20 Желтоқсан, 2016

Қуатты Қазақстан – баянды болашақ

594 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

snimok-1Дәуір шындығын айтып берді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі елге биік рух сыйлады. Бұл аз мерзімде көп іс тындырылған, сонысымен де бір халықтың басынан өткен тұтас дәуірдің жүгін арқалаған уақыт еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерекеге орай өткен салтанатты жиналыста сөйлеген сөзін теледидардан мұқият тыңдадым. Нұрсұлтан Әбішұлы осы уақыт ішінде тындырылған жұмыстарға, тәуелсіз еліміздің қаншалықты өскеніне, әлемге танылғанына шолу жасай отырып, талдап, нақтылап айтып берді. Барлығы да уақыт шындығы. Әдетте, шыныны сындыру оңай, оны жинау қиын, үйді де құлату оңай, қайта тұрғызу қиын. Өткен ғасырдың аяқ кезінде дүниедегі алпауыттардың бірі Кеңестер Одағының тарауы осы пәлсапаны еске салады. Қалай дегенмен де, әбден қалыптасып, он бес республиканың экономикасы өрмектің жібіндей байланысып қалып еді ғой. Қазақстан негізінен шикізат шылауы болғаны белгілі, ет пен уылдырықты, астықты өз аузымыздан жырып, Мәскеу асырып отырдық. 90-жылдары тәуелсіздіктің келуімен бірге елдің басына түскен ауыртпалық оңай емес еді. Елбасы айтқандай, экономиканың «жабайы капитализмге» бет бұрып бара жатқаны да шындық еді. Өзіміз оның куәгеріміз. Ауыл шаруашылығының аса қиын жағдайда қалғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Міне, сол кезде Елбасы ұстанған экономикалық саясат көп нәрсені қалпына келтіруге мүмкіндік туғызды. Жер-Ана күтіп, баптағанды сүйеді. Ауыл шаруашылығында күтімсіз қалған жерлерді қалпына келтірдік, мұнда үздік техника, озық технология болмаса бүгінгідей табыстарға жете алмас едік. Мемлекеттік түрлі бағдарламалар бойынша экономиканың осы саласын көтере білдік. Қазір жаңа үлгідегі мал бордақылау алаңдарын, диірмендерді, ет комбинаттарын көргенде шүкіршілік етесің. Сала әлде де даму үстінде. «Біздің бизнесмендерімізде оларға бастапқы капитал бөлетін миллионер әкелері болған жоқ. Реформаларға құндылықтарды нақты адамдар берді, олар еңбектерімен өздерінің және еліміздің болашағын құрды деп мен әркез айтып келемін», деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі нақ өмірден алынған шындық. Біздің ұрпақ нарықтық экономиканы қалыптастыруға көп еңбек сіңірді, оның қиындықтарына қарсы тұра білді. Уақыттың заңымен ауыл шаруашылығына қазір жаңа буын мамандар, бизнес өкілдері келе бастады. Олар біздің қолымыздан шаруашылықты алып, оны жаңаша дамытуға кірісті. Қазір ауылшаруашылық өнімін өңдеу өнеркәсібі жоғары серпінмен дамып келеді. Оның үстіне осы салада бұрын егілмеген, білмеген өнім түрлері өндіріле бастады. Қазір Қостанай облысында өңдеу өнеркәсібі шикізат өндіруді басып озды. Бұл, әрине, даму қуанышы. Елбасы сөзінде: «Яғни, 25 жылдың 17 жылы – тұрақты экономикалық өсім», деп атап көрсетті. Экономика дамыған соң, соған сәйкес әлеуметтік сала да жақсарды. Ол өңірлердің өмірінен де жақсы байқалады. Қазір қостанайлықтар үшін демалатын, спортпен айналысатын орындар жетерлік, ал дүкендерде іздегеніңнің барлығы бар. Салған үйлердің сән-сәулетінің өзі ғажайып емес пе? Осының барлығы да Тәуелсіздіктің арқасында, еліміздің азаттығының арқасында мүмкін болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, өте білімді саясатының ар­қа­с­ын­да Қазақстанды төрткүл дүние танып отыр. Танып қана емес, мойындап отыр. Ең бастысы, елімізде бірлік-береке бар. Бала­лары­мыздың ұйқысы тыныш, алдағы күнге сенімі зор. Енді­гі мақсат сол жас ұрпақтың, немерелеріміздің тәрбиесін жақ­сарта түсу керек. Ол Қазақстанды Отаным дейтін, ортақ үйіміз­дің ертеңін ойлаған баршаның қасиетті міндеті болуы тиіс. Тәуел­сіздік жылдары жас ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөлін­ді. Жаңа мектептердің, Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашы­луы, «Болашақ» бағдарламасы осының дәлелі. Тәуелсіздіктің тұғы­рын болашақ ұрпақ нықтай түсетін болады. Мәңгілік Елдің иесі – солар! Сайран БҰҚАНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері ҚОСТАНАЙ

Тәуелсіздіктің тұғыры беки түсуде

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерей­тойын барша қазақстандықтар сияқты мен де асыға күттім. Себебі, бұл ата-бабалары­мыз сан ғасыр арман­даған қасиет­ті де қадірлі ұғым, халқы­мыз­дың ұлық мерекесі. Бұл күн – ел жадында айрықша айшығы­мен қалатын тарихи сәт. Сондық­тан да Астанадағы Тәуелсіздіктің 25 жыл­­дығына арналған салтанатты жиын­­ның теледидардан берілу сәтін өткізіп алмауға тырыстым. Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сал­танатта сөй­ле­ген сөзін мұқият тыңда­дым. Шыны керек, Елбасы егемендік алған­нан бергі қол жеткен табыс­тарымызды деректермен дәйектей баяндап, қыруар істердің жүзеге асқа­нын тағы бір мәрте жады­мызда жаңғыртты. Біз кейде шапқан ат­тай шапшаң уақыттың ағымымен істелген іргелі істердің астарына бойлай бермейтініміз бар. Ал мұндай серпінді дамудың елімізді әлемге танытқанына назар аударсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, сара жолының о бастан-ақ дұрыс бағыт алғанына көзің жетеді. Қазақстанды әлем таныды, дамы­ған мемлекеттер мойындады. Сая­сатта да, экономикалық дамуда да қазақстандық жолдың ізі сай­рап жатыр. Бір сәт өткенге ой жүгіртсең, еліміздегі ілгерілеудің қаншалықты қарқынды болғанын аңғару қиын емес. Осы кезеңде қазақстандықтардың табысы 40 есеге, жалпы ішкі өнім 20 есеге өскен. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған шақырым темір жол, қатты жамылғылы жол салынды. Батыс пен шығыс, орталық пен оңтүстікке барыс-келіс анағұрлым жеңілдей түсті. Қаншама әлемдік озық технологияға негізделген кәсіпорындар бой көтерді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықта өз орнын ойып тұрып алды. Шыны керек, елімізде әлеуметтік салада да тың табыстарға қол жеткізілді. Мұны Ел­ба­сының өзі айрықша атап өтті. Бұрын-соңды болып көрмеген жүрек, бүйрек, бауыр сияқты адам ағзаларын өзімізде ауыстыру қалыптасты. Елімізде адамдардың өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жетті, ана өлімі 5, бала өлімі 3 есеге азайған. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінде Қазақстан жасанды жүрек орнату жағынан әлем бойынша Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орынға шыққанын атап өтті. Мұндай табыс тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасында келіп отыр, әрине. – Еліміздің медицинасын әлемдік деңгейге көтерген екі дәрігер бар. Олар – Юрий Пя және Серік Ақшолақов. Екеуі де күрделі зерттеулер жасап, тың жаңалықтар әкелді. Отандық медицинаны әлемге танытты. Олардың біреуі кеше ғана қиын бір операция жасап, бала мен оның анасын құтқарып қалды. Сондықтан екеуіне де Еңбек Ері атағын бергенім дұрыс болды деп санаймын, – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Осы екі дәрігердің бірі Серік Ақшолақовтың біздің өңірдің түлегі екенін ескерсек, көңілді мақтаныш сезімі билейді. Шыны керек, өңір медицинасында да ілгерілеу баршылық. Тәуелсіздік жылдары 31,5 миллиард теңге тұратын 127 меди­циналық нысан салынды, 3,5 мил­лиард теңгеге 173 нысан күрделі жөндеуден өтті. Таяу жылдары облыста медпунктсіз елді мекен болмайды. Мамандарымыз да ешкімнен кем емес. Өңірлік медициналық кластер құру қолға алынды. Медициналық туризмді дамытуға бағыт ұсталуда. Облыста 14 бүйрек, 5 бауыр ауыстыру операциясы жүзеге асырылды. Бұл аз табыс емес. Міне, осының барлығы Тәуелсіздіктің нәтижесінде, Елбасы Н.Назарбаевтың сали­қалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Тәуелсіздік пен Мемлекет басшысы – егіз ұғым. Жас мемлекетіміздің тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанды аяғынан тік тұрғызып қана қоймай, дамыған елдердің қатарына алып шыққанын әлем мойындап отыр. Олай болса, тәуелсіздікпен түлеген еліміздің ертеңі бұдан да еңселі болатынына сенім мол. Оны Елбасының болашаққа жасаған бағдарламаларының өзі айқындай түседі. Қашанда сөзі мен ісі үйлесім табатын Мем­лекет басшысының бұл бағыттағы ой-жоспарлары халықтың көкейінен шығуда. Мұны әркім өзінің күнделікті тіршілігінен, тұрмысының жақсаруынан да аңғаруда.  Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы  

Білім – болашаққа құйылған инвестиция

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесіне арналған салтанатты жиында көптің көкейіне қонатын сөз айтты. Алыстан тол­ғады. Өткенді қорытындылады. Бола­шаққа бағдар жасады. Әлбетте, 25 жыл – тарихтың өлшемімен қарағанда аса көп уақыт емес. Бірақ осы аз уақытта аса мазмұнды істерді атқару, ел игілігін еселеу ерекше қабілет пен қамқорлықты қажет ететіні рас. Бабаларымызға арман болған Тәуелсіздікке қол жеткізу бір бақыт болса, оны ұстап тұру, нығайту өте үлкен жауапкершілік. Осы жылдарда еліміз Елбасының тарихи көшбасшылығымен етек-жеңін жинап қана қойған жоқ, ертеңін ойлап, алыс болашаққа көз тікті. Барлық салада нақты қадамдар жасалды. Елдің экономикалық жаңғыруы, қоғамдық қатынастардың жаңа жүйеге көшуі жүзеге асты. Әрине, жоғалтқанымыздан тапқанымыз көп. Тәуелсіздік табыстарын Президент Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиындағы сөзінде атап өтті. Соның бірі білім берудің қазақстандық моделінің қалыптасуы деуге болады. «Білім – ер азығы, ер – ел қазығы» деген ежелден келе жатқан қағида бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлігі жарасқан елдің болашағы білімде екенін ерте бағамдап, еліміздің өскелең буынын заман талабына сай біліммен қанаттандыруды ойлады. Нәтижесінде, еліміздің түкпір-түкпірінде 1 жарым мыңға жуық жаңа мектеп бой көтерді. Барлық өңірлерде зияткерлік мектептер ашылды. Астанада әлемдік жоғары деңгейдегі Назарбаев Университет құрылып, шетелдік үздік оқу орындарымен бәсекеге түсе алатын жаңа халықаралық білім ордасына айналды. Бүгінде бұл университет өзінің алғашқы мамандар легін даярлап шығарды. Ал «Болашақ» бағдарламасының тиімділігі орасан. Осы жылдарда аталған президенттік стипендиямен 12 мың жас шетелдердің ең үздік те беделді оқу орындарында білім алды. Бұл – біздің болашағымызға құйылған инвестиция. Биыл С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өткізілді. Мұның бәрі біздің жас буынның ой-санасында «Тәуелсіз Қазақстан» атты қастерлі ұғымның қалыптасуына, ел мен жер алдындағы азаматтық борышы сапалы білім алудан басталатындығына көз жеткізу­ге бағытталды. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің төл буыны саналатын бүгінгі ұрпақ еліміздің ертеңіне сеніммен қадам басып келеді.  Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор ӨСКЕМЕН  

Келешекке сенім мол

Мемлекетіміз егемендіктің екінші жиырма бес жылдығына қадам басты. Жүріп өткен 25 жыл толайым табыстарға, жарқын жетістіктерге толы болды. Ол ақиқатпен күнделікті тірлігімізде бетпе-бет келіп жүрсек те, мере­кеге арналған салтанатты жиында Елбасы сөзінен тереңірек ұғынып, қаныға түстік. Мемлекет басшысы қиын кездерде қолдау көрсетіп, жаны­нан табылған Қазақстан халқына, оның батысы мен шығысының, оңтүстігі мен солтүс­тігінің тұрғындарына арнайы риза­шылығын білдірді. Елбасының бастамасымен қазір біздің қоғамымызда, біздің елімізде «Мәңгілік Ел» болу мәселесі айтылуда. «Мәңгіліктің» және «Ел болудың» әңгімесін тек өзіне-өзі сенімді, қадамы нық, кешегісі мен бүгініне көңілі марқайған, ертеңіне жігерлене қарайтын ел ғана айта алады. Көне тарихтан тартылған тіні мен діңі мықты халқымыздың болашағы да баянды болары анық. Баяндамада 25 жыл ішінде қазақ­стандықтар қол жеткізген жеті басым жетістік сараланды. Экономикалық жетістіктер, тұрғындар әл-ауқатының жақсаруы, шекараның шегенделуі, жастарымыздың әлемнің алыс түкпірлеріндегі аты аңызға айналған іргелі оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндік туғызған «Болашақ» бағдарламасы,  еліміздің жасанды жүрек орнатудан әлемде Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында болуы – мұның бәрі 25 жыл бұрын жақын арада орындалуы неғайбыл болған армандар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында орын алған эко­номикалық қиындықтарға байланысты және өз атажұртына көшіп кетушілердің орнын әр қиырдан сағына жеткен қазақ қандастардың көші еселеп толтырды. Көшіп келушілермен бірге дүниеге келген сәбилер есебінен халқымыздың саны артып, қатарымыз көбейді. 25 жыл бұрын 340 мың халыққа мекен болған Маңғыстауда бүгінде халық саны екі еселеніп, 640 мыңға жетті. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңадан мектеп, балабақша, ауруханалар мен тұрғын үйлер салынды, қала қанатын жайды, елдің тынысы кеңейді. 2017 жылдан бастап зейнетақы мен жәр­дем­ақының көбейетіндігі ел ахуалының жақ­сарғандығының, береке-несібенің мол екендігінің белгісі. Санаулы жылдар ішінде әлем ел­деріне экономикалық ғажайыптарымен, ұлағатты ұстанымдарымен және өміршең идеяларымен таныла алған Қазақстанның болашағы зор. Елбасының бағыты мен бастамалары мемлекетімізді біртұтас қалпында алыс болашақтарға бастай береді деп сенеміз. Мәнет ШЫРАҚБАЙ, «Жауқазын» балабақшасының директоры, «Түпқараған» аудандық мәслихатының депутаты Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы  

Егемендік – ең қымбат қазынамыз

Тәуелсіздікті талай ел, талай ха­лық аңсады. Ұлан-ғайыр даламызды бүгін­гі ұрпағына аманаттаған біздің баба­лары­мыздың да басты арманы біреу еді. Ол –тәуелсіздік! Сол бабаларымыздың аңсарына бүгінгі ұрпағы қол жеткізді. Сөйтіп, Қазақ хандығынан бастау алатын шежірелі тарихымыз тәуелсіздіктің шежіресімен толықты. Иә, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Халқымыз сан тарау жолдан өтті. Қилы-қилы кезеңді бастан кешірді. Тәубе делік, небір қиындықтарда еңсесі түспеген, жігері мұқал­маған халқымыздың бағы жанып, ғасырлар тоғы­сын­дағы тоғызыншы онжылдықтың бастауында дербес ел атандық. Бұл – Қазақ елі үшін қастер тұтатын ең қымбат қазына еді. Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста еліміздің алдында асқар-асқар асулар мен бел-белестерді бағындыру міндеті тұрды. Ұлттық экономика тұралап жатты, ірі кәсіп­орындар бірінен кейін бірі банкроттық қамытын киді. Жұмыс­шылар жалақыларын айлап күтті. Тіпті, зейнетақы мен жәрдемақылар да уақытында беріле қоймады. Осының бәрі елдің мақсат-мүддесіне қызмет етуді, ұлттық экономиканың сан-саласын қоса өркендетуді көздеген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Дәл қазір тәуелсіздіктің елең-алаңында кезіккен қиын­дық­тар көрген түстей артта қалды. «1991 жылы жағдай мүлдем басқаша еді. Алдымызда қатаң дилемма тұрды: «Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?» – деген. Еліміз «жабайы капитализмге» қарай бет алып бара жатты. Әкімшіл-әміршіл экономиканың коллапсы миллиондаған адамды өмір сүру мүмкіндігінен айырды. Түрлі сарапшысымақтар мен саясатшы­сымақтардың дауыстары жан-жағымыздан тез ыдырайтынымыз бен азамат соғысы туралы айтып, қорқытып-үркітумен болды...» деп орынды еске алды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатта. Қазақ елінің қуанышына орай, біз еліміздің тәуелсіздігіне күмәнмен қарап, болашағымызды бұлыңғыр еткісі келген теріс пиғылды сәуегейшілер мен саясаткерлер ойлағандай, бордай тозған жоқпыз. Олар қатты қателесті. Өйткені, сол тұста біздің алдымызда Елбасының «Қазақстан-2030» Стратегиясында айшықты көрініс тапқан үш мақсат тұр еді. Өзге елдер үшін алынбас асудай, бағынбас биіктей көрінген үш мақсаттың біріншісі – мемлекеттің негізін қалау және нарықтық экономикаға көшу. Екіншісі – әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау. Үшіншісі – қоғамдық сананы өзгерту. Міне, осы мақсаттарды іске асыру үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпвекторлы саясат ұстанып, Қазақстанды әлемге таныта алды. Әлемдік өркениеттің бел ортасынан лайықты орнымызды еншіледік. Экономикамыз қарқынды өркендеді. Шет ел инвесторлары экономикамызға инвестиция салуға қызығушылық танытты. Бұрын өңіміз түгілі түсімізге кірмеген жаңа өнімдер өндіріле бастады. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы нығайды. Ілім-білімге құштар жастарымыз әлемнің ең таңдаулы университеттерінен білім алып, шетелдіктермен бәсекелесе алатын қабілетті мамандар шоғыры қалыптасты. Өз еліміздің білікті дәрігерлері ең күрделі оталарды жасай алатын болды. Осылайша, шекарамыз – берік, бірлігіміз – мығым, экономикамыз – қуатты, халқымыз – бақуатты елге айналдық. Бұл – ең қастерлі қазынамыз Тәуелсіздіктің, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі! Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік  университетінің гуманитарлық ғылымдар және шет ел тілдері факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор. АТЫРАУ

Ел мерейі үстем

Тәуелсіздігіміздің жер жүзіне жа­рия­ланып, Көк туымыздың желбіре­ген күні барша қазақстандық­тар үшін еш ұмытылмайтын ең мерейлі сәт. Ел­ба­сы Н.Назарбаев Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Ұлы Даладағы санғасырлық тарихтың жаңа дәуіріне сипат­тама беріп, алыс болашақтарға сенім­­мен көз тіккен тұғыры мықты, мәр­тебесі биік Қазақстанға қалтқысыз қыз­мет етуден асқан бақыт жоқ екендігін атап көрсетті. Осы кезең ішінде қол жеткен табыс­тарымыз бен жетістіктерімізді республика тұрғын­дарының жалпыға ортақ салтанатына, уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігіне бағалады. Ата-бабаларымыз аңсап өткен, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген азаттығымыздың айшықты айғағы Тәуел­сіздік екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Әміршіл-әкімшіл басқарудың құрсауынан құтылып, төрткүл дүние танитын гүлденген, қуатты мемлекетке ай­налуымыздың арқасында өркениетті отыз елдің қатарына жету мүмкіндіктеріне кең жол ашылып отыр. «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы өскелең ұрпақ бойына қазақстандық патриотизм қасиеттерін ұялату – қастерлі парызымыз. Президент айтып өткен Отанымыздың 25 жылдық мерейтойы мен беделді, халықаралық сарапшылар берген тәуелсіздіктің жеті теңдессіз табыстары бәрімізді қанаттандырады. Ертеңгі күнге деген берік сенімді қалыптастырады. Еңсемізді көтеріп, абыройымызды арттырады. Еліміздің егемендігі – баршамыз үшін басты да қа­сиетті құндылық. Тәуелсіздіктің әр сәтімен баян­ды болашаққа құлаш ұрған еліміздің өркен­деуі­не ерке Есілдің жағасында қанат жайған, үш ға­сыр­ға жуық уақыттың сырын бауырына бас­қан Қызыл­жар өңірі де өз үлесін қосып келе жат­­­қа­­нын Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсетті. Аймағы әрлі, топырағы нәрлі алтын дән даласы – Сол­түстік Қазақстан облысы еңбеккерлерінің қажыр-қайратына орынды баға берілді. Егемендік алғаннан бері экономиканың тиімді моделі жаса­лып, екінші индустриялық бесжылдық жүзеге асы­ры­луда. Заманауи деңгейде жұмыс істейтін өн­діріс орындары пайда болды. Облысымыздың орта­лығы – Петропавл қаласының әлеуметтік-эко­но­микалық, мәдени дамуын, тұрғындардың тұр­мысын жақсарту бағытында кешенді шаралар ат­қары­лып келеді. Биыл тауар өндірісінің көлемі 47 мил­лиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартыл­ған ин­вестиция 14,1 миллиард теңгені құра­ды. Өнеркәсіп кәсіпорындары 58,1 миллиард теңге­нің өнімдерін өндіріп, өңдеу саласының үлесі 61 пайыз болды. Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 1164 жаңа жұмыс орындары құрылды. 2,6 миллиард теңгенің 6 жобасы іске қосылды. Жайлылығы жоғары «Green Which Hotel» мейманхана кешені пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына жарты миллиард теңге жұмсалды. 77,1 мың шаршы метр 11 тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұның бәрі еліміздің егемендігінің, жас мемлекетімізді биіктерге бастап келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі екені даусыз. Бүгінде әлемдік қарусыздану ісінің тізгінін ұстаған көшбасшы халық, алыс болашаққа көз тіккен мерейлі мемлекет екенімізді әлемдік қоғамдастық бірауыздан мойындап отыр.  Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ,  Петропавл қаласының әкімі Солтүстік Қазақстан облысы  

Жетісулықтарды жігерлендірді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біз әлемде бейбітшілік пен келісімнің ғаламат моделін құрғанымызды баса айтты. Ассамблея аясында бар­лық этнос өкілдерінің басын қосқаны­мыз, бүгінде ынтымағы жарасып, ырысы тасыған мемлекетіміз өзгелерге үлгі-өнеге болып отырғаны паш етілді. Соның жар­қын дәлелін еліміздегі ең ірі мегополис Алматы қаласының іргесінде орналасқан Іле ауданынан көруге болады. Құдайға шүкір, жағрафиялық орналасу ыңғайлылығына орай тіршілігі қайнап жатқан өңірде ұлттар бірлігі басты құндылыққа айналған. Мемлекет басшысының баяндамасын мұқият тыңдап отырып көкейіме бір түйгенім, ел экономикасының өркендеуі қара алтын құндылығында болып отыр. Қашаған кен орны туралы Елбасы өте жақсы айтып өтті. Бұл құндылық біздің де мерейімізді өсіргенін жасырмаймыз. Қайта қуанамыз. Мемлекет басшысы тарапынан айтылған тағы бір жағымды жаңалық, зейнетақы мен бала туылғанда бері­летін бір реттік жәрдемақының 20 па­йызға өсетіндігі болды. Бұл жаңалық лез­де ауылдан ауылға жетіп, Тәуелсіздік мерекесін әрлендірді. Астанадағы айтулы жиыннан қандай да тосын сый күткен ел разы. Елбасына алғыстарын ағытуда. Бұл қаражат ауыл халқы үшін көптеген мәселе түйінін шешумен қатар рухтандырып, алдағы уақытта жетер жетістіктерге деген сенімдерін арттыра түсті. Ең бастысы, көңілдер кілті табылды десек те болады. Рас, ауданымыз әлеуметтік-экономикалық жағынан жақсы жетістіктерге жетуде. Таяуда ғана Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде 7 балабақша ашылып, 50 жас отбасына пәтер кілттері берілген еді. Елбасының қанатты сөзі сол қуаныштарды толықтыра түсті десек артық айтқандық емес. Ерболат ТҰРЫМБЕТОВ, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алматы облысы  

Халықпен кеңескеннен кем болмаймыз

Тәуелсіздігінің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ал­ған ширек ғасыр уақыт ішінде еліміздің экономикасы ширап, саяси тұрғыда шымырлана түстік. Бір кездері КСРО-ның ешкім елеп-ескере қоймаған бір бөлшегі бүгінгі күнде әлемдік қауымдастыққа өзін­дік түр-тұлғасымен танылып, әйгілене бастаған айшықты елге айналды. Яғни, 25 жыл­дың ішінде Қазақстанымыз бекем бір­лігі, берекелі тірлігінің арқасында қа­рыш­­тап алға басты, өсіп-өркендеді. Иә, атам қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп тегін айтпаған. Жерімізді ме­кен еткен талай ұлт пен ұлыстың баласы бас бірік­тірмей, өзінің ғана жайын күйт­теп кетер болса, біз бүгінгідей заманда өмір сүрер ме едік, сүрмес пе едік?! Міне, Тұңғыш Президентіміздің халықтар бірлігі мен достығына арқа сүйей отырып, «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұтымды  ұс­танымы бұл күнде біздің елді осындай ұшпаққа шығарып отыр. Иә, ширек ғасырлық межені түйін­деген той да өз дәрежесінде өтті. Той­дан бізге тағылым қалды және келе­ше­­гі­мізді қайтсек бұдан да көркем ете­міз деген ой салды. Елбасы – Пр­е­зи­денті­міз Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің ме­рей­той қарсаңындағы сөзінде ел бо­ла­ша­ғына қатысты өзінің ой-пі­кі­рін біл­дірді. Жаңа мемлекетті құру мен ре­фор­­малардың сәтті іске асуына мық­ты пре­зи­дент­тік билік себеп болды. Оны Тәуел­сіз­дік тариxы ашық көр­сетті. Енді, мемлекет дамуының жаңа кезе­ңін­де Парламент пен Үкіметтің жауап­кер­шілігін күшейту мәселесін қарас­тыру қажет. Қазақстанда прези­дент­тік бас­қару формасы бұған дейін бол­ған, бо­л­ады да. Соның барлығы Ата Заңы­мызда көрсетілген. Біздің тари­xы­мыз да, салт-дәстүріміз  де соған сай ке­леді. Дегенмен, бүгінде Пре­зи­дент, Парламент пен Үкімет ара­сын­­­дағы өкілеттіліктерді үйлестіру мә­­­се­­­ле­сін қайта қарап шығатын уа­қыт кел­ді. Арнайы комиссия осыны жан-жақты зерделеп, тиісті ұсы­ныс­тарын жасауы тиіс. Заң­дар­ды өзгертеміз бе, бәл­кім Конс­титуцияға да өзге­ріс ен­гізу­ге тура келетін шығар, – деді Президент. Мен өзім біраз жылдар Қара­ғанды облыстық мәс­ли­хаты­ның хатшысы бо­лып қызмет істеген және «Қазақ­­стан мәслихаттары депу­тат­тарының бірлестігін» құрған адамның бірімін. Өмірлік тәжіри­беме сүйене отырып, Елбасы­ның бұл сөздерін қос қолдап қолдай­ты­ным­ды жеткізгім келеді. Иә, бүгінгі күн шынд­ығы тұрғысынан алып қара­ған­да, Пар­ламент пен Үкіметтің жауап­кер­ші­лі­гін күшейту мәселесі заман мен уақ­ыт­тың талабы. Егер жағдай осылай қалып­тасар болса, онда сәйкесінше, жергілікті мәслихаттардың да өкілеттігі күшейеді деген сөз. Менің ойымша, билік пен ха­лық арасындағы дәнекер тұлға – де­пу­тат­тар ел ісіне белсене араласар бол­са, көптеген түйінді мәселелер шеш­імін тез және нәтижелі түрде табар еді. 2007 жылы мәслихаттардың мәсе­лесі бойынша, Елбасының қабыл­дауын­да болдым. Сол кездесуде мен көп­теген мәселелерді көтерген едім. Мәсе­лен, жергілікті мәслихаттар рөлі­нің төмендеп, олар тек бюджетті бекі­ту­мен ғана айналысып жүргенін, обл­ыс­­тық мәс­лихат хатшыларының мар­дымсыз жалақы алатынын айттым. Осы және бас­қа да қордаланып қалған мәселелер төңі­регінде ашық түрде әңгіме қозғадым. Әсі­ресе, жергілікті округ­­тердің санын арт­тырып, депутат­тар­дың санын көбейту туралы ұсыны­сымды жеткіздім. Осыдан он жыл бұрын айтқан ой­ла­рым­­­ның Елбасы бүгінде көтеріп отыр­ған маңызды мәселемен өзектес жат­қа­­ны, менің болашақтағы мемлекет­тік ре­­фор­­ма­лардың жемісті боларына деген сені­­мім­ді күшейте түсті. Өйткені, халық­пен са­н­а­сып, кеңесе отырып жүргізілген шаруа­­­лар­дың біз тек шара­патын ғана көреміз.  Қасымбек МЕДИЕВ, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері ҚАРАҒАНДЫ  

Мақтаныш сезімін тудырады

«Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақ­тарымызға Отанымызды одан әрі іл­герілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ме­ре­­кесімен құттықтаған сал­танат­ты жиында осылай деп ағынан жарылды. Расында, осынау ширек ғасырда мемлекетімізде көптеген оң өзгерістер орын алды. Көпұлтты Қазақстан іргелі мемлекет болып қалыптасты. Елдің ертеңге деген сенімі артты. Болашаққа деген үміті ақталды. Халықтың тұрмыс жағ­дайы жақсарды. Мемлекеттік қыз­мет көрсетудің сапасы көтерілді. Жас Қазақ мемлекетін әлем таныды. Ұлт­тық идеология өз жемісін беріп, Қазақ­стандық патриотизм – қоғам дамуының даңғыл жолына түсті. Ұлтаралық қаты­нас өркен жайды. Достық пен тату­лық – мемлекет тірегіне айналып, діни сенім бостандығы орнықты. Еліміздің саяси-экономикалық же­тіс­тік­терінен бөлек, біз назар аудара бер­мей­тін бір мәселе бар. Ол – қоғамның өзгер­гені. Жаңа ұрпақтың ержеткені. Сана­ның өзгергені. Бұл – тәуелсіздік жыл­дарының ең үлкен жемісі. Жаңа көз­қарастағы, белсенді жастар тәуелсіз Қазақ­станның ең қымбат қазынасы. Осы жастар елімізді дамудың келесі кезеңіне алып шығатындығына кәміл сенеміз. Заман ағымын түйсінген, ғылым мен техниканың прогресінен кеш қалмайтын халық қана ХХІ ғасырда бәсекелестікке төтеп бере алады. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғы­лым іздеген, жалықпай техника меңгер­ген адам озады. Осы орайда әлеуметтік сая­саттағы мемлекеттің басым­дығы адам капиталын дамы­туды жалғастыру мақ­сатында 2017 жылы баста­латын «Барша үшін тегін кәсіп­тік-техникалық бі­лім» жа­ңа жобасы жас қазақ­стан­дық­тар­ға, олардың өмір­лерін­де пай­­даға асатын арқаулық ең­бек дағдыларын тегін алуға мүм­кіндік береді. Бұл жобаның елі­міздің экономикасын дамы­ту­ға тигізер пайдасы зор. Себебі, үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағ­дар­ла­ма­сын сәтті жүзеге асыру үшін мың­даған білікті техникалық кәсі­би маман­дар қажет. Бұл сұранысты елі­міз­дің техни­калық және кәсіптік білім беретін оқу орын­дары, оның ішін­де Жамбыл облы­сын­ан 48 оқу орны қам­тама­сыз ете ала­ды. Сонымен қатар, тех­ника­лық және кәсіп­тік білімді дамы­ту арқылы отандық кәсіп­орын­дар және экономиканың басқа да сек­торлары қарқынды дамитыны анық. Міне, әлеуметтік-экономикалық мін­деттерді шешудегі қол жеткізген жетіс­тіктеріміз, көпұлтты, тату-тәтті мемлекет құрғандығымыздың бар­лығы Тұңғыш Президентіміздің аты­мен тікелей байланысты. Кеңес дәуірі­нен Тәуелсіздікке қадам басқан бірнеше мемлекеттердің ішінен Қазақ­стан­ның бүгінде оқтай озып отырғаны кеу­деміз­де мақтаныш сезімін тудырады. Мемлекет құрудағы алғашқы шешімдер Президенттік биліктің рөлі мен жауап­кершілігінен басталды. Елбасы тарихи жауап­кершілікті өзіне жүктей отырып, өзінің даралығы мен даналығын таныта білді. Президент саясатының арқасында тіліміз, дініміз және діліміз қайта ора­лып, тарихымыз түгенделе бастады. Барлығы да халықтың көз алдында. Елбасының елі үшін атқарып жатқан ерен еңбегі, жүргізіп келе жатқан сали­қалы саясаты өзіміз түгілі, өзгеге де үлгі болды. Жанар ОРЫНБАЕВА, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты ТАРАЗ