03 Қыркүйек, 2011

Сөзсойыл

418 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
БІРДЕ… «Тірі Мұқағали артық» Мұзафар Әлімбаевтың «Бал­­дырған» журналында бас редактор болып қызмет істеп жүрген кезі болса керек. Ол кезде аты да, атағы да дүркіреп шығып тұрған болатын. Бір күні әлдебір шаруамен Жа­зу­шы­лар ода­ғына бас сұғады. Алдынан ар­­қы­рап-жарқырап арқалы ақын Мұқағали Ма­қатаев шығады. Ақынға ақын жолыққан соң не туушы еді? Әрине, бір шумақ өлең. Сондай өлеңнің бірін Мұқаң оқып кеп жібереді. «О, Мұзаға, өлтірмесең он сом бер, Жан-жағымнан шаншып жатыр семсерлер. Сол он сомды бересің ғой түбінде, Өліп қалып, көмсеңдер». Мұқағалидың табан ас­тын­да шығарған мына өлеңі­не риза болған Мұзағаң: – Өлі Моцарттан тірі Мұ­қағали артық, – деп он сомды Мұқаңның қолына қыстыра беріпті. ӘЙТПЕСЕ ӘРТІС БОЛА МА? «Той десе, қу бас та до­малайды» демекші, Алматы облысына қарасты Нұра елді мекенінде бүркітшілер мен саятшылардың сайысы өте­тін болып, сол жиынға белгілі әнші-әртістер Нұрлан Өнер­­баев пен Байғали Есе­нәлиев­тер бармақ болады. Ақпан айының іші болса керек. Күн суық, жол дегенің бейне көк мұз. Екеуі екі темір тұл­парды «ерттеп» мініп, адам қарасы жиылар сауыққа тар­тып кетеді. Алда әрі аға, әрі бастық – «Джип» мінген Нұр­­­­­лан. Оның ізін қуалап, інілік ізетпен Бай­ға­ли келе жатады. Нұрекең жол­дың тай­­ғақтығына қара­мастан қат­­ты жылдамдық­пен жү­реді. «Адасып қал­май­ын, қа­лып кетпейін» деген ой­мен Байғали да газды ба­рын­ша баса түседі. Бай­қа­са, жыл­дамдық жүзден асып жы­ғылады. Байғали жарығын жа­ғып-өшіріп, «тоқта» дегендей бел­гі береді. Нұрекең оны қапе­ріне де алар емес. Қайта газды ба­са түсіп, жылдамдықты жүз қы­рыққа жеткізеді. Жарыс өтетін жерді білмеген соң, «адасып қалмайынмен» Байғали да жыл­дамдықты үдете түседі. Бірақ қор­қып келеді. «Ойпырым-ай, мы­на жолда апат­қа ұшырасақ, қа­зақ маңдайына біткен екі ары­сынан айырылып қалады-ау. Ел-халық шулап, масқара бола­мыз ғой» деген де ой бар Байға­лида. Соны ой­лаған сайын маң­дайы шып-шып терлейді. Ол ой Нұрекеңе кіріп-шықпайтын сы­ңай­­лы. Әйт­песе, бұлай жүрер ме еді? Тозақтың қыл көпірінен өт­кен­дей болып екеуі межелі жерге жетеді. Байғалиды көлік емес, көлікті Байғали сүйреп келгендей алқынып тұрып: – Нұреке, мұныңыз не? Зәрем зәр түбіне кетті ғой. Ақырын жүрсеңіз қайтеді? «Апатқа ұшы­рап, масқара боламыз ба» деп қорықтым, – дейді. – Соны айтам. Ойбай-ау, өзің өңмеңдеп, соңымнан қалар емес­сің... – Қайдан білейін, сізден ада­сып қаламын ба деп баса бердім. – Өйтіп адасқаның бар болсын! Сәл тежесем, мені сүзіп алғалы келе жатырсың. Сосын қорыққанымнан сенен қаша бердім, газды баса бердім. Жанымды шүберекке түйіп, әрең жеттім, – депті Нұрекең де ентігіп. Сөйтсе, екеуі бір-бірін түсінбей, ағасы қашып, інісі қуа берген екен ғой. Әйтпесе, әртіс бола ма?» Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы. _______ ТҮЙРЕГІШ ТҮЙІНДЕР Елтігеннің ерінін ит жалайды. * * * Үрейлінің бәрі – өтірікші. * * * Салқын шайдан салқын қабақ танылар. * * * Жалған сөйлеуші жазасын өзі тартады. * * * Толғақтың тақсыретін бедеу білмес. * * * Ақымақтан сүбе жегенше, Ақылманнан дүре же. * * * Жасырғанмен тесік барын кемеде, Долы мұхит капитанға көне ме? * * * Жас шағында сайраншыл, Жас ұлғайса ойбайшыл. * * * Зәредей зәрлі сөз де зәбір­лейді. Алматы. _______ ТІКЕНЕК СӨЗ Айлықтан айлыққа же­­ту қиын-ақ. Ал бір параны алып, келесісін алғанға  дейін тіптен қиын! * * * Итті майлы сүйекпен ұрсаң, қыңсыламайды. * * * Өмірді спорт десе де болады. Біреуге ауыр атлет те, ал біреулерге мә­нер­леп сырғанау сияқты болып келеді. Ал жолы болмай бордай тозатын­дар­ға штангіні конки та­ғып алып көтеруге тура келеді. * * * Әйелді бақытты ету тіптен оңай, тек қымбатқа түсетіні болмаса... * * * «Мен тірі жан атау­лыны, әсіресе, аң-құсты өте жақсы көргенім сонша, тіптен әйеліме де қол көтеруге батылым бармайды». * * * Біздің оңтүстігіміз кейбіреулер үшін міндетті түрде солтүстік болып саналады... ______________ «КЕДЕЙ» ӘКІМ – Таптым, таптым, – деп Жапақ есіктен ентелей кірді. – Нені таптың? – Нені емес, кімді де. – Ал, дедік? – Ей, осы сен де түк білмегенсіп, аңқаусынып қалатының-ай! Күні кеше екеуміз кедей әкім «бар ма», «жоқ па» деп бәстескенімізді ұмыттың ба? Қайбір күні әңгімеден әңгі­ме шығып, кедей әкім жөнінде қырғиқабақ сөзге келіп, ақы­рын­да бәстесіп тынғанбыз. Ол соны айтып тұр. Жапақ: «Кедей әкім бар» десе, мен: «Жоқ» деймін. Бәске тігер қал­тамызда көк тиын жоқ. Сондықтан мен: – Егер, кедей әкім бар болса, мұрнымды кесіп берейін, – дедім. Ол: – Егер, жоқ болса, екі көзімді ойып берейін, –деді де, – жо-жоқ, сенің су мұрның мен менің көзім тең емес, ақым кетіп қалады, одан да екеуміз де бір-бір көзден тігейік. – Бұған келіспеймін, өйтке­ні, менің бір көзім екі көзге татиды. Сенікіндей өшейін деп тұрған жоқ. – Әй, сен олай менің қос шы­рағымды кемсітпе... жарай­ды, сен мұрныңды, мен бір көзімді... – Келістік. Жапақ та, мен де «Кедей әкім­нің бар-жоғын анықтай­мыз» деп тәнімізден ет кесуге дейін барып, «басымыздың піскені не, осыны доғарайық» деп, езеуреген екпінімізді баса қой­мадық. Әйтеуір, кедей әкімнің табылмасына сенімдімін. Бірақ, сенімімнің алдағанын қарашы! Міне, Жапағымның екі езуі екі құлағында, кедей әкімді тап­қанына, менің мұрынсыз қала­ты­ныма мәз бола қасымда тұр. Тақа бір мұрнымды кестіру үшін әлдекімнен тапсырма ал­ғандай. Итпен іздесең таптырмай­тын «кедей әкімнің» табыла кетуі зәре-құтымды қашырып, пұ­шық атану қаупі меңдеп алды. Бәрінен де мұрнымды кесер кез­дегі тән қиналысын ойла­ған­да денем тітіркеніп, жүрегім мұз­дап, қалшылдап кетемін. Бұл Жапақ бәстен жеңсе, мұ­рын түгілі басыңды жалмаудан тайынбасы белгілі. Оның үстіне маған кеткен есесі қаншама?! Соларды қайтармай тынбайды. Не істеу керек? Әрі-бері ой­ла­нып: «Бұл жай әншейін Жапақ­тың көбік сөзінің бірі шығар, әлгі байғұс әкімді көзіммен көрмей қалай сенемін» дегендей көмескі үміт қылаң беріп, өзімді-өзім жұбатқансыдым. Жапақ: «Жүр де жүр, дәл бүгін көрсетемін» деп бөлмеден дедектете сүй­рей жөнелді. Жа­пақтың шайтан арбасына мінгесіп кедей әкімнің үйіне келіп те қалдық. Жапақ: – Осы жерден аңди­мыз. Оның тіршілігін кө­зіңмен көресің, – деді. Бақылап отырмыз. О, тоба, шынында кедей әкім бар екен. Таңда­ныс­тан таңдайым тақылдап, басымды шайқай бердім, шайқай бердім. Әне, бір ауданның дүркіреген әкі­мі жыр­тық-жыртық күр­те­шесін иы­ғы­на ілген күйі бүкшеңдеп, көрші бизнес­меннің ауласын сыпы­рып, бала­­лары тезек теріп жүр, ал әйелі тақия жамап, күнесте отыр. Өз көзіме өзім сенер ем­еспін. Мұ­рыннан айырылар азап­тың ты­қы­ры таянғанын мойын­дамасқа не шара. Кәдімгі әкім, о, тоба! Мұн­дай да болады екен-ау! – Ал, Жапақ, мұрнымды кесе берейін, – дедім. Ол болса: – Жо-жоқ, кеспей-ақ қой. Өйткені, осыған өзім де сенбеймін, – дейді. – Айналайын, Жапағым, сөйт­­ші, сөйтші, шынында адам сен­бейтін нәрсе ғой, – деп, мұр­ным­ның орнында қаларына, бә­се­келесімнің рақымшылық жа­сағанына қуанғаннан жылап, артынша жуып жібердім. Оу, халайық, бізде кедей әкім бар екен, бірақ, бәрібір бұл сө­зі­ме сіздер түгілі өзім сенбеймін. Иә, иә, сіздер сенбейсіздер. Ал­ай­да, біреу-міреумен бәстесе қал­саңыздар мұрындарыңызды құр­бан­дыққа шалып жүрмегей­сіз­дер. Жолдыбай БАЗАРОВ. Астана. ______ ШЫМШЫМА ШУМАҚТАР Құбылмалы «Тәрбие туралы толғанса» деп тебіренеді, Былай шыға шатынап, шайтан түрге енеді. Кім неден қорқады? Біреулер биіктен, шыңнан қорқады, Біреулер тоғы бар сымнан қорқады. Біреулер жыннан қорқады, Енді біреулер сол жындармен араласып жүрсе де, Орынды сыннан қорқады. Бұл кім? Ішіп алса бас салып сүйе береді, Сау кезінде жұдырығын түйе береді. Жаны ашу Жақыны өлгенде «Күйік үшін» деп ішіп жүрді. Бастығының баласы шетінеп еді, «Ой, бауырымайлап» жылап – Көзге түсіп жүрді. Патрульдік полицей Маскүнем машинаға сыймай қалып кетті, Сыра ішкен галстукті ағайды «құрметпен» алып кетті. Ойнап отыр, ойлап отыр – Арыстаным, айбарлым, – деп, – Жаны жомарт жайдарлым, – деп, Бір жас сұлу шалдың тізесінде, Сақалымен ойнап отыр. Байлық шіркін арды да адастырар, Соңындағы дүниені ойлап отыр. Үйленген соң... Қыз кезінде қасынан қалмады, Қызықтырып сиқыр сөзбен арбады. Қазір енді жерініп отыр, Қосағы оған мыстан боп көрініп отыр. Намыс – «Ұлттың саны өте аз» деп уайым жеп, Бір қыз отыр некесіз туайын деп. Барлау Қос құдағи бірі қызын, бірі ұлын мақтап отыр, Бірін-бірі талап тастауға шақ қап отыр. Бір ару көрдім көшеде Бүгін де кешке, кеше де, Бір ару көрдім көшеде. Расында, өзі хас сұлу, Бірақ мас сұлу. – Атым – Сымбат, – деді, – Құным – қымбат, – деді. Қымсынудан жұрдай, Өзі жалаңаш дерлік тырдай. Бетті бастым, Тұра қаштым. Қорыққанымнан жүрегім тоқтап қалды, Әлгі ару соңымнан боқтап қалды. Сабырбек ОЛЖАБАЙ. Шымкент. _________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.