Әлемде шешуі қиын түйіндер көбейіп тұр
Йемен – мемлекет ретінде қалыптасуынан бастап, осы кезеңге дейін билік буындарын берік нығайта алмай, соның салдарынан дағдарысты бастан кешіп келе жатқан ел. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан Йеменде қысқа үзілістермен, жағрафиялық орындары ғана ауысқан қарулы қақтығыстар толастамай тұр.
Ұзаққа созылған тұрақсыздықтың басты себептері – биліктің әлеуметтік, саяси, экономикалық салаларда нақты даму жоспарының болмауы, алға қойылған мақсаттардың жүзеге асырылмауы болып табылады. Саяси үрдістердің белгілі бір тұлғалардың мүдделеріне ғана ыңғайланып, халықтың басым бөлігі қабылдайтын азаматтық ұстанымның қалыптаспағандығы да өз залалын тигізді. Елде оңтүстік, солтүстік деп аймаққа бөліну, сүниттік-шииттік болып дінге бөліну және тайпалық бөліну де халықтың бірлігіне сызат түсірді.
Халықтың шоғырлануы қалыпты емес, йемендіктердің басым бөлігі елдің батысында, содан соң оңтүстік пен солтүстікте шоғырланған. Шииттер – солтүстікте, ал сүниттер – оңтүстікте. Әлі күнге дейін халық деген түсінік көбіне ру-тайпа деңгейінде қарастырылады. Сондай-ақ, мемлекеттің саяси өміріндегі мәжбүрлеу саясаты күні кешеге дейін басымдық танытып келді. Халық тұрақсыздық нәтижесінде жаппай қарулануға көшті. Бүгінде 25 миллион йемендікте қарудың 62 миллионға жуық түрі бар көрінеді. Экономиканың мардымсыздығы мен ресурстардың аздығы да жағдайды одан бетер ушықтырып отыр.
1962 жылы монархия құлатылып, Йемен Араб Республикасы жарияланды. Одан әрі монархистер мен республикашылдар арасында сегіз жылға созылған бітіспес қарулы күрес басталды. 1967 жылы Оңтүстік Йемен бөлініп шығып, ол Йемен Халықтық-Демократиялық Республикасы деген атауға ие болды. Жаңа мемлекет социалистік даму жолын таңдап, солтүстік Йеменмен жиырма жылға созылған әскери және саяси-экономикалық бәсекеге түсті. Осы уақыт ішінде екі Йеменде де ішкі төңкерістер мен әртүрлі мақсаттарды көздейтін, түрлі саяси және діни топтардың қарулы бас көтерулері толастаған жоқ. Айта кетер бір жайт, сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Кеңес Одағының Йемендегі елшілігінде қазақ халқының перзенті, кәсіби дипломат Самат Сіләмбекұлы Сүндетпаев екінші хатшы лауазымында қызмет атқарды. Ол аталған мемлекеттегі кезекті бір бүлік кезінде елшілік қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын атқару барысында лаңкестердің оғынан қаза тапты.
1990 жылы екі мемлекет қайта бірігіп, біртұтас Йемен Республикасы болып жарияланды. Жаңа мемлекетте билік лауазымдарын бөлу кезінде тізгіннің көбі – әскери лауазымдар, министрлер қызметтері солтүстік Йемен өкілдеріне тиесілі болып кеткендіктен, 1994 жылы оңтүстік йемендіктер қайта бөлінуге әрекет жасады. Дегенмен, бұл шара нәтижесіз болып, дереу әскер күшімен жаншылып тасталды.
2012 жылы «араб көктемі» салдарынан Салех Әли Абдалла президенттіктен кетуге мәжбүр болды. Оның орнына Абд Рабе Мансұр Хади сайланды. Осы уақыттан бастап, хусилер мен жаңа билік арасындағы тартыс жаңаша өрбіді.
Йемендегі дәстүрге айналған орталық биліктің әлсіздігі «Ансар Алла» («Алланы жақтаушылар») деп аталатын, мемлекеттегі саяси кеңістікте әртүрлі, тіпті кейбіреулерінің догмалары бір-біріне қайшы келетін діни, әлеуметтік және саяси пиғылдарды қолдайтын, маргиналдар деп атауға боларлық «хуситтер» (исламдағы шиизм ағымының зейдиттер тармағы) ұйымының күшеюіне әкеліп соқтырды.
Ресми билікке қарсы келген хуситтер туралы айта кететін болсақ, олар өздерін елдің солтүстік өңіріндегі Саада провинциясында йемен билігімен келіспеушілікте болған Хусейн Бадр Аддин әл-Хуси деген йемендік зейдиттер қозғалысының басшысы атымен танымал. Хусейн Бадр Аддин әл-Хуси 1959 жылы дүниеге келген. Йемен біріккен 1990 жылдан саяси өмірге белсенді түрде араласа бастайды. Саада провинциясынан Әділеттілік партиясын құрады. 1993 жылы оның партиясы парламенттік сайлауда жеңіске жетеді. 1997 жылға дейін әділеттілік партиясы атынан парламент мүшесі. Саясаттағы берекесіздік салдарынан және жалпы Йемен ішкі өміріндегі тоқырауды жеңу жолдарын көруден қалған ол, партиясының құрамынан шығып, «Діншіл жастар» атты жаңа ұйым құрады.
2004 жылдан бастап әл-Хуси президентті, үкіметті, жалпы ішкі және сыртқы саяси бағытты қатты сынға ала бастайды. Көп ұзамай ол өзін имам ретінде жариялап, елдің солтүстігіндегі таулы өңірлерде жасырынып, үкіметке қарсы қарулы әрекеттерге көшеді. Өз кезегінде билік оған халық арасында іріткі салатын діни қайшылықтарды таратушы ретінде кінә тағып, ішкі қауіпсіздікке қатерлі адам деп қарастырды.
2004 жылдың маусым айында үкімет қауіпсіздік күштерінің әл-Хусиді тұтқындамақ әрекеті оның жақтастарының қарсылығына тап болып, қанды қырғынға ұласты. Қақтығыс кезінде әл-Хуси қаза тауып, денесі сол кездегі ресми билік тарапынан туыстарына сол бойы берілмеді. Көп ұзамай, көтеріліс басшылығын оның әкесі Бадр Аддин Хусейн әл-Хуси, одан кейін ағасы Абдул Мәлік әл-Хуси қолына алды. Қазіргі таңда қозғалыстың жетекшісі 1979 жылы туған Йемен революциялық комитетінің президенті Мұхаммед Әли Әл-Хуси. Қарап отырғанымыздай, бәрі ағайынды туыстар.
2014 жылы хуситтер «Әл-Қаиданың» йемендегі топтарына нәтижелі соққы жасап, қыркүйекте ел астанасы Сананы басып алады. Президент Абд Рабе Мансұр Хади Аденде бой тасалап, сырттан, негізінен, Парсы шығанағы монархияларынан көмек сұрайды.
2015 жылдың наурыз айында хуситтердің әрекеттеріне түбегейлі қарсы болған Сауд Арабиясы дипломатиялық әрекеттерді тоқтатып, араб елдерінен әскери коалиция жасақтап (Бахрейн, Қатар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Иордания, Марокко, Судан, Сенегал) хуситтерге қарсы әскери шараны бастайды. Сонымен бірге, Риядқа бұл істе АҚШ, Пәкістан, Сомали мен Эритрея әртүрлі көмек жасауда.
Техниканың озық түрлерімен жақсы қаруланған коалиция жылдам жеңіске жетуге талпынғанымен, барлық әрекеттері тығырыққа тірелді. Хуситтер бастапқы кезеңде жеңілістерге ұшырағанымен, партизандық соғысқа көшіп, соғыс қимылдарын Сауд Арабиясы шекарасына ауыстырды. Кейбір сырттың көмегі арқасында хуситтер қарсыластарына әскери және техникалық біршама шығын келтірді. Қысқасы, соғыс ұзақ уақытта созылып кетті. Әдеттегідей нәтижесіз әскери науқан кезінде келіссөздер жүрді, екі жақтың оқ атуларын тоқтату келісімдері жасалды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілігі мәлімдемелермен шектелді.
Қазіргі таңда Саудия Йеменде және оның шекарасында 150 мыңға жуық әскериді шоғырландырған. Хуситтердің күштері шамамен 100 мыңнан асады делініп отыр. Араб елдері ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде жалпы қақтығыс салдарынан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Басым бөлігі бейбіт тұрғындар.
Сөйтіп, Йемен қайта екіге бөлініп, қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. бұл соғыстан 100 млрд АҚШ долларын жұмсап, қаржыландыруды әлі де жалғастырып жатқан Сауд Арабиясы да шаршаған сыңайлы. Одақтастары да біртіндеп коалиция қатарынан шыға бастады. Мәселен, үстіміздегі жылдың маусым айында Біріккен Араб Әмірліктері коалициядан шығып, Йеменнен әскерлерін алып кетті. Басқа одақтастары да біртіндеп әскерлерін қысқартуда.
Осы жылдың тамызында Санада Жоғары саяси кеңес құрылып, хуситтер басшылығы осы ұлттық коалициялық ұйымға бағынатынын жариялады. Жоғары саяси кеңестің төрағасы болып, Йеменнің хуситтерден қашқан бұрынғы президентінің саяси кеңесшісі Салех Ас-Самад тағайындалды.
Әрине, Йеменде қалыптасқан ахуалдың басқа да қырлары баршылық. Яғни, мұнда аймақтық және әлемдік мемлекеттердің мүдделері түйісіп жатқандығы да айқын көрінуде. Ал егер Йемендегі шиеленістің ішкі астарын қарастыратын болсақ, негізінен, билік басындағы элитаның ресурстар үшін күресін аңғарғандайсың. Элита мұнда конфессиялық, тайпалық және идеологиялық болып жіктелген. Таза діни қақтығыс орын алып жатыр деуге де мүлдем болмайды, себебі, бұл елде мүдделеріне жету мақсатында қарама-қайшы тараптар діні мен руына қарамастан одақтар құрып, ортақ жауларына қарсы шығу жиі болып тұрады.
Кейбір өңір елдері Йеменде баршаға қолайлы сүниттік-шииттік билік орнықтыруға тырысқанымен, елдегі ішкі күштер олардың жоспарларын жоққа шығаруда. Демек, Йеменнің өз ішіндегі тартыс тоқтамайынша, тараптарды қолдап келе жатқан сырт мемлекеттердің әскери көмектері нәтиже бермейді деген сөз. Ал текетірес созыла берер болса, дағдарыстың көрші мемлекеттерге таралуы да әбден мүмкін.
Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, Сирия, Ирак, Ауғанстан, Сомали, Йеменде, Африка құрлығындағы кейбір елдерде және әлемнің басқа нүктелерінде орын алып жатқан қарулы қақтығыстар шешімін табар емес. Тұтанған қақтығыс ошақтары дер кезінде сөндірілмесе, тұрақсыздық кеңістігі кеңейе бермек. Әсіресе, Таяу Шығыстағы, локалды қақтығыстар тоқтамай, жаһандық деңгейде бейбітшілік орнату мүмкін емес.
Сәлім ӘМІРОВ,
саясаттанушы