Кеше ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісі шеңберінде Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов өзінің украиналық әріптесі Константин Грищенкомен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесуге қатысушылар Астана мен Киевтің екі жақты және көп жақты пішіндердегі ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады және екі мемлекет басшыларының тиісті тапсырмаларының жүзеге асырылуы жайын сөз етті.
Қазақстандық және украиналық дипломаттардың ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимылы әңгіменің маңызды тақырыбы болды. Астананың 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы мен қазақстандық тараптың ЕҚЫҰ «Үштігі» үдерістеріндегі жалғасып жатқан жұмысы шеңберінде тараптар Украинаның 2013 жылғы аталған Ұйымға жақындап келе жатқан төрағалығына орай тәжірибе алмасу және барынша тығыз өзара қарым-қатынас жасау жөнінде уағдаласты.
К.Грищенко Украина Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығын қызығушылықпен бақылап отырғанын және маңызды халықаралық миссияларды табысты жүзеге асырады деп сенетінін жеткізді.
Тараптар Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы ағымдағы жағдайды талқылап, Ливиядағы ахуалдың жедел тұрақтануының маңызы зор екеніне екпін түсірді.
Сұхбаттастар соңғы жылдары екі ел арасындағы жедел дамып отырған сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң үдерістерін атап көрсетіп, әлі де үлкен өсу әлеуеті бар екеніне тоқталды. Әсіресе, энергетика саласында және азық-түліктің әлемдік рыногындағы позицияларды үйлестіруде зор мүмкіндікке ие екендігі назарға алынды.
Қазақстан мен Украина сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екі мемлекеттің Сыртқы істер министрлері арасында тығыз консультациялар өткізуге уағдаласты. Әңгіме соңында К.Грищенко Е.Қазыхановты алдағы кезеңде Украинаға сапармен келуге шақырды.