19 Желтоқсан, 2016

Алғашқы Олимпиадаға дайындық басталды

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Естеріңізде болса, биылғы жылдың тамыз айында 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының санатына Каратэ-до «WKF» шығыс жекпе-жегі енгізілген болатын. Көптен күттіріп қабылданған осындай шешім мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанада «Үздік каратэ» атты семинарлар сериясы ұйымдастырылды. Айтулы шараның басты қонағы ретінде КСРО-ның спорт шебері, қара белбеу иегері, WKF каратэ-до- дан Ресей құрамасының бас бапкері Олег Цой қатысты. М.Өтемісұлы атындағы жиында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану ережелері көрсетіліп, мектеп оқушыларынан белбеу санаты бойынша аттестация қабылданды. Каратэ-до «WKF» және дәстүрлі жекпе-жек түрлері федерациясының мұрындық болуымен өткен семинарда Токио Олимпиадасына үкілеп алып баратын спортшыларды дайындау мен аталған спорт түрін ел ішінде кеңіненнасихаттау жайы да талқыланды. Орайы келгенде Каратэ-до «WKF» және дәстүрлі жекпе-жек түрлері федерациясының президенті Мейрамгүл Дукуева бірқатар мақсат, міндеттермен бөлісті. «Бүгінгі таңда Астанада спорттың осы түрімен айналысатындар саны 600-ге жуықтайды. Олардың ішінде жоғары жетістіктерді бағындырғандары да аз емес. Әсіресе, ағайынды Қабдуллаевтардың болашағынан зор үміт күтеміз. Мәселен, біз жақында ғана Индонезияда өткен Азия чемпионатында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Онда ағайынды Қабдуллаевтар «като», «кумитэ» бағдарламасы бойынша өнер көрсетіп, үшінші орын иеленді. Бұдан басқа тағы екі жеткіншегіміз жоғары балл жинай алды. Енді оларды дамыту үшін тәжірибе жинақтап, шеберлігімізді шыңдауымыз қажет. Бүгінгідейжиынды ұйымдастырудағы мақсатымыздың негізгі мәнісі осы», деді М.Дукуева. Айта кетейік, осы кезге дейін Әлем чемпионы атанған Әлішер Қабдуллаев Қазақстанның екі дүркін чемпионы және мектеп оқушылары арасынан шәкірт тәрбиелейтін өнегелі ұстаз. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»