21 Желтоқсан, 2016

Елорда әкімінің жаңажылдық шыршасына 300 бүлдіршін қатысады

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елордада қаланың кішкентай тұрғындары үшін сиқырлы мерекелік оқиғалар кезеңі басталды. Қаланың барлық ұйымдарында жаңажылдық шырша мерекелері өтуде. Қала әкімінің атынан осындай шара 27 желтоқсан күні сағат 11-де Оқушылар сарайында өтеді, шырша тойына 300 жетім бала, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар, айрықша қажеттіліктері бар балалар және дарынды бүлдіршіндер шақырылды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, аудандық әкімдіктер де балаларға арнап мереке өткізеді. Шаралардың барлығы М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында ұйымдастырылады. Бүгін «Есіл» ауданы әкімдігінің жаңажылдық мерекесіне аудан мектептерінің 200 оқушысы қатысты. Олардың арасында жетім балалар, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардан шыққан балалар бар. Бүлдіршіндер ойын ойнап, қызықты жарыстарға қатысып, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, оларға арнап «Аяз Атаның сиқырлы асатаяғы» атты ертегі қойылды. Мерекенің әр қонағына сыйлық пен тәттілер жинағы тарту етілді. 23 желтоқсан күні сағат 9-да «Сарыарқа» ауданы әкімінің шырша тойы өтеді, онда да бүлдіршіндерді көңілді жарыстар мен сыйлықтар күтеді. 28 желтоқсанда «Алматы» ауданы әкімінің атынан мерекелік шырша кеші ұйымдастырылады. Кішкентай қонақтар Аяз Атамен және Ақшақармен бірге ән айтып, би билейді. Балаларға мерекелік концерт және ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен қойылымдар көрсетіліп, сыйлықтар таратылады.