15 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕР СЕРІГІ ҰШАР КҮН ДЕ АЛЫС ЕМЕС

3859 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат МҰСАБАЕВ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕР СЕРІГІ ҰШАР КҮН ДЕ АЛЫС ЕМЕС Қазір өмірдің барлық саласы дерлік ғарышпен байланысты. Біздің күнделікті қолымыздан тастамайтын ұялы телефондарымыз, интернет, спутниктік теледидарымыздың бәрі адамзаттың басты жетістігінің бірі саналатын ғарыш саласымен байланысты болып отыр. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері ғарыш саласын игеруді қолға алып, оны барынша дамытуды мақсат етіп келеді. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы  Талғат МҰСАБАЕВПЕН әңгіме де осы төңіректе өрбімек. – Талғат Амангелдіұлы, ең әуелі өзіңіз басқарып отырған Ұлттық ғарыш агенттігінің алдағы  жоспарлары мен мақсаттары, ғарыш саласының  болашағы туралы айтып берсеңіз? – Қазіргі кезде  ғарыштық зерттеулер өмірдің барлық саласымен байланысты болып отырғанын білесіздер. Мемле­кеттің дамуының өзі ғарыштық технологиялардың дамуымен байланысты.  Осыған орай, Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш саласын дамытуға қолдау көрсетіп, оған ерекше назар аударып келеді. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бергі барлық жетістіктеріміз сол міндеттердің орындалуының нәтижелері екенін атап өткеніміз жөн. Мәселен, қазір Байқоңыр ғарыш кешенін сақтап қалып, қуатын қалпына келтіру, ғарыш бағдарламаларын құрып, іске асыра бастау  сияқты оң істер жүзеге асуда. 2007 жылғы 27 наурыз күні “Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы” Елбасының Жарлығына сәйкес, агенттік ғарыш қызметі саласын­дағы мемлекеттік реттеу және салааралық үйлестірумен айналы­сатын еліміздің тарихында тұңғыш  орталық атқарушы орган болып қызмет етіп келеді. Агенттік құрамына “Қазақстан Ғарыш Сапары” ұлттық компа­ниясы” акционерлік қоғамы,  “Инфракос” республикалық мем­лекеттік кәсіпорны, “Инфракос – Экос” еншілес мемлекеттік кәсіпорны, “Байқоңырбаланс” мемлекеттік мекемесі, “Ғарыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орта­лығы” акционерлік қоғамы, “Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы”, “Бәйтерек” акционерлік қоғамы  сынды ұйымдар кіреді. Ұлттық ғарыш агенттігінің алдына қойған мақсаттары мен  белгілеген бағыттары бар. Оларды іске асыру үшін біраз жұмыстар атқарылды, атап айтқанда,  “KAZSAT” байланыс және хабар таратудың қазақстандық спут­никтер жүйесін жасау, “Бай­қоңыр” ғарыш айлағында “Бәй­терек” ғарыштық зымыран кешенін құру, Астана қаласында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін  жасау, Жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш жүйесінің пайдалы жүктемесі мен жерүсті кешенін құру, кадрлар дайындау сияқты көптеген жұмыстар іске асты. – Ғарыш туралы айтқанда “KAZSAT-1”  жер серігін айтатынымыз бар. Өзіңіз оның қалай сәтсіздікке ұшырағанын жақсы білесіз. Мұны сізге дейін жұмыс істеген мамандардың қателігінен деуге болады. Бірақ сіз оған мойымай, қайткенде де Қазақстанның өз жер серігі болатынына сенімді екеніңізді білдіріп келесіз.  Қазір естуімізше, жаңа жер серігін ұшыруға дайындық жүріп жатқан көрінеді. Осы жөнінде нақтырақ мәлімет берсеңіз. – Расында да мұндай қолай­сыз жағдайлар басымыздан өтті, бірақ жаңа жылда жаңа жетістік­теріміз жайлы ғана сөз қозғаған орынды шығар. “Өткен  күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ” деп қазақ халқы бекер айтпаған ғой. Бүгін біз “KAZSAT-2” байланыс және хабар таратудың отандық жер серігін жасауға байланысты жұмыс көлемінің  75 пайызын  орындап отырмыз. Біздің сарап­шы мамандарымыз “KAZ­SAT-1” жер серігінің кемшіліктерін талдап, басқару жүйесін жетілдіруге қол жеткізді. Қазғарыш мамандары Қазақстан­ның екінші жер серігінің сапасын жақсарту мақсатында оның құрамында француздың “EADS Astrіum” компаниясы шығарған кәсіби приборларды, атап айтқан­да, гироскоп, жұлдызды және күн сәулесінің датчиктерін қолдану мәселелері  шешімін тапты. Ғарыш аппаратын  жобалау, құрас­тыру және пайдалану бары­сында Ресей тарапынан айрықша жауапкершілікті арттыру мақсаты­мен, айналымдағы екі ел арасын­дағы келісімге қосалқы шарттар анықталып,   қабылданды. Қорыта келгенде, амандық бол­са, осы жылдың желтоқсан айында   ел игілігіне, қазақстандық “KAZ­SAT-2” байланыс және хабар тара­ту­дың  жер серігін іске қосамыз. – Жоғарыда француздың  “EADS Astrіum” компаниясы туралы айттыңыз. Қазғарыш агенттігі қазір қандай мемлекетаралық жобаларды іске асырып отыр? – Өткен  жылы Франция пре­зи­денті Николя Саркози біздің елге ресми сапармен келгенінде екі ел президенттерінің қатысуымен өт­кен кездесуде екі жақты бірнеше ке­лі­­сімге қол қойылды. Ерекше атап өтетін жай, осы келісімдердің төртеуі ғарыш саласындағы ынты­мақ­тастықтың нығаюына байла­нысты болды. Атап айтсақ, Ұлттық ғарыш агенттігі  мен Француз Республикасының Сыртқы істер министрлігі екі елдің үкіметаралық келісіміне қол қойды. Оның біріншісі – ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық болса, екіншісі – жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайда­ланудың шарттары туралы  келі­сімдер. Сонымен қатар “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰҚ” АҚ пен EADS Astrіum  арасында Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін  құру жайлы  шартқа қол қойылды.  Екі ұйымның жетекшілері Ғавыл­латып Мырзақұлов пен Франсуа Ок Астана қаласында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салуды ұйымдастыратын қазақ-француз бірлескен кәсіпор­нын құру туралы келісім-шартқа қол қойды. – “Бәйтерек” ғарыштық бағдарламасының орындалу барысы қалай? – Алдымен ел Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы “Бай­қоңыр” ғарыш айлағында “Бәй­терек” ғарыштық зымыран кешенін құру туралы келісім бекітілді. Кешен ТМД кеңістігіндегі ең ірі жобалардың бірі.  Тіпті оны біздің ғарыш саласындағы ірі жобаларымыздың бірі десе болады. Ол “Байқоңыр” кешенінен ұшатын  зымыран тасымалдағыштан бөлініп шыққан зиянды қалдықтардың  ортаға кері әсерін барынша азайтуға бағытталған. Кезінде бағдарламаны іске асыруда біршама объективті қиындықтар кездескені рас. Бірқатар келісімдердің орындалу уақыты да әріптестер тарапындағы елеулі себептерге байланысты кейінге шегерілді. Қазақстанның жоғары техно­логиялық өндірісі дамыған, ғарыш­тық технологияға ие және ең бас­тысы, орбитаға дербес шыға алатын ғарыштық держава елдері клубы мүшелерінің санын толтырамын деген үміті тап сол “Бәйтерек” бағдарламасының орындалу нә­тижесіне байланысты. – Ғарыш саласында біршама жұмыстар атқарылғаны  белгілі. Алда, өзіңіз айтып өткендей, ірі-ірі мақсаттар мен жоспарлар да бар. Осының бәрін жүзеге асыру үшін білікті мамандар керек. Қазір мамандар дайындауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Орынды сұрақ.  Білікті мамандар дайындау – ғарыш кешенінің болашағы. Ғарышты дамыту бағытында және ғарыш кешені келешекте жемісін беру үшін атқарылатын маңызды жұ­мыстардың бірі ғарыш саласындағы мамандарды дайындау болып саналады. Бұл бағытта істелген жұмыстар баршылық. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі жүр­гізіп отырған еліміздің  мемле­кет­тік классификаторына ғарыш­тық мамандықтарды  енгіздік. Отандық жоғары оқу орындарының бірқа­тарында “Радиотехника, электро­ника және  телекоммуни­ка­циялар”, “Радиобайланыс және радиона­вигация”, “Жылжымалы байланыс құралдары мен жүйелер байла­нысы”, “Радиобайланыс, радио­ха­барларын тарату және теледидар”, “Көп арналы  телеком­муника­циялық жүйелер” маман­дық­тары бойынша оқытуды ұйым­дас­тыруды бастадық. Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен кейінгі үш жыл бойы Білім және ғылым министр­лігінің квотасымен 45 білім гранты иелеріне  Байқоңыр қаласындағы Мәскеу авиация институты филиалына оқуға түсуге жағдай жасадық. Аталмыш филиал ғарыш техни­касын сынауға қатысты инженер мамандарын даярлайды. Негізінде, Қазақстанда ғарыш қызметіне қатысты мамандар дайындайтын оқу орындары жоқтың қасы. Осыған байланысты отандық оқу орындарында ғарыш мамандарын дайындауды да қолға алу мәселесін күн тәртібіне қоятын кез келді. Бұл орайда біз Ұлттық инженерлік академияда техникалық жоғары оқу орындарының негізінде  ғарыш саласының мамандарын дайындау үшін факультеттер мен кафедралар құруды ұсындық. Бұл ұсынысымыз еліміздің техникалық жоғары оқу орындары ректорлары тарапынан қолдау тапқаны бізді қуантады. – Жаңа басталған жыл еліміз үшін ерекше екені белгілі. Өйткені, еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында төр­ағалық етеді. Осы жөнінде сіздің пікіріңізді білсек. – Бүгінде Қазақстан халық­аралық сахнада, әлемдік қауымдас­тықта өзінің орны мен беделі бар мемлекетке айналып отыр. Еліміз Ислам Конференциясы Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты көптеген халықаралық ұйымдардың тең құқықты әрі беделді мүшелерінің бірі болып саналады. Қысқа уақыттың ішінде әлеу­меттік-экономикалық қайта құрулар мен қазақстандық қоғам­ның демократиялануы арқасында біздің мемлекет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен ай­тарлықтай нәтижелерге қол жет­кізуде.   Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де соның бір дәлелі. Қазақстан мен Еуроодақ елдері  ынтымақтастық саласында зор әлеуетке ие, себебі көптеген мәсе­ле­де, оның ішінде ғарыш қызметін дамыту мәселесінде ұстанымда­рымыз бен көзқара­сымыз ұқсас. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. КӨКСАРАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕГІ ДАЙЫН Көксарай су реттегішінің жұмысын бақылауға Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен облыс әкімдігінен құрылған комиссия келді. Мұнда қызу жұмыс жүруде. Өкпек жел өңменіңнен итергенімен соншалық зілді де, ызғарлы да емес. Мұндағы жұмыстың тоқтап қалмауына табиғат-ананың өзі жәрдемдесіп тұрғанға ұқсайды. Ақпанның бірінші жұлдызында Көксарай алғашқы 1. млрд. текше метр суды қабылдайды. Осылай шешілген, осылай келісілген. Өйтпеске және болмайды. Сырдариямен әуелде жылап аққан су Қызылордаға жете бергенде аяздан канал табанына қатып қалған. Еріп үлгермей жатып мол су келіп, мұз үстінен ағуда. Сырдарияда қазір  секөнтіне 550 текше метр су жіберілуде. Бұл – облыс үшін қауіп. Арал-Сырдария бассейні су инспекциясының бастығы Әділхан Қарлықанов та осы қауіпті растайды. Қазалы, Арал аудандарында күрделі жағдай болып қалуы мүмкін. Алдын-ала дайындалған каналдарға, тоспаларға су қашыртқанымен топан су да тілсіз жаудың бірі. Төтенше жағдайлар министрі жұмыс  сапарын су реттегіштің негізгі аумағынан бастады. Жылға жуық уақыт бұрын тұзы бетіне шығып жатқан құла дүз алып қазан шұңқырға айналып қалыпты. Дамба үстінде  электр бағаналары орнатылған. Су жиналатын беткейін бетонмен қаптау жұмысы жүріп жатыр. Баяғыдай зембілмен қолдасып бетон таситын күн өткен. Америкадан алдырылған қондырғылар арматуралармен шегенделген жақтауларды бекітуде. Бұл жақта әлі қар жауып, сақылдаған сары аяз күшіне мінген жоқ. Ондай жағдайда жұмыс тоқтап қалуы мүмкін. Министр бетонның құрамын қысқыға ауыстырып, электрмен қыздырып дайындаудың жайын ойласуды тапсырды. Құрылысқа мамандандырылған 38 мекеме 1800 жұмысшысымен қатысып жатыр. Оның 1635-і жергілікті тұрғындар. Түрлі жұмыстарда 645 дана арнаулы техникалар мен 131 дана көмекші техникалар, жабдықтар пайдаланылуда. Сайдың етегінен жоғары жағына дейін бетон құюға мұршасы жететін ұзын мойын үш қондырғы жұмыс жасап жатыр. 2011 жылы соңғы сатысы аяқталғанда 3 млрд. текше метрге дейін су қабылдай алатын су реттегішінің алғашқы кезектегі жұмыстары мерзімінде аяқталуға жақын. Негізгі гидрожүйенің Сырдарияға су тастау мүмкіндігі секөнтіне 2100,0 текше метр. 16 шақырымға созылып жатқан канал секөнтіне 500 текше метрге дейін су айдай алады. Су реттегіштегі жұмыстарға технологиялық бақылау жасау міндеті жүктелген “Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесінің директоры Тоқтарбек Баймолдаевтың мұндағы жасалған жұмыстарға көңілі толатындығы байқалады. Елбасының пәрменімен салынып жатқан су реттегішке кезең-кезеңімен 49 767 млн. теңге қаралса, соның осы кезге дейінгі жұмыстарына жұмсалуға тиіс қаржысы 25 млрд. теңге мөлшерін құрайды. Бұл қаржы игерілген. Көксарай алғашқы кезектегі 1 млрд. текше метр суды 1 ақпаннан бастап қабылдауға дайын. Екі көпір ашылған. Судың жылдамдығын азайтып, көбейтіп отыратын шлюздерде бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысы үшін осы кезеңдер жылда мазасыз болатын. Апатты жағдайлар орын алатын. Тоқтағұл ГЭС-іне су жинаған айыр қалпақты ағайын қыстай электр қуатын өндіру үшін топан суды жөңкілтіп Сыр бойымен Шардара су қоймасына жібереді. Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд. текше метр. Топан су кернеулеп бара жатқан соң Арнасай арқылы артық суды әке-көкелеп Өзбекстан жаққа өткізеді. Мұндайда ағайындық деген қалады. Күні түскенде қазақ-қырғыз бір туған дейтін ағайыныңыз “электр қуатын өңдірме десеңдер тегін мазут бер, көмір бер” деп жер тепкілеп отырып алады. Әйтпесе, топан суды ағытамын деп қорқытады. Шардара су қоймасы іске қосылғаннан бері бір Арал көлінің суын жинап алған, суға да, балыққа да ұрты майланып отырған ала топылы ағайын да “өзбек – өз ағам” дегенді осы кездері мойындамай кетеді. Оның да таудай талаптары бар. Орындамасқа болмайды. Қазақстанның екі үлкен облысы үшін қайда барсаң да Қорқыттың көрі туатын шағы осы. Елбасының Жарлығымен су реттегіш іске қосыла бастағалы екі көршінің де әләулайы өзгеріп келеді. Қырғыз ағайын “тау-тастың арасындағы бұлақ, өзеннің басын қосып су жинайтын бізбіз. Су алғыларың келсе жинағанымызға өтемақы төлеңдер” дегенді күңкілдеп айта бастады. Арнасаймен жылдағыдай мол су ала алмайтынын білген Өзбекстан жағы Қазақстанның ат басындай алтын төлеп Достық каналы арқылы алып келген суын жырмыштап бұрып ала бастады. Мақтааралда мақта алқаптарының сорын шаюға су жетпей қалды. Шіліңгір шілдеде дертіп піскен қозалықтардың алды шөліркеп, шырыны ағып кетті. Диқан байғұс ойбайлап қалды. Осындай жағдайда Көксарай су реттегішінің стратегиялық маңыздылығы орасан. Сыр табанына сыймаған артық су осында жиналып жаздай Аралға ағады. Диқаншылықпен айналысатын Отырар, Түркістан алқаптарына да мол судан үлес тимек. Ынталы топ каналдан бұрып қыруар қаржы шығармай су реттегіштің төмендеу иінінен су өткізу жүйесін салып, етекке ылдилатып ағызу идеясын Төтенше жағдайлар министріне ұсынды. Министр бұл мәселе туралы штаб мәжілісінде ойласатындық­тарын айтты. Әңгімеге жүйрік халықпыз ғой. Көксарай су реттегіші туралы алыпқашпа әңгімелер ел ішінде әлі де желдей есіп жүр. Қаржы жоқ екен. Мердігер­лердің алды жұмысын тастап кетіп қалыпты. Жұмысшылар айлығын ала алмай жүр деген сияқты. Көксарайдың мол суды ұстап тұра алатынына сенбейтіндер де табылуда. Министр мұндай қисық әңгімелердің негізсіз екендігін, Елбасының бақылауында тұрған су рет­тегіште дабыл қағатындай проблема жоқ екендігін айтты. Алғашқы суды қабылдап алуға дайын деді. Көңіл аударар проблемаларды таразылап, орындалуын межеледі. Жұмыстардың мерзімінде атқарылып жатқанына разылығын білдірді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. ЖАЛҒАН КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖОЛ ЖОҚ Өткен жылдың аяғында Ел­басы “Жалған кәсіпкерліктің алдын алу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтырулар енгі­зу” туралы заңға  қол қойған болатын. Осыған орай Қаржы министрлігінде Салық комите­тінің төрағасы Дәулет Ерғожин, “Атамекен” одағы” ҚҰЭП төрағасы Азат Перуашев, оның орынбасары Е.Никитинская және Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы С.Есілов қатысқан арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті. 2007 жылдан бастап Салық кодексінде жалған кәсіпкерлік үшін жауапқа тарту енгізілген болатын. Бірақ оның анықталу механизмі толық қарастырыл­мады. Заңсыз бір ғана келісім-шарт жасалу барысында кәсіп­орын­ның барлық қызметі заңсыз деп танылып, нәтижесінде төлен­беген салық адал кәсіпкерлердің есебінен алынды. Көп жағдайда жалған тұлғалар есебінен ашыла­тын жалған кәсіпкерліктің  соңы жарға жығылып, олармен келісім-шартқа отырған адал компа­ниялар өз құқықтарын қорғай алмады. Оған қолданыстағы заңнамалық құжат негіз болып, кәсіпкерлердің келіспеушілік туралы өтініштерін соттар негізсіз деп қабылдамаған болатын. Бұл мәселе бойынша “Атаме­кен” одағы 2007 жылдың орта­сынан отандық кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғауға арналған Үкімет, сот және бақылау орган­дарының назарына бағытталған бірнеше баспасөз мәслихаттарын өткізген болатын. Үкімет және Парламент аясында өткен Салық кодексінің жаңа редакциясын талқылау барысында “жалған кәсіпкерлік” мағынасына анық­тама беру және мұндай құқық бұзушылық орын алған жағдайда әділетті түрде санкция енгізу туралы талап қойылды. Соңғы жылдары жалған кәсіпкерліктің көбеюіне байланысты жаңа қабылданған заңнамалық өзге­рістер мен толықтырулар осы құбылыспен күрестің тиімділігін жақсартуға, жалған кәсіпорын­дардың (“қолма қол ақша” фир­малары) мемлекеттік тіркелуіне құқықтық кедергілер құруға, сондай-ақ адал кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға бағытталды. Енді Қылмыстық кодекстің 192-бабы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 154-бабына сәйкес егер жеке кәсіп­керлік субъектісі жасаған барлық келісім-шарттар ел заңдарына қарсы мақсаттарды көздеген және қомақты залалдар келтірген жағдайда ғана әрекет жалған кәсіпкерлік деп танылатын шартпен толықтырылды. Бұл өзгерістер мен толықтырулар болашақта абайсызда кінәлілер­мен іскерлік байланыс жасаған­дарды емес, нағыз кінәлілерді жазаға тартуға мүмкіндік бермек. Баспасөз мәслихатында Салық комитетінің төрағасы Д. Ерғожин, “Атамекен” одағы төрағасы Азат Перуашев еліміздің адал кәсіп­кер­­лерін өз бизнесін ашуда және жүргізуде мемлекеттік кедергілер­дің барынша жойылып, әрі қарай дамуын үнемі назарда ұстайтын­дықтарын атап өтті. Бұл өз ісін ашам деушілерге ешқандай ке­дергінің болмайтындығын білді­ре­ді. Ал өз мекен-жайын жасы­рып, мемлекетке салық төлеуден жалтарғандарға жол біреу. Бұрын 6 жылға сотталса, енді жазаның деңгейіне байланыс­ты 2-5 жыл, 3-7 жыл, 6-10 жылға кесімді жаза қолданылады. Со­нымен қатар істің нақты кінәлісі тексеріліп, адал кәсіпкердің “күйіп кетуіне” жол берілмейтін болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ. КЕДЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ТАРТУЫ “Семей” кеден бекеті бастығының орынбасары, кеден қызметінің полковнигі Бекен Нұрахметов негізгі мамандығы жөнінен журналист болғандықтан ара-тұра біздің тілші қосынына телефон шалып қоятыны бар. Бұл жолы даусынан бір мақтаныштың  лебі сезіліп-ақ тұрды. Тілдесе келгенде оның орынды мақтаныш екендігін аңғардық. Яғни, аталған кеден бекеті өткен жылды табысты аяқтап, мемлекет қазынасына түсірген кедендік төлемдер мен салықтың мөлшері 3 миллиард 340 миллион теңге құрапты. Бұл дегеніңіз бізде қызмет атқаратын әр қызметкерге шаққанда шамамен 110 миллион теңгеден айналады дейді Б.Нұрахметов. Сонда әр қызметкердің жылдық жалақысына бір миллион теңге қаржы кеткен күннің өзінде арғы жағындағы таза пайданы өзіңіз есептей беріңіз. Ол солай дей келіп, өздерінің кеден бекетіндегі басқа да оңды өзгерістерді айта кетуді ұмытпаған. Мәселен, жыл ішінде бұлардың күшімен 125 әкімшілік құқық тәртібін бұзу фактілері әшкереленіп, заң бұзушыларға 2,5 миллионға жуық айып салынған. Және мемлекетке келтірілген шығын біртіндеп орнына толтырыла бастаған. Осындай үздік қызметтері үшін кеден бекетінің бірқатар қызметкері өз салаларының “Үздік қызметі үшін” төс белгілерімен марапатталса, тағы бірнешеуінің шені жоғарылаған. —  Бәрін айт та, бірін айт демекші, биылғы жаңа жылдан бастап біздің кеден бекеті іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге толықтай көшіп отыр, – дейді Бекен Нұрахметов мырза. Елбасымыз біз кеденді нығайту арқылы мемлекетімізді нығайтамыз деген еді. Семейлік кеденшілердің осы іске бар жағынан үлес қосып келе жатқаны сүйсінтеді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz Байланыс және ақпараттандыру  агенттігі  ww.alc.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Көші-қон және демография  агенттігі                           www.demomіgratіon.kz