ЖАПОНИЯ: ҮКІМЕТ КЕТТІ, ҚИЫНДЫҚТАР ҚАЛДЫ
Демократияға тақ тұратын Жапонияда тағы да үкімет ауысты. Биліктегі Демократиялық партияның басшылығының құрылтайында партияның жаңа көсемі сайланды. Демек, ол үкіметті басқаруды да қолға алады. Елдің тәртібі сондай. Іле-шала парламент те үкіметтің жаңа басшысын бекітті.
Кеткен – демократтардың ел таныған қайраткері Наото Кан. Келген – сол Кан үкіметінде қаржы министрі болған Йосихико Нода. Бұл елде партиялардың қатып қалған көсемі болмайды. Әдетте биліктегі партияның төрағасы үкіметті басқарады. Парламент үкіметке сенімсіздік білдірсе немесе үкімет басшысы өзі кетуді жөн көрсе, дереу партияның жетекшісі қайта сайланады.
Бұл жолы премьер-министр Наото Канның өзі кеткісі келді, өзі өтініш білдірді. Басқа бір елдердегідей емес, бұл елде билік үшін ешкім де қасарысып күреспейді. Сенімнен айырылып бара жатса, өз қадірін кетірмей, үкімет басшысы кететінін мәлімдейді. Тіпті Канның әлі де жұмыс істеуіне болар еді. Жақында ғана парламентте үкімет басшысына сенім туралы мәселе қаралып, онда үкіметке сенім білдірілген.
Кетудің жөнін сұрағандарға Наото Кан жалтармай жауап берді: жалпы халық сенімі төмен болып тұрғанда, өзінің билікке жармаспайтынын айтты. Қоғамдық, сондай-ақ зерттеу ұйымдарының сауалдамасына қарағанда, оның танымалдылығы тым төмендеп кеткендіктен, бұл қызметте қала алмайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге, Кан «мынадай қатыгез жағдайда қолымнан келгеннің бәрін істедім, аянып қалғаным жоқ», деді.
Үкіметке сенім мәселесі парламентте қаралып, ол шешілген кезде-ақ Наото Кан кететінін айтып, парламенттің алдына екі заңды қабылдау жөнінде шарт қойған: энергияның қайталама көздері туралы және мемлекеттік облигациялар шығару туралы заңдар. Парламент те бұл шартты орындап, өткен жұмада шешім қабылдап еді, Кан да жұмыс орнын босатты.
Канның қызметінен, сондай-ақ партия төрағалығынан кету жөніндегі мәселе көтерілісімен-ақ оның орнына талас басталған. Партия басшылығына жеті адам таласты. Бұл да жапон елінде сиректеу кездесетін жәйт. Әдетте бұл екі тұлғаның, әрі кетсе, үш-төрт адамның күресімен шектелер еді. Бәлкім, олардың көпшілігі бұл жолы болмағанмен, алдағы кезеңдерді ойлаған шығар. Бұл елде соңғы кезде үкімет басшыларының ауысуы тым жиілеп кетті. «Ә» дегенше-ақ кезегі де келіп қалуы мүмкін. Міне, соңғы бес жылда үкімет алтыншы рет ауысып отыр.
Үміткерлер ішінде бұрынғы сыртқы істер министрі Сейдзи Мазхара мен қазіргі қаржы министрі Йосихико Нода өз бағдарламаларымен ерекшеленгендей болған. Дауыс беру кезінде бұл біршама басқаша көрінді. Алғашқы турда ешкім басым көпшілік дауысқа ие болмай, соңғы турға Нода мен экономика, сауда және өнеркәсіп министрі Банри Кайэду шыққан. Демократтар алғашқысын қалады.
Жұрт оның елдің «жасампаздық күшін» қайта жаңғыртамын, басқа елдердің Жапонияға деген сенімін қайтарамын деген сөзіне көбірек ұйыған сияқты. Әрине, мұның әсте де оңай болмайтыны белгілі. Қазіргі ұрпақ көріп-білмеген экологиялық апат Жапонияға, оның халқына оңай тиген жоқ. Наото Кан емес, оның орнында басқа адам болғанда, сол апаттың зардабы жеңілірек соғар еді деп ешкім де айта алмайды. Әлем жұртшылығы сол кешегі жойқын апатта жапон халқының қажыр-қайратына, қиындықты қайсарлықпен көтергеніне тәнті болды.
Қашан да жұрт жаңа үкіметтен жақсылық күтеді. Үміт жапондарды да алдамасын дейік.
* * *
АБХАЗИЯДАҒЫ САЙЛАУ НЕГЕ ТАНЫЛМАДЫ?
Жұма күні Абхазия Республикасында кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Оның республиканың бұрынғы президенті Сергей Багапштың қазасына байланысты болғаны да белгілі. Қазір республика президенті болып вице-президент қызметін атқарған Александр Анквабтың сайланғаны да белгілі болып отыр.
Бірақ бұл сайлауды алдымен НАТО, онаң соң Еуроодақ мойындамайтынын мәлімдеп үлгерді. Ал олар Еуропадағы жетекші елдердің атынан сөйлеп, және демалыс күндеріне екеніне қарамай, өз мәлімдемелерін өте шұғыл жасады.
Әдетте, қазір қай елде сайлау өтсе де, оған басқа елдерден, халықаралық қауымдастықтардан, түрлі ұйымдардан байқаушылар қатысып, оның қалай өткендігі жөнінде өз пікірлерін білдіріп жатады. Әсіресе, оның демократия талаптарына сай өтуіне, билік тарапынан қысым болмауына назар аударылады. Көбіне диктатуралық тәртіп үстемдік ететін елдердегі сайлауға байланысты сындар да айтылады.
Ал Абхазиядағы сайлауға келсек, Ресей Федерациясы мен тағы да сонау Латын Америкасындағы екі-үш ел және мұхиттағы аты жұртқа белгісіз бір-екі шағын ел ғана таныған, халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау таба қоймаған бұл елге ешкім де өз байқаушыларын жібере қойған жоқ. Сөйтсе де, мұнда сайлауда бұрмалаушылық орын алды деуге де бола қоймас. Оған қатысушылар тарапынан шағым да түспеген.
Демократияға тән мұнда баламалық та бар еді. Президенттік қызмет үшін бұрынғы вице-президентпен қатар, республиканың премьер-министрі Сергей Шамба, сондай-ақ оппозицияның өкілі Рауль Хаджимба күреске шықты. Халықтың сайлауға қатысы да белсенді болды. Елдегі тәртіп бойынша сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беруге келсе, сайлау заңды деп саналады. Ал бұл сайлауға ресми хабарларға қарағанда, 72 пайызы қатысыпты. 54,9 пайыз дауыс алған Александр Анкваб алғашқы турда-ақ жеңіп шықты.
Сайлауда бұрмалаушылық болды деген әңгіме де шыққан жоқ. Еуроодақтың шетел істері және саясат жөніндегі өкілі Кэтрин Эштонның мәлімдемесінде былай делінген: «Еуроодақ Абхазиядағы сайлаудың конституциялық және заңдық шектерін мойындамайды». Жалпы сайлаудың қалай өткеніне олар мән де бермейді.
НАТО-ның мәлімдемесі нақтырақ, «Мұндай дауыс беру Грузияда қазір қалыптасып отырған жағдайды бейбіт жолмен және жүйелі түрде шешуге жеткізбейді, – делінген онда. – Солтүстікатлантикалық альянс Грузияның халықаралық қауымдастық мойындаған қазіргі шекарасындағы егемендігі мен аумақтық тұтастығын толықтай қолдайтынын тағы да мәлімдейді». НАТО Абхазияны Грузияның бір бөлігі санайды және одан айнығысы жоқ.
Сайлауды мойындамайтынын АҚШ та мәлімдеді. Оның бағасын қайталайтындар да табылар. Әңгіме сайлаудың қалай өткенінде емес, жалпы, бұл сайлаудың өтуіне қарсылық жайында екен. Оның ұшы 2008 жылғы Грузия-Ресей соғысына барып тіреледі. Сол үшін айып Ресейге тағылады.
Бұл әңгіме айтыла-айтыла жауыр да болған. Оның түбіне жету де қиын. Көрші елдегі сепаратизмге қарулы күшпен қолдау көрсеткен Ресейдің ақталатындай жөні жоқтай. Оның тәуелсіздікке ұмтылған Чешенстанмен он жылдай соғысқанын да жұрт ұмыта қойған жоқ. Бірде былай, бірде олай саясат елдің беделін түсіреді.
Мамадияр ЖАҚЫП.