21 Желтоқсан, 2016

ЕАЭО елдеріне ортақ зейнетақы жүйесі мақұлданды

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Алқа отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің жұмыскерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шарт жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Strategy2050.kz. Құжаттың мақсаты зейнетақының қалыптастырылуы мен экспорты кезінде зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы тең құқықтарды қамтамасыз ету, мүше мемлекеттерде жұмыскерлердің зейнеткерлік құқықтарын  қорғау, сондай-ақ Одақ бойынша әріптестер арасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады, деп хабарлады Комиссия. «Шарт жобасы ЕАЭО мемлекеттерінде алынған еңбек өтілін есепке алуды көздейді. Мысалы, Қырғызстанның азаматы Беларусьте бес жыл жұмыс істесе, осы кезең жалпы еңбек өтіліне есепке алынатынына сенімді бола алады», - делінген хабарламада. ЕЭК экономика және қаржылық саясат жөніндегі алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов атап өткендей, ЕАЭО туралы шартта Одақ елдерінің азаматтары үшін барлық негізгі құқықтар мен жеңілдіктер ескерілген, алайда, ЕАЭО мемлекеттерінің азаматтары зейнеткерлік жасқа жеткен және тұратын еліне оралған кезде зейнетақы алатыны туралы жазылған бөлім жоқ. Комиссия тараптардың уәкілетті органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқан осы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жұмыскерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шарт осы құқықтық кемшілікті жояды. Шарттың күшіне енуі мүше мемлекеттердің азаматтарын Одақ елдерінде жұмыс істеу кезінде алған зейнеткерлік құқықтарын қалыптастыру, сақтау және іске асыру құқығымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құжат зейнетақы экспорты және басқа мүше мемлекетте алынған жұмыс тәжірибесін есепке алу бойынша мәселені шешуді көздейді. Шарт жобасы оған қол қою үшін қажетті мемлекет ішіндегі рәсімдерді өткізу үшін Одақ елдеріне жіберілетін болады. Анықтама: Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жұмыскерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шарт жобасы 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 98-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген. Шарт жобасын әзірлеу кезінде ЕЭК және мүше мемлекеттер Комиссия Кеңесінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 103 шешімімен мақұлданған Зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарт тұжырымдамасын басшылыққа алған.