18 Желтоқсан, 2016

Батыс Қазақстанда «Ақжайық саздары» атты жаңа кітап жарық көрді

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

18-12-16-oral

Оралда белгілі дирижер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетовтің «Ақжайық саздары» атты жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жарық көрген кітапта Қазақстан композиторларының Ақ Жайық өңіріне арналған туындылары топтастырылған. Еркін Нұрымбетовтің қазақ халық аспаптар оркестріне лайықтап, өңдеп түсірген бұл партитуралар жинағын музыкалық оқу орындарының оқытушылары мен шәкірттері, кәсіби дирижерлар мен оркестр жетекшілері оқу құралы ретінде пайдалана алады. Оған қоса CD-дискілерге Ақ Жайық пен әсем Оралға арналған ән-күйлер жазылған.   Жинақ атақты композитор, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Илья Жақановтың Еркін Нұрымбетов туралы жазған «Дирижер әуезінің палитрасы» атты лирикалық эссесімен ашылған. Кітапқа Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Илья Жақанов, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, Әшір Молдағайынов, Ескендір Хасанғалиев сынды танымал композиторлардың әндері партитуталарымен, авторларының өмірбаяндарымен қоса берілген. «Бұл кітапты тәуелсіздіктің торқалы тойына арнадым. Ондағы шығармалардың бәрі де отаншылдық рухта жазылған, туған жер, атамекенді дәріптеп, қастерлеуге жетелейді», – дейді Еркін Нұрымбетов. Айта кетейік, Қызылорда қаласында 1973 жылы туған Еркін Нұрымбетов - Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. 1992-2001 жылдары Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамында қызмет етіп, тәжірибе жинақтады. 2001 жылдан Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында еңбек етіп келеді. 2011 жылдан бері Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры. Дирижер және композитор ретінде көптеген республикалық байқаулардың лауреаты. Жуырда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталды.