03 Қыркүйек, 2011

Биылғы білім күні денсаулық сабағымен басталды

489 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Білім күні ел  мектептерінде, соның ішінде Астанада «Ден­сау­лық сабағы-2011» өтті. Ден­саулық сабағы еліміздің жал­пы білім беру орындарында ал­ғаш­қы рет өткізіліп отыр.   Бұл іс-шараға ерекше назар ауда­рыл­ды. Денсаулық са­ба­ғын Ден­сау­лық сақтау министрлігі ұйым­дас­тырды. Осы күні Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің жауапты хат­шысы Серікбол Мусинов Астана қа­ла­сын­дағы №60 мектеп-лицейінде болды. Жауапты хат­шы оқу­шы­лар­ды білім күнімен құттықтады. Онымен бірге, Астана қаласы ден­саулық сақтау басқармасы бас­ты­ғы­ның міндетін атқарушы Серік Аяға­нов, Саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру орталы­ғы­ның директоры Марат Құрманов жүрді. «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімдік стратегиясының басым бағыт­тары­ның бірі өскелең ұр­пақ­тың ден­саулығы, білім алуы мен игіліктері  болып табылады. Ел халқы­ның ден­саулығын ны­ғай­ту үшін, мектеп қа­бырғасынан бастап са­ламат­ты өмір салты мә­де­ниетін қа­лып­тастыру, жат мі­нез-құлық фак­тор­ларына қар­сы тұра алатындай өмірлік дағ­ды­лар­ды бойына сіңіру өте ма­ңызды. Мектеп оқушылары арасында саламатты өмір салтын насихаттау үшін Денсаулық сақтау министрлігі бастап, Білім және ғы­лым министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, облыстардың, Астана мен Алматы қала­ла­ры­ның әкімдіктері бірлесіп, рес­пуб­ликаның барлық мектептерінде «Денсаулық саба­ғы-2011» өт­кіз­ілгенін, ол балаларға арналған нағыз денсаулық мерекесі бол­ға­нын айта кетуіміз керек. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы қарсаңындағы «Ден­сау­лық са­ба­ғы-2011»  саламатты өмір салты мә­де­ниетінің түрлі бағытта­рын қам­ты­ды. Атап айт­қанда, белсенді дене қимылы, спортпен ай­налысу, дұ­рыс та­мақ­тану, зиянды әдеттерге қар­сы тұра білу, тұр­мыста және жол­да жүргенде қауіпсіздікті сақ­тау, жат мінез-құлықтан арылу, т.б. «Денсаулығыңды күтуге дағ­ды­лан!»  – бұл бойынша оқу­шы­лардың әрқайсысын күнделікті белсенді болуға, саламатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдет­терге қарсы тұра білуге, саламат­ты өмір салтының дағдыларын игеруге  шақыру көзделген. Осы тақырыпта өткен сабақта мектеп оқушыларының барлығына са­ламат­ты өмір салтынан мол ақ­па­рат алуға мүмкіндік жасалды. Еліміз бойынша өткен ден­сау­лық сабағына атақты спортшылар, жас­тар үлгі тұтатын тұлғалар, спорт­­пен және дене шы­нық­тыру­мен жүйелі түрде айналысатын қоғам қай­раткерлері, денсау­лық­ты сақ­тау мен нығайту ісіне үлес­терін қосқан, саламатты өмір сал­тын ұстанушы ғылыми-зерттеу инс­титуттарының және медици­на­лық жоғары оқу орындарының  өкіл­дері, өзге де азаматтар қа­тысты. Сүлеймен МӘМЕТ.