15 Қаңтар, 2010

ГАИТИ ЕСЕҢГІРЕП ҚАЛДЫ

2513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Батыс жартышардағы аса шағын және өте кедей мем­ле­кет – Гаитиде сұмдық жер сілкінісі болды. Үш рет тіркелген дүмпудің алғашқысы – 7, соңғы екеуі 5,5 баллды құрады. Алғашқы дүмпудің эпицентрі ел астанасы Порт-о-Пренс қаласынан 16 шақырым жерде болды. Зілзала зар­да­п­тары әлі толық анықталмағандықтан, нақты қанша адам опат болғанын тап басып айту қиын. Президент са­райы, әкімшілік ғимараттар, жүздеген тұрғын үйлер, мек­тептер, ауруханалар, шіркеулер, түрме, полиция учаскелері – бәр-бәрі қираған. Кейбірінің орнында топырақ үйіндісі ғана бар. Қансыраған жаралы жандар әлі толық көмек ала алмай, мәйіттермен қатар көшелерде жатыр. Көптеген БАҚ-тар опат болғандар саны 500 мыңға дейін жетуі ықтимал деген болжамдар айтуда. Көз көргендер әрбір үшінші үй қираған дейді. Президенттің өз үйі де, қызмет сарайы да қираған­дықтан, ол көршілес Доминикан Республикасын барып паналаған. Екі ел соңғы жылдары бір-біріне алакөз болып келсе де, Доминикан Республикасы көршісіне ең бірінші болып көмекке келді. БҰҰ-ның миссиясы тұрған үй де толығымен қираған, қазірдің өзінде 16 қызметкердің қаза болғаны, 56-сының жараланғаны белгілі болып отыр, ал 150 адам хабар-ошарсыз жоғалғандар сапында. Бүгінгі күндері АҚШ, Еуроодақ, Ресей Федерациясы және т.б. елдер Гаитиге көмек қолын созуда. Бүкіләлемдік банк 100 млн. АҚШ доллары көлемінде грант бөлетінін мәлім етті...