03 Қыркүйек, 2011

Шетелдіктер заң талабын неге сақтамайды?

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бас прокуратураның ресми өкі­лі Ж.Өмірәлиев хабарлаған­дай, прокуратура органдары кө­ші-қон саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ер­ек­ше назар аудара бастады. Со­ның арқасында жүргізілген тек­се­рулердің нәтижелері Қазақстанда шетелдіктердің заңсыз сайран са­луының көптеген деректерін аш­ып берген. Елімізге келу мерзімдерін сақтамайтын олардың ба­сын­ғандықтары соншама ел аума­ғынан аластату туралы сот шешімін орындамайды, өздерінің жеке бастарын растайтын құжаттарды (төлқұжаттарын) ішкі істер ор­ган­дарына тіркемейді, заңсыз жұмыс істейді, тіркелген мекен-жайда тұр­майды және бұған қоса түрлі заң бұзушылықтарға барады екен. Мәселен, Алматы қаласында, Ақ­төбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыс­та­рына келу ережелерін бұза оты­рып, заңсыз жұмыс істеумен ай­налысқан 400-ден астам шетелдіктер анықталған. Оны айтасыз, үстіміздегі жыл­дың бірінші жартыжылдығында ғана  шетелдіктер 726 қылмыс жә­не шамамен 60 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған. Тіптен «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ секілді. Қостанай облысында Ресей Феде­рациясы тарапынан мемлекет­аралық іздеуде жүрген  Хабрахманов деген Ресей азаматы тұрып келген. Ал оны, сенсеңіз де, сен­бесеңіз де айтайық, Қостанай об­лыстық (Жітіқара аудандық) кө­ші-қон полициясы әлгіні ағасы­ның төлқұжаты бойынша заңсыз тіркеуге қойыпты. Содан Хабрахманов елімізде тайраңдап жүріп адам өлтіріп ұсталмағанда анық­тал­майды екен. Оны сонда осын­шама тайраңдатып қойған кім? Алдымен сол жауапты адамдарға жаза қолданылуы керек еді ғой. Сол сияқты Қырғызстан азаматы Кочкорев 2010 жылдың шілдесінде сот шешімі бойынша елімізден шығарылып жіберілсе де, артын­ша Қазақстанның мемлекеттік шек­арасын емін-еркін 15 рет кесіп өткен.  Бұған кім жауап береді? Әкімшілік заңнамалардың қол­данылуын тексеру Астана және Алматы қалалары, Ақмола, Ақтө­бе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қа­зақ­стан, Павлодар, Солтүстік Қа­зақ­стан, Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тарында шетелдік құқық бұ­зушыларға тиісті шаралар қа­был­дамау, олардың әрекеттерін дұ­рыс сараламау деректерін аш­қан. Соның салдарынан заң та­лап­тары бұзылып, кінәлілер жауапкершіліктерден құтылып жат­қан көрінеді. Петропавл қала­сы­ның әкімшілік соты 3 мате­риалды толық болмауына байла­нысты ішкі істер органдарына қай­тарған. Ал ішкі істер орган­дары жауапкершілікке тарту  мер­зімінің аяқ­талуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған. Осыны пайдаланған шет­елдіктер із жасырған. Батыс Қазақстан об­лысының полиция қызметкерлері бұдан да асып түсіп, соттан Өз­бекстанның 9 аза­матына қатысты әкімшілік ма­те­риалдарды пысық­тауға алған да, іс жүргізуді тоқ­татқан және шетелдік құқық бұз­у­шыларға олар­дың төлқұжаттарын қайтарып берген. Міне, бұдан кейін шетелдіктер заң бұзбағанда қайтеді? Александр ТАСБОЛАТОВ.