17 Желтоқсан, 2016

Қуатты әскер – Отанымыздың қалқаны

247 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
9999Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай біз елімізде орын алған тарихи мәні зор көптеген оқиғалардың куәгері және олардың тікелей қатысушысы болғанымызды айқын сезінеміз. Жуырда ғана ел Парламенті жиырма бес жылдағы жетістік­терімізді айшықтайтын тарихи құжат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияны қабыл­дады. Онда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз­дігімізді нығайтудағы, қазақстан­дық мем­лекеттігімізді қалып­тастыру­дағы негіз қалаушы рөлі айқын көр­сеті­ліп, халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру ар­ма­ны­ның жүзеге асқаны баян­далды. Отанға деген сүйіспеншілік пен өз елі үшін мақтаныш сезі­мін оятатын Декларация халқы­мыздың қол жеткізген табыс­тарын нығайтып, оны одан әрі өр­кендетуге ынта беретін лайық­ты үлгі болып, өскелең ұрпақ үшін зор тәрбиелік мәні бар мақ­сат­тарға қызмет ететініне кәміл сенемін. Тұңғыш Президент өзінің ал­ғашқы Жарлықтарының бірімен Семей ядролық сынақ полигонын жауып, еліміз жойқын күші бар ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Семей полигонының жабылуымен ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық процестің жаңа кезеңі басталды. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Елбасының және Қазақстанның осы саладағы күш-жігері мен табан­ды бастамаларын құрмет тұта­­д­ы. Ұйымның шешімімен бар­ша адамзат 29 тамызды Ядро­лық сынақ­тарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні ретінде атап өтуде. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дары мемлекеттік шекара­мызды бекіту ісі аса үлкен стра­тегиялық маңызға ие болды. Елбасының кемеңгер саясатының арқ­асында бұл аса ауқымды жұмыс сәтті атқарылды. Қазақ­с­тан өзінің мемлекеттік шека­ра­сын заңды түрде ресімдеп, дели­митациялады, өз аумағының барлық ауқымы бойынша тату көршілік белдеуін қалыптас­тырды. Сайып келгенде, шекараны шегендеу – мемлекетіміздің сали­қалы халықаралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында жүзеге асқаны ақиқат. Бұл тәуел­сіздік жылдары ішінде ел тари­хындағы баға жетпес жетістік­теріміздің бірі болып табылады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы қарсаңында Елбасының бас­шылығымен отандық диплома­тия халықаралық саясаттағы ірі же­ңіске қол жеткізді. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ара­сында алғашқы болып Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүше­лігіне сайланды. Бүгінде Елбасымыз мемле­кетімізге, Қазақстан қоғамына  ауқымды стратегиялық міндеттер қойып отыр. Әлемнің озық 30 елінің қатарына енуді көздеген «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жос­парын табысты орындау бар­ша­мызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өткенге көз жіберсек, шын мә­нінде, дербес елдің саяси жү­йе­сін қалыптастыру, эконо­мика­ны қайта жаңғырту, әлеу­мет­тік бас­ым­дықтарды анықтау үшін ең ал­дымен сенімді әскери жүйе құрылуы қажет еді. Сол себепті азат­тық­тың ақ таңы атқан сәттен бас­тап, мемлекет шешкен аса ма­ңыз­­ды міндеттердің ішінде ел­­дің тәуелсіздігін, аумақтық тұтас­­­тығын, халқымыздың бей­біт және тыныш өмірін сенімді қор­­ғау­ға қабілетті армия құру про­­­бле­малары Елбасы – Қару­­лы Күш­тердің Жоғарғы Бас қол­­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше қамқор­лығында болды. 1992 жылғы 7 мамырда Елба­сы­­мыз «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қой­­ды. 1993 жылғы 11 ақпанда мем­ле­кеті­міздің алғашқы әскери доктринасы қабылданды. Осы­лайша Тәуелсіз Қазақстанда қорғаныс саласының алғашқы құқықтық негізі қаланды. Дәп сол кезеңде әскери салада тез арада шешілуі тиіс түйткілді мәселелер жетіп-артылатын. Әс­кер­лерімізді ыдыраған КСРО құрамынан алып, Қазақстанның заңды құзыретіне көшіру жағ­дайында қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құ­ралдар мен базалардың сақ­талуын қамтамасыз ету міндеті өткір мәселе күйінде тұрды. Бұл ретте әскерлердің жауынгерлік дең­гейін төмендетуге де жол бер­меу керек болды. Дербес әс­кери құрылыс тәжірибеміздің бол­мауына, өтпелі кезеңнің қиын­дық­тарына қарамастан, Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей басшы­лы­ғымен біз қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерімізді құра алдық. Ол тәуелсіздік жылнамасына жазыл­ған тарихи ақиқат. «Кадр бәрін шешеді» демекші, ең алдымен, жедел қимылдайтын әрі жауынгерлік дайындығы мықты сарбаздарды даярлауға көңіл бөлдік. Қарулы Күштер беделін төмендетіп алмау мәселесі де ұдайы назарда болды. Ол үшін сол кезеңнен күні бүгінге дейін қазақстандық әскерилер өздерінің жауынгерлік шеберлігін тұрақты түрде шыңдап келеді. Осы ретте, Елбасының Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымына қатысу­шы мемлекеттердің жылдам әре­кет ету күштерін құру баста­масы айрықша серпіліс бергенін айтып өткім келеді. Заманауи қару-жарағы бар кез келген қару­лы қақтығыстың алдын алуға немесе тойтарыс беруге қауқарлы күштің қажет екенін, бүгінгідей дүрбелеңге толы кезең айқын дәлелдеп отыр. Төл Қарулы Күштерімізге қа­жет мамандарды даярлау және олардың кәсіби шеберлігін шың­дау мен әлеуметтік түйткіл­дерін шешу мәселелерін Жоғарғы Бас қолбасшы әрдайым жіті назарда ұстап келеді. Елбасы тапсырмаларына сәйкес, әскери қызметкерлерді тұрғын үймен, еңбекақы және зейнетақымен қам­тамасыз ету мәселелері рет-ретімен шешімін тауып, заңна­ма­лық тұрғыдан бекітілуде. Бүгінгі таңда, қорғаныс сала­сына қажетті мамандар өз елімізде даярлануда, оған толық жағдай жасалды. Әскери білім беру жүйесіне енген жоғары әскери оқу орындары заман талабына сай бағдарлама бойынша білім беруде. Сонымен қатар, көптеген екіжақты келісімдер негізінде Ресей, АҚШ және Еуропаның жетекші елдерінің әскери білім ошақтарында дәріс алып жатқан мамандарымыз да бар. Бір сөзбен айтқанда, кадр даярлау мәселесі де ойдағыдай жүзеге асуда. Менің пікірімше, Қарулы Күш­терімізді әскери-техникалық құралдармен жарақтандыру мәсе­лесіне баса назар аудару қажет. Ең алдымен, әскерлердің иелігіндегі қару-жарақ пен әскери техниканы ақаусыз ұстап тұру болса, екінші кезекте, ұрыс алаңын­да қарулы қақтығысқа мей­лін­ше оң септігін тигізетін тех­ника мен қару-жа­рақты сатып алу керек. Үшінші кезеңде, негізгі әскер түрлеріне арналған қаруды толықтай қайта алмастыру өзекті. Бұдан басқа, ақпараттық технологиялардың алар орны ерекше. Тиісінше, осы салаға және байланысты барынша жетілдіруге де ден қоятын уақыт жетті. Жалпы алғанда, қолда бар жауынгерлік техника паркіндегі үлгілерді жаңарту мен жаңғырту мүмкіндіктерін қарастыру және отандық қорғаныс-өнеркәсіп­тік кешенді дамытуға күш салу керек. Бұл тұрғыда Елбасының шешімімен жуырда құрылған жаңа Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы мәсе­ле­лердің оңтайлы шешілуіне қыз­мет ететініне сенімдімін. Бұл орай­да, Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә. Назарбаев: «Басқа мемлекеттер сияқты Қазақстан да өзінің қорғанысқа қабілеттілігін нығайтуды бүкілхалықтық іс және мемлекеттің ең басты мұ­рат­тарының бірі деп санайды. Біз­дің басты мақсатымыз – Қазақстан­ның егемендігі мен аумақтық тұтас­ты­ғын қорғау», – деді. Демек, ойым­ды қорытындылар болсам, Мәң­гілік Ел болу жолындағы ұлы міндеттерді орындау үшін қорғанысымыз нық, әскеріміз айбынды бола бергені жөн. Мұхтар АЛТЫНБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты, Халық Қаһарманы