23 Желтоқсан, 2016

Қазақстан – Иран: Әріптестік әлеуеті арта түседі

210 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
adg_0676Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті. Қазақстан Президенті мәртебелі мейманды салтанатты рәсім бойынша қарсы алғаннан кейін мемлекет басшылары ең алдымен шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Шағын құрамдағы келіссөз барысында инвес­тиция, сауда-экономика, көлік-транзит және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қи­мыл мәселелері талқыланды. Елбасы бұған дейін де жоғары деңгейде өткен кездесулер Қазақ­стан мен Иран арасындағы достық қарым-қаты­нас­тың айғағы екеніне назар аударды. «Иран­нан экономикалық шектеулердің алынып тасталуы Сіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санай­мын», – деді бұл орайда Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған әлем мемлекеттерінің бірі Иран екенін атап өтті. «Қазақстан өз тәуел­сіз­дігін алғалы біздің Иранға қатысты достық сипат­тағы саясатымыз еш өзгерген емес. Қазір елдері­міздің ынтымақтастығын стратегиялық дең­гейге көтеретін кез келді және Қазақстан өзара тығыз іс-қимылға дайын», – деді бұл орайда Қазақстан басшысы. Ал Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құт­тық­тап, Иранның Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән бере­тінін айтты. «Біздің саясатымыз әрдайым жақын орна­ласқан елдермен тату көршілік қарым-қаты­насты нығайтуға бағытталған. Иранға Сіздің биылғы сәуір айындағы сапары­ңыз­дың екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудағы маңызы зор болды», – деді Иран Президенті өз сөзінде. Келіссөз қорытындысында мемлекет бас­шы­­­­лары бұл сапардың Қазақстан мен Иран ын­ты­мақ­­тастығына тың серпін беретініне сенім білдірді. Шағын құрамдағы келіссөз тараптардың кеңейтілген құрамдағы келіссөздерімен одан әрі жалғасты. «Иран – Қазақстан үшін мұсыл­ман әлеміндегі ең маңызды әріптес және Каспий жағалауындағы тату көрші, дос. Сіздің кейін­гі кездегі ядролық мәселені шешуде жаса­ған зор еңбегіңізді біз, Қазақстан халқы өте жо­ға­ры бағалаймыз. Бұл мәселе жөнінде көп ең­бек сіңірдіңіз. Дүние жүзінде Сіздің бұл жұмысыңыз жоғары баға алды. Мен Сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын», – деді Н.Назарбаев кеңейтілген құрамдағы кез­десуде сөйлеген сөзінде. adg_0755 dsc_1479Бұдан кейін Қазақстан Президенті ядролық бағдарламаға қатысты санкциялар алынғалы бір жыл уақыт өткенін, осы аз ғана уақыттың ішінде Иран өз экономикасын жүйелі дамытып, көп табысқа қол жеткізгенін айтты. «Бұл Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа айтар­лықтай ықпалын тигізді. Біз үшін Сіздің жүр­гізіп отырған саясатыңыз бүкіл Каспий төңі­регіндегі елдер үшін үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар, Қазақстан басшысы биылғы жылы сәуір айында Тегеранға жасаған сапары аясында тиімді келіссөздер жүргізілгенін айта келе, Иран Президентінің Астанаға келуі қос мемлекет үшін де пайдалы болатынына сенім білдірді. «Менің сапарымнан кейін жалпы сомасы 1 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімге қол қойылған. Қазір ол жұмыстың барлығы жүріп жатыр. Кейбіреулері ойдағыдай іске асырылып келеді. Бұл  қуантарлық жайт. Бірақ, әлі де күш-жігерімізді салуымыз керек. Алдымызда үлкен шаруалар бар. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз аясында алға қойылған барлық мәселені шешуге біз дайынбыз», – деді Н.Назарбаев. Өз кезегінде Хасан Рухани Иран тарапына көр­сеткен қазақы қонақжайлығы үшін Қазақстан Пре­зиденті мен ел Үкіметіне ризашылығын біл­­дірді. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігі­­нің 25 жылдық мерейтойына орай, Сізді және біз үшін аса қымбат Қазақстан халқын құт­­тық­­таймыз. Біз мұсылман мемлекеттері сана­­ла­­тын елдеріміз арасындағы достық пен бауыр­­лас­­тық қарым-қатынасты жалғастыруды қуат­­тап, қолдаймыз. Сонымен қатар, бізді Кас­пий бо­йын­дағы тарихи, ежелден келе жатқан көр­ші­лестігіміз де байланыстырып жатыр. Біз қарым-қатынасымызды барлық салада сапалы дең­гейге көтеруге ниеттіміз», – деді Иран Президенті. Хасан Рухани Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Иран мен «алтылық» арасындағы ядро­лық келі­сім­ге қол жеткізудегі, сонымен қатар, бірлес­кен іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру­дағы ай­рық­ша рөлі үшін шынайы ризашы­лығын біл­дірді. «Сонымен бірге, бейбіт атом саласын­дағы Иран мен Қазақстан арасындағы жақсы ынты­мақтастық үшін де Сізге ризашы­лығым­ды біл­дір­гім келеді. Сіз әр уақытта да халық­ара­лық арена­да, ұйымдар аясында және өңір­лік деңгейде Иран­ға қолдау білдіріп келесіз. Бұл сапар шең­берінде біздің қарым-қатына­сы­мыз­дың дамуы­на бөгет болатын кейбір кедергілердің жойы­ла­ты­нына сенім артамыз», – деді Иран Президенті. Кеңейтілген құрамдағы келіссөз­дерден кейін мемлекет басшылары БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. «Ең алдымен, делегацияны басқарып келген Иран мемлекетінің басшысы, қадірменді Хасан Рухани мырзаға Қазақстанға қош келдіңіз деймін. Бұл біз күткен сапар. Бұл Иран басшысының Қазақстанға екінші рет келуі. Мен биылғы сәуір айында осы елге ресми сапармен бардым. Сол кезде біз кездесіп, көп мәселені шештік. Бүгінгі кездесу сол кездесудің жалғасы және екі елдің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жоғары сапаға көтереді деп санаймын», – деді Қазақстан басшысы. Қазақстан Президенті, сондай-ақ, Иран мұсылман елдері арасында Қазақ­станның Тәуелсіздігін таныған ең алғаш­қы елдердің бірі болғандығына тоқ­тал­ды. Қазақстан 1991 жылдың 16 жел­тоқ­санын­да Тәуелсіздігін жарияласа, 1992 жылдың 29 қаңтарында екі ел ара­сын­да дипломатиялық қарым-қаты­нас орнағанын атап өтті. «Оған да, міне­кей, 25 жыл болады. Бұл – екі елдің ара­сын­дағы достық қатынастың жар­қын көрі­нісі. Осы ширек ғасырдың ішін­­де біз­дің мемлекеттер арасындағы қарым-қа­ты­нас өте қарқынды дамыды. Біз ын­ты­мақ­тастықтың бар­лық бағыты бо­йын­­ша жұмыс істедік. Тегеран Қазақ­стан­­ның сыртқы саяси бас­тамаларының бар­лы­ғы­на қолдау көр­сетіп келеді. Иран – біз­дің өңіріміздегі жақын көршіміз, се­нім­­ді әріптесіміз. Біз, тіпті Иран төңі­регін­де санкциялар болып жатқан кез­де де бұл елмен байланысымызды үзген емес­піз. Ядролық бағдарламаға қатыс­ты келіс­сөз­дердің екі раундын Алма­ты­да өткізіп, қо­лы­мыздан келгенше көме­гіміз­ді беріп, қол­ұшымызды создық», – деді Н.Назарбаев. Бірлескен мәлімдеме кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Хасан Руханимен келіс­сөз­дер аясында екіжақты қарым-қа­ты­­нас­ты әрі қарай тереңдету және дамыту жолдары жан-жақты талқылан­ға­нын, мәселен, Қазақстан – Иран көлік әлеуе­тін бірлесе пайдалану қажет­тігі назар­­ға алынғанын, темір жол сала­сын­­­дағы ынтымақтастық жанданғанын жет­­кізді. «Қазақстан – Иран үнқатысуы ая­сын­­да қарым-қатынасымыз кеңейіп, жүйе­леніп келеді. Басты мақсатымыз – екі халық­тың достық қарым-қатынасын одан әрі ны­ғайту. Сондай-ақ, келіссөздер бары­сында сауда-экономика, инвестиция, әріптес­тікті нығайту жолдарына да баса назар аудардық», – деді Қазақстан басшысы. Осылай деген Нұрсұлтан Әбішұлы қос тарап екі елдің өзара әріптестігінде басымдыққа ие бірнеше мәселені талқыға салғанын атап өтті. «Біріншіден, екі елдің арасындағы транзиттік зор әлеуетті бірлесе пайдалануды дамыту маңызды. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан – Түрік­мен­стан – Иран темір жолы – өңірдегі тиімді көлік коммуникациясы. Ол тек қана Қазақстаннан Иранға емес, Пар­сы шығанағына шығып, сол өңірдегі мемле­кет­термен экономикалық қарым-қаты­нас жасауға мүмкіндік береді. Қазір Иран аумағында астық және кон­тей­нер терминалдарын бірлесіп салу жұмысы қолға алынып жатыр», – деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ, ол қазірдің өзінде Иран компанияларының Қазақстан аумағында жалпы құны 480 млн доллар болатын ауыл шаруашылығы жобаларын іске асы­рып жатқанына тоқталды. «Бұл менің осы елге жасаған сапарымның нәтижесінде келісілген мәселе болатын. Біз Иранға тек астық емес, күнбағыс майын, рапс, арпа, күріш және басқа да аграр­лық өнім­дерді тасымалдауға мүдде­ліміз және дайынбыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан кейін Қазақстан Президенті кен металлургиясы саласында өзара тиімді ынтымақтастықтың тетігі бекігенін, Иран тарапы Қазақстан аумағында геоло­гия­лық барлау жұмыстарын жүргізу­ге мүдделі екенін жеткізді. «Қараған­ды облысында мыс кен орнын игеру Иран компанияларымен бірлесіп қолға алына бастады. Иран тарапы Қазақ­стан аумағында геологиялық барлау жұмыс­тарын жүргізуге мүдделі. Біз оны қолдаймыз», – деді Қазақстан басшысы. Н.Назарбаев әуе қатынасы бойынша да өзара келіссөздердің жүргізілгенін айтып өтті. «Менің сапарымнан кейін Алматы мен Тегеран арасында аптасына 3 мәрте әуе көлігі ұшатын болды. Алдағы жылы Тегеран – Астана арасында әуе жолы қатынасын жасаймыз», – деп атап өтті Қазақстан Президенті. Мұның ая­сын­да тараптардың екі елдің виза режі­мін оңтайландыру, өзара туризмді ын­та­­лан­дыру үшін нақты шаралар қабыл­­да­у жөнінде келіскенін айтты. «Оған кері ықпалын тигізіп отырған екі елдің банк­тері арасындағы есеп айыры­су мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Оны да шешетін боламыз», – деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті Иран Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, балама қуат көздері саласындағы өз жетіс­тіктерін көрсететініне де назар аудар­ды. Сонымен қатар, қос тарап өзекті халық­аралық және өңірлік мәселелер жөнінде де пікірлескенін айтты. «Ислам­о­фобияның таралуы, дінімізді терро­ризм­мен және жиһадизммен байланыстыру сияқты қатерлермен күрес жолында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаластық. Қатерлі құбы­лысқа айналған халықаралық терроризм мен экстремизмге, қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орнатуға келістік», – деді Қазақстан басшысы. Бұған қоса, Нұрсұлтан Әбішұлы келіс­сөздер барысында екі ел БҰҰ, ИЫҰ, Азия Кеңесі, ШЫҰ сияқты халықара­лық ұйымдар аясында өзара саяси ықпал­дас­тықты нығайту бағытында келісімге келіп отырғанын атап өтті. «Иран Еуразиялық экономикалық одақ аясында, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін біл­дірді. Қазақстан Иранның бұл ұмты­лысын қолдайды. Мен талқыланған бар­лық мәселе бойынша өзара ортақ түсі­ніс­тікке қол жеткізгенімізді баса айт­қым келеді. Осының барлығы екі елдің көзқарасы мен ұстанымдарының ұқсас екендігін, мүдделеріміздің бір екендігін дәлелдейді. Жалпы, Қазақстан мен Иран қарым-қатынасын барлық сала бойынша нығайтуға мүмкіндік мол. Бұл екі елге де бірдей пайдалы», – деді Н.Назарбаев. Сөзінің соңында Елбасы Қазақстан – Иран өзара әріптестігін одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін атап өтті. Ал Хасан Рухани Қазақстан Прези­дентінің Иранға сапары аясында қол қойылған құжаттардың нәтижесінде екі ел арасындағы байланыстың дамуында, оның ішінде экономика, мәдениет, білім-ғылым секілді салаларда оң дин­а­ми­ка­лық өзгеріс байқалғанын атап өтті. «Қазақстан – Орталық Азия өңірін­дегі стратегиялық маңызы бар мұсыл­ман ел. Біздің арамызда ежелден қалып­тас­қан тарихи қарым-қатынас бар. Қос мемлекет бүгінгі күнге дейін орныққан ынты­мақ­тастықты одан әрі дамытуда үлкен мүмкіндіктерге ие», – деді Иран Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Рухани арасындағы келіссөздерден кейін бірқатар құжаттар ресімделді. Мәселен, бұл күні Қазақстан Республика­сының Үкіметі мен Иран Ислам Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы Вете­ринария және жануарлар саулығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Иран Ислам Рес­­пуб­ликасының Үкіметі арасын­дағы Теңіздегі кеме қатынасы саласын­дағы сауда мақсатын көздейтін ынты­мақтас­­тық туралы келісімге, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Иран Ислам Рес­пу­б­­ли­касының Қолөнер және туризм ұйымы арасындағы Туристік топтар­дың өзара сапарларын жеңілдету жөнін­дегі меморандумға, Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық банкі мен Иран Ислам Республикасының Орталық банкі ара­сын­дағы Екіжақты сауданы ұйымдас­тыруға жәрдемдесу жөніндегі өзара түсініс­тік туралы меморандумға және Қазақ­стан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Коопе­рация, еңбек және әлеуметтік әл-ауқат министр­лігі арасындағы Еңбек және әлеу­меттік қам­сыздандыру саласындағы ынты­мақтас­тық жөніндегі өзара түсіністік тура­лы меморандумға қол қойылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды