21 Желтоқсан, 2016

45 мемлекетке – визасыз режім

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
syrtky-ister-ministriЕлордада Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстандағы шетелдік дипломатия өкілдерімен кездесіп, виза мәселесіне қатысты брифинг өткізді. Оған елдегі бизнес қауымдастықтың, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, журналистер қатысты. Өз сөзінде Ерлан Ыдырысов виза беруде жаңа талап-ереже­лер­дің енгізілуінің мән-маңызы ай­рық­ша екеніне тоқталды. «Бұл, ең алдымен, Қазақстанның шетел­дегі әріптестерімен арадағы бай­ла­нысын жандандыруға сеп болары сөзсіз. Біз бизнес-климатты жақ­­сарту, шетелдермен барлық дең­­гей­дегі, мәселен, іскерлік, турис­­тік қарым-қатынасты дамы­ту­ға мән беріп келеміз. Сондықтан, бұл – өте салмақты мәселе. Оған да­­йын­дық үдерістері де өте ұзақ уа­қытты қамтыды. Оған осы мә­селеге мүдделі барлық ведомство тартылды. Бірінші кезек­те, Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігі», – деді Е.Ыдырысов. Сонымен, сыртқы саясат ведомствосы басшысының ай­туын­ша, келесі жылдан бастап 45 мемлекет үшін визасыз режім енгізіледі. «2017 жылдың 1 қаң­тарынан бастап инвестициялық әлеуеті жоғары әрі экономикалық жағынан дамыған 45 мемлекет үшін визасыз режім ашылады. Бұл елдердің азаматтары 30 күн бойы Қазақстанда емін-еркін жүре алады», – деді министр. Е.Ыдырысов, сондай-ақ, виза­сыз режімге іліккен мем­лекет­тер­дің ішінде Австрия, АҚШ, Гре­кия, Испания, Швеция, Канада, Финлян­дия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Португалия, Вен­грия, Кипр, Бельгия, Сингапур, Мо­нако, Иордания, Малайзия, сон­дай-ақ ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ пен Ор­та­лық Азия елдері бар екенін жеткізді. Бұған дейін Қазақстан 2017 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап, 48 мемлекетке жеңілдетілген ре­жім бойынша виза алу жөнінде де айтқан болатын. Брифинг барысында Сыртқы істер министрі осы екі тізімнің ара-жігін ажыратып берді. «Мәселен, визалық жеңілдіктер қарастырылған 45 елдің азаматтары 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанға визасыз кіре алады. Бірақ, олар үшін тіркеу тәртібі өзгермейді. Яғни, олардың барлығы тіркеуден өтеді. Бұдан бөлек, 48 мемлекеттен тұратын тағы бір тізім бар. Ол – бөлек тізім. Ол бойынша, 48 мемлекеттің азаматтары үшін виза алудың жеңілдетілген шарттары қарастырылған. Бұл визаны елімізден арнайы шақыртусыз ала алады. Міне, осы тізімге енген шетел азаматтары Қазақстанға келген кезде шекарашылар қойған мөр бойынша бірден тіркеуден өтеді»,– деді Е.Ыдырысов. Бұған қоса, ол 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін елдегі БАҚ-та визалық режімнің жаңа ережелері жарияланатынын да атап өтті. «Бұл біздің азаматтарымыз бен бизнесмендеріміздің осы тал­ап-ере­желермен жақынырақ және ег­жей-тегжейлі танысып шығу­лары­на мүмкіндік бер­мек. Ал бұл ретте, Сыртқы істер министр­лігінің Консулдық қызмет департаменті мен Ішкі істер министрлігінің тиісті құры­лым­дары жаңадан енгі­зіл­ген ережелердің қалай жүзеге асыры­латынына, визаның түрлі кате­горияларына қатысты өз тарап­тарынан толықтай түсі­нік­теме беріп отыратын болады», – деді ол. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»