Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында байрағын көтерген қол күресінен Азия және Тынық мұхиты жағалауы елдерінің Х Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған тартысты бәсекеде өзге қарсыластарынан жақсы өнер көрсеткен (1257 ұпай) Қазақстан құрамасы осымен жетінші рет аталған спорт түрінен Азия чемпионы атанды. Екінші жүлделі орынға 256 ұпай жинаған көршілес өзбек елінің спортшылары ие болса, үшінші орын қырғыз құрамасына бұйырды. Олардың қоржынында – 246 ұпай. Төртінші орынға 18 спортшы әкелген Иран табан тіреді.
– Осы жылдың 2 желтоқсаны күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әлемнің 53 мемлекетінің 1 800 спортшысы өзара күш сынасатын 33-ші әлем чемпионаты өтеді деп күтілуде. Ел спортшылары осы әлемдік додада тағы да топ жарып шығатындықтарына сенімдімін, – дейді қол күресінен Азия федерациясының президенті, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Мұхаметолла Ағзамов.
Ондасын ЕЛУБАЙ.
* * *
Ольганың күміс олжасы
Жеңіл атлетикадан Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден күміс медальді жеңіп алды.
Осы жүлдені Ольга Рыпакованың алтынға бергісіз жүлдесі деуге болады. Бұл жолы ол биылғы маусымда секірген нәтижесін қайталағанда, алтын жүлдені де жеңіп алатын еді. Сол кезде Ольганың 14,96 метрге секіргенін білеміз. Ал Кореядағы әлем чемпионатында қазақстандық жеңіл атлетке алтын медальді жеңіп алу үшін алты-ақ сантиметр жетпей қалды. Сөйтіп, ол бас жүлдені иеленген өзінің аттасы украиналық Ольга Саладуханың секірген 14,94 метріне жете алмады.
О.Рыпакованың финалдағы нәтижесі оның алдыңғы күндергі іріктеу секірістерінен әлдеқайда жақсы екенін айту керек. Әлем чемпионаты басталған кезде ол үш қарғып секіру секторында басты қарсыласы Яргилис Савиньемен бір топта сынға түсіп, алғашқы талпынысын сәтсіз аяқтаған еді. Сол кезде ол сызықты басып кеткен болатын. Ал екіншісінде 14,33 метрге секіріп, финалға жолдама алған еді. Осы сында Лондон Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізген тағы бір спортшымыз Ирина Эктова іріктеуден өте алмады.
Сондай-ақ биіктіктен секіру секторында Марина Аитова да финалға шыға алған жоқ. Ол 1,89 метрге секіріп, 19-шы орынды иеленсе, 800 метрге жүгіруде Маргарита Мацко 31-ші орыннан көрінді.
О.Рыспакованың күмісі әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар қол жеткізген жалғыз медаль болып қалып отыр.
* * *
«Егемен» лигада ойнайды
Осы күндері Астана мен Алматы қалаларында шағын футболдан әуесқой футболшылар лигасы өтуде.
Оған барлығы 100-ден астам команда қатысуда. Астанадағы қалалық чемпионат осыдан бірнеше күн бұрын басталса, Алматыдағы жарыс 3 қыркүйек күні жалауын көтерді. Осы екі қалада өтіп жатқан жарыстың бір ерекшелігі, Астанадағы бәсекеге 24 команда қатысып, «А» лигасында ойнаса, Алматыдағы чемпионат «А», «В», «С» болып үш лигаға бөлінген. Аталған лигалардың әрқайсысында 18 команда күш сынасуда.
Биыл лигада ойнайтын командалардың қатары бірнеше ұжыммен толықты. Олардың арасында футболдан «Егемен Қазақстан» газетінің командасы да бар. Команданың аты «Егемен» деп аталады.
Жалпы, «Егемен Қазақстан» газеті командасының осыдан бірнеше жыл бұрын Әуесқой футболшылар лигасы басталғалы бері БАҚ арасында Air Astana, K cell, Beeline, Қазкоммерцбанк, Халық банкі, Базис-А сияқты банктер, жекелеген фирмалар, ұялы байланыс операторлары мен басқа да көптеген ұжымдармен бәсекелесіп, чемпионатқа қатысып жүрген жалғыз команда екенін айту керек.
«Астана қаласының Әуесқой футболшылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасыновтың айтуынша, осындай бәсекелестіктің арқасында командалар тәжірибе жинақтап, спорттық бабын жыл сайын арттырып келеді. Қазір Алматыда ғана емес, Астанадағы лигада да жан алысып, жан берісіп жатқан командалар көбейе түсуде. Олардың ойындарына Алексей Пугачев, Георгий Чеховский, Орынбасар Дәуренбеков, Валерий Салимов сияқты азаматтар төрелік жасауда. Бұл үдерісті еліміз футболын дамытуға қосылып жатқан үлкен үлес деуіміз керек.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.