс орнатуына кеңінен жол ашты. Мұның барлығы өткен шақтың еншісіндегі оқиғалар болғанымен, қос тараптың бүгінгі өзара ықпалдасуының негізі саналады. Баршаға белгілі, қазіргі таңда замана ағымы, уақыт талабы күн сайын жаңа сипатқа ие болып отыр. Соған сәйкес, әрбір мемлекет өзінің сыртқы және ішкі саясатын уақыт ағымына орайластыра жүргізуі өте маңызды. Бұл мәселеде Қазақстан сергектік танытып, өзінің бұрыннан тығыз байланыс орнатып келе жатқан елдерімен түрлі салалардағы байланыстарын қайта жаңғыртып отыруға мүдделі. 14-12-08Күні кеше Ақордада өткен Қазақстан мен Израиль мемлекеттері басшыларының шағын құрамда өткізген кездесуінде екі ел әріптес­тігінің басты бағыттары, сауда-эконо­мика, инвестиция, сондай-ақ, инно­вациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыға түсті. Бұлардан бөлек, тараптар күн тәртібін­дегі мейлінше өзекті халықаралық жайттар тұрғысында да пікір алмасты. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетанья­худің сапары барша қазақстандықтар үшін айтулы мереке – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды. – Осы жылдарда Қазақстан мен Израиль арасында жылы қарым-қатынас сақталып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан көптеген еврей диас­порасы өкілдері мен Израильдегі қазақстандық қауымдастық халық­тарымыз арасындағы сындарлы қарым-қатынастың дәнекері болып отыр, – деді Қазақстан Президенті. Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстанның Израильмен іскерлік байланыстарды әрі қарай дамытуға мүдделі екенін айта келе, бұл сапар екіжақты қарым-қатынас аясын кеңейтуге тың серпін береді деп үміттенетінін білдірді. Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Қазақстанға Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында келгені өзі үшін зор мәртебе екенін жеткізді. – Қазіргі кезде әлем үлкен өзге­рістерді бастан өткеруде, қауіпсіздік са­ласында көптеген сын-қатерлер пайда болды. Сонымен бірге, бұл өзге­рістер негізінен экономиканың кез келген саласымен тығыз байланысты жаңа технологиялардың зор мүмкіндіктеріне жол ашуда, – деді Б.Не­таньяху. Премьер-министр Израильдің қауіпсіздік пен жаңа технологиялар саласында зор табыстарға жеткеніне назар аударды. – Осыған орай Қазақстан дамуы-ның стратегиялық жоспарлары мен Израильдің мүмкіндіктерін екі елдің игілігі жолында ұштастыруды ұсынамын, – деді Б.Нетаньяху. Мемлекет басшысы Израиль Пре­мьер-министрінің ұсынысы Қазақ­стан тарапының жоспарларымен үйлесетінін атап өтті. – Израильдің инновация мен жаңа технологиялар саласындағы же­тіс­тіктері бізге жақсы таныс. Бүгінде 270 компания экономиканың түрлі салаларында Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Сіз ұсынған формат бойынша ынты­мақ­тастық орнату туралы мәселе бүгін­гі бизнес-форум аясында қызу талқы­ланады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Онда тараптар Қазақстан мен Израиль әріптестігінің формасын әртараптандыру мәселелерін тал­қылады. – Сіздің бүгінгі сапарыңыз және бизнес-форумның өтуі Қазақстан мен Израиль арасындағы іскерлік қарым-қатынас аясын кеңейтіп, оны жаңа сапалы деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз сөзін одан әрі жалғаған Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықты тәжірибелік тұрғыдан дамытудың негізгі үш бағытын айқындап берді. – Біріншіден, ауыл шаруашылығы. Бізде ауыл шаруашылығы бизнесін жүр­гізуге бірегей жағдай жасалған, ал Израиль­де озық технологиялар бар. Сіздер­ден тәжірибе ретінде алғымыз келе­тіні – аграрлық өнімді қайта өңдеу, жер суаруды үнемдеу ісі. Екіншіден, Из­раиль инновация мен озық технология­лар саласында әлемдік көшбасшы болып саналады, ал Қазақстан – табиғи ре­с­урстарға бай ел. Шикізат ресурстарын озық технологияларға алмастыру жө­нін­де нақты келісімдер әзірлеу үшін біз са­рапшылардың арнаулы тобын жіберетін боламыз, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев құ­рамына әлемдік деңгейдегі колледж бен университет кіретін Алматы қаласындағы Қазақстан-Израиль инновациялық технологиялар орталығы құрылысының маңыздылығын атап өтті. Үшінші бағыт – денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа арналған. – Қазақстанның мыңдаған медицина қызметкерлері Израильде білім алды. Сіздің мамандарыңыз жыл сайын еліміздің медицина орталықтары базасында шеберлік сыныптарын өткізуде. Біз бұл ынтымақтастық аясын кеңейту қа­жет деп санаймыз. Осыған байланыс­ты, елі­міздің бірқатар университеттік кли­­­ни­ка­ларын Израиль мекемелеріне се­нім­ді бас­қаруға беру мүмкіндігін қа­рас­ты­руға дайынбыз, – деді Мемлекет бас­шысы. Келіссөз барысында Израиль тарапы екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуе­тін пайдалануға мүдделілік білдір­ді. Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қар­жы орталығымен өзара іс-қимыл орнату перспективасы, сондай-ақ, жаңғырмалы энергия көздері саласындағы Израильдің озық технологияларын Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде белсенді түрде таныстыру мәселесі тал­қыланды. Кеңейтілген құрамдағы кездесу ба­рысында Б.Нетаньяху Қазақстанға ша­қыр­ғаны үшін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, хал­қымызды Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы­мен құттықтады. – Бүгінгі кездесу елдеріміздің ын­ты­­мақтастығы жолындағы қарышты қа­дам болып саналады. Сондай-ақ, біз Сіз ай­қындаған үш бағыттағы серіктестік қарым-қатынасымызды дамытуға ниет­тіміз, – деді Израиль Премьер-министрі. Сондай-ақ, Б.Нетаньяху тәжірибе алмасу және Hi-Tech саласындағы стартап жобалар әзірлеу үшін Қазақстаннан Из­раильге білікті жас азаматтар тобын жіберуді ұсынды. Израиль мемлекеті Премьер-ми­нис­трі­­нің ресми сапарының қорытын­дысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды: – Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Израиль мемлекетінің Үкіметі ара­­сындағы Ауыл шаруашылығы сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісім; – Екі ел үкіметтері арасындағы Био­­метрикалық ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату ниеті туралы бірлескен декларация; – Қазақстан Республикасы мен Из­раиль мемлекетінің әуе қатынастары саласындағы билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; – «Технологиялық даму жөніндегі ұлт­тық агенттік» акционерлік қоғамы мен Израильдің «Матимоп» өнеркәсіптік ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыс орталығы арасын­дағы Индустриялық зерттеулер және әзірлемелер саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум; – Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Израиль мемлекетінің Мемлекеттік қызмет комиссиясы арасындағы ын­тымақтастық туралы меморандум. Израиль Премьер-министрі сапа­ры­ның ая­сында жоғарыдағы құжаттарға қол қойы­лғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Биньямин Нетаньяху ке­ліс­сөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Елбасы мәртебелі қонақпен жүргі­зілген келіссөздердің ашық әрі сын­дарлы болғанын айта келіп, екі ел ара­сындағы бүгінгі қатынастың негізгі өзегін сөз етті. – Біздің елдеріміз арасында ерекше қарым-қатынастың орнауы да тосыннан емес. Оған Қазақстаннан шыққан ондаған мың израильдіктер септігін тигізуде. Олар соғыс кезінде Қазақстанға жер аударылып, осы жақтан қамқорлық көрді және отандарына қайта оралғаннан кейін де бауырмалдық қарым-қатынасты сақтады. Мен Тель-Авивке барғанымда жақынындай қарсы алады. Олар бүгінде достықтың көпірі болып саналады жә­не біздің ынтымақтастығымызға көмек­теседі, – деді Елбасы. Қазақстан Президенті Израиль Пре­мьер-министрімен өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысына көңілі толатындығына екпін берді. – Қазір ғана Биньямин Нетаньяху мыр­замен келіссөздер аяқталды. Ол ашық әрі сенімге толы өтті. Біз екіжақты өзара іс-қимылдың, халықаралық күн тәр­тібінің, лаңкестікпен күрестің және өзге де жайттардың кешенді мәселелерін тал­қылап, өзекті түйткілдерге қатысты пікір алмастық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы кездесу қоры­тын­ды­сына сәйкес, Қазақстан мен Израиль­дің көптеген ауқымды мәселелер жөнінде өза­ра тиімді іс-қимыл жасай алатынын то­лық сеніммен айтуға болатынын жет­кізді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Биньямин Нетаньяху сауда-экономика мәселелеріне айрықша назар аударып, жаһандық нарықтың жалпы сауда айналымындағы тиімсіз ахуалының кері әсерін атап өтті. Осыған байланысты, тараптар өзара экономикалық іс-қимылды жандандыру үшін қандай мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін талқылады. – Елдеріміз арасындағы тікелей әуе қатынасын қалыпқа келтіру және ви­за­сыз режімді енгізу мәселесін пысық­тау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткі­зілді. Мұндай шаралар бизнес саласын­дағы екіжақты байланыстар мен туризм саласындағы ынтымақтастықты ны­ғайтуға септігін тигізуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ пен Израиль арасында еркін сауда аймағын құру екі елдің іскерлік байланыстарын дамытуға елеулі ықпал ететінін және қазір бұл жөнінде нақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті. – Бүгін халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде де қызу әрі ашық пікір алмастық. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да көптарапты ұйымдар мен форумдар өзара іс-қимылымыздың маңызды орны ретінде қарастырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы кездесу қоры­тын­дысы бойынша тараптардың саяси үнқатысуды ұдайы қолдау, байланыс­тарды барлық деңгейде дамыту, сондай-ақ, серіктестікті жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін бірлесе күш-жігер жұмсау жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді. – Уағдаластықтардың қарқынды түрде іске асуы бүгін біз талқылаған бар­лық бағыт бойынша екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті. Брифингтің соңында Нұрсұлтан Назарбаев достас Израиль халқын алдағы келе жатқан Ханука мерекесімен құттықтады. Айта кетейік, 2016 жылдың қаңтары мен қыркүйек айлары аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 237 миллион долларды құраған. Ал 2005 жыл мен 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығы арасында Израиль тарапынан елімізге жалпы 213,3 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция келген. Осы арада ерекше тоқталып өтер жайт, соңғы 10 жылда қазақстандық мыңнан астам дәрігерлер мен мейірбикелер Израильдің алдыңғы қатарлы медициналық ор­та­лықтарында мамандандырылған. Сон­дай-ақ, израильдік мамандар жыл сайын Қазақстанның медициналық орта­лықтарында отызға жуық мастер-клас­тар өткізеді. Бұл көрсеткіштер, әрине, екі ел арасындағы қарым-қатынастың оң ба­ғытта жүргізіліп отырғанын сипаттайды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды