15 Қаңтар, 2010

ҚЫТАЙҒА ЖЕР САТУ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕНІҢ ЕШБІР НЕГІЗІ ЖОҚ

2866 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай деп мәлімдеді Еліміздегі жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары “Қазақстан 1 миллион гектар ауыл шаруа­шы­лығы жерін Қытайға сатады екен-мыс” деген ақпарат таратқандығы бел­гілі. Бұл ақпарат қоғамда әр­түр­лі алып-қашпа әңгімелер туғызуда. Осы оқиғаға байланысты қазақ­стандық тиісті мемлекеттік орган­дар мен ресми тұлғалар өздерінің түсі­нік­темелерін жасады. Бәрінің байламы біреу: “Қытайға, жалпы еш­бір елге Қаз­ақстанның ауылша­руа­шылық жер­лері сатылмайды. Өйткені, мұндай әрекет заңға қайшы болып табылады”. Кеше Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ақылбек Күрішбаев та жур­налистер алдында осы өрбіген әң­гімеге байланысты тиісті мәлімдеме жасады. Ол былай деді: “Ауыл шаруашылығы жерлерін қытай инвесторларына беру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және мұндай әңгіменің негізі де жоқ. Біріншіден, ҚР Жер кодексінің 23-бабына сәйкес ауыл шаруа­шы­лығы жерлері шетел азамат­та­ры­ның және заңды тұлғалардың жеке меншігінде бола алмайды. Екіншіден, Қытай Халық Рес­публикасы біздің елімізден соя им­порттауға қызығушылық танытуда. Алайда, Қазақстанда сояны өндіру тек суармалы жерлерде қолайлы. Суарма­лы жерлердің аумағы біздің елде тек қана 1,3 млн. гектарды құ­райды. Олар­дың барлығы отандық ауылша­руа­шылық өнімдерін өнді­ру­шілердің қарамағында тұр. Со­нымен қатар ҚР Жер кодексінің 38-бабына сәйкес жерлерді суба­рендаға беруге тыйым салынған. Яғни, жерді мемлекеттен өзі жалға алып отырған тұлға оны екінші біреуге жалға бере алмайды. Егер ауыл шаруашылығы өнімдері туралы қытай жағымен министрлік тарапынан белгілі бір келіссөздер жүргізілетін болса, ол келіссөздер тек өндірілген өнімді сату және сатып алу жөнінде ғана болмақ. Бұл келіссөз­дердің жер қатынастары мәселесіне ешбір қатысы болмайды. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің қызметінде тек қана ашық­тық қағидатын ұстанатынын мә­лім­дейді. Министрліктің осы бағытта атқарып жатқан барлық жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарына хабарланатын болады”. Министр осылай дей келе елі­міздегі соя егістігінің көлемі 50 мың гектарды ғана құрайтындығын жеткізді. Егер еліміздің ішінде соя егуге ықылас танытатындар болса, оның көлемін әрі кеткенде 200 мың гектарға дейін жеткізуге болар еді. Демек, 1 миллион гектар туралы әңгіме қозғаудың өзі негізсіз. Мұнан кейін Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі Қайта өңдеу өн­ер­кәсібі және аграрлық нарық­тар­ды дамыту департаментінің дирек­торы Айна Құсайынова “Қазақ­стан, Бела­русь, Ресей арасында кедендік одақ­тың құрылуына орай азық-түлік ба­ғасы өседі екен” деген қауесетке бай­ланысты түсініктеме берді. Ол бұл пікірдің шындыққа жанаспайтын­ды­ғын, демек баға өседі екен деп халық­тың алаңдауы­на негіз жоқ екендігін айтты. Әри­не, нарық жағдайына байланысты кез келген тауардың бағасы ауыт­қымалы келетіндігі бұ­рыннан бел­гілі. Бірақ Қазақстанның Кедендік одаққа қосылуына орай азық-түлік бағасы қымбаттайды деген сөз шындықпен қабыспайды. Тек бұл жерде мына бір мәселені ескеру ке­рек. Кедендік одақтың құрылуына байланысты кедендік баж салығы­ның көлемінде өзгерістер болуы ти­іс. Осыған орай азық-түлік өнімдері үш топқа топтастырылған. Бірінші топқа баж салығы бірқалыпта сақ­талатын, екінші топқа баж салығы көтерілетін, үшінші топқа баж са­лығы төмендетілетін азық-түлік түр­лері жатқызылған. Кедендік баж салығы көтерілетін азық-түлік өнімдері арасында күріш, қияр, май секілді өнімдер бар. Бұл өнімдер біздің өз ішімізде жеткілікті дәре­жеде өндірі­леді. Сондықтан ішкі рыноктағы бағаға әсері болмауы тиіс. Ал баж салығы шәй, тропи­ка­лық май секілді үшінші топқа жат­қызылған өнімдерге төмендетілетін болады. Себебі, бұл өнімдер Кеден­дік одаққа біріккен мемлекеттерде өндірілмейді. Сондықтан олардың сырттан келуін ынталандыру қажет. Түптеп келгенде осының барлығы халықтың, тұтынушылардың мүд­десін қорғау мақсатында жасалуда. Азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттамайтындығының тағы бір кепілі Қазақстан өткен күзде олар­дың көптеген түрлері бойынша мол өнім алды. Статистика агенттігінің алдын ала жасаған мәліметтері бой­ынша ауыл шаруашылығы өнім­дерінің 2009 жылғы жалпы мөлшері 1620,3 млрд. теңгені құрады. Бұл 2008 жылмен са­лыс­тырғанда 13,8 пайызға көп. Атал­мыш мәлімет соңғы 8 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Елімізде соның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көпте­ген түрлері бойынша ең жоғарғы түсім алынды. Алынған астықтың өң­делген кейінгі жиынтық салма­ғы­ның өзі 20 млн. тоннадан асты. 700 мың тонна­дан артық майлы дақылдар өнімдері жи­налды. Бұл да рекордтық көрсеткіш. 2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, мал шаруашы­лы­ғында былтырғы жылдың осы мер­зімімен салыстырғанда ірі қара мал­дың саны 2,1 пайызға, қой мен еш­кі 3,7 пайызға, жылқы – 3,6, түйе – 4, құс саны 9,3 пайызға өсті. Тамақ өнімдерінің өндірісі 2009 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары­ның аралығында 721,9 млрд. тең­гені құрады. Бұл былтырғы жылмен шамалас көрсеткіш болып табылады. Сөйтіп, еліміздің ауыл шаруа­шы­лығы мол өнімге, жақсы табыс­тарға қол жет­кізіп отыр. Демек алаңдауға негіз жоқ. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.