Түркия Қазақстан, Әзербайжан және Қырғызстанға өзара сауда операцияларында ұлттық валютамен есептесуді жандандыруды ұсынды.
«Түркия ұлттық валютамен сауда жасауға үлкен мән береді және елдің сауда айналымындағы оның үлесін 10 пайызға жеткізуді көздейді», – деп мәлім етті сәрсенбіде, Бакуде Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесіне кіретін мемлекеттердің экономика министрлерінің VI кездесуінде Түркияның экономика министрі Нихат Зейбекчи, деп жазады «Интерфакс-Әзірбайжан».
Кеңес құрамына Әзербайжан, Түркия, Қазақстан және Қырғызстан кіреді.
Нихат Зейбекчидің айтуынша, Түркияның жылдық сауда айналымы 430 млрд долларды құрайды, оның тек 1 пайызы ғана кеңес құрамына кіретін елдермен сауда-саттыққа тиесілі. «Жіберіп алған қателіктерімізді түзеп, өзара сауданы жандандыруымыз керек», – деп мәлімдеді министр.
Ол сондай-ақ электронды сауда саласында ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Сөз алған Қазақстанның экономика министрінің орынбасары Айдар Әріпбаев инвестиция, сауда, транзит салаларында ынтымақтастық перспективаларының бар екенін мәлімдеді. Ол кеңеске кіретін елдердің экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.