Кешегі күні кеншілер қаласы – Екібастұзда басталған республикалық III Патриоттар форумы ары қарай облыс орталығында жалғасты. «Бірлігіміз жарасқан!» атты республикалық жастар форумына еліміздің әр облысынан топ-топ болып, жүздері жарқын алау жастық көңілмен мыңға тарта студент жастар келді. Еліміздің егемендігі мен елдігін паш ететін мемлекеттік рәміздерімізді ардақтайтын отансүйгіш жастар шеруі Ертіс өзені жағалауынан басталды. Көк байрақ туды көтерген патриот жастар облыс орталығындағы «Даңқ» алаңында батырлар рухына тағзым етті.
Ұлттық рәміздер еліміздің өткені және болашағы арасындағы сабақтастықты білдіреді. Халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығын, даналығын айшықтайтын еліміздің жаңа тарихының қастерлі беттері деуге болады. Ендеше, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуде оның мән-мағынасын түсіндіруіміз керек. Форумның да көздеген мақсаты осы. Бұл жөнінде Қазақстан Жастар конгресінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов мәлімдеді.
Форум аясында жастар шеруі ұйымдастырылды. Мақсаты – әрбір жастың бойында өзінің Отанына деген, өз елінің рәміздеріне деген құрмет сезімін ояту. Иә, Отанның өзі осы желбіреген көк тудан, елдік белгілерден, әнұраннан басталады. Бүгін олардың жүздерінде ерекше бір толқу бар. Бір мезетте бүкіл еліміздің жастары орындаған әнұран біздің облыс орталығында да шырқалды. «Менің елім, менің Қазақстаным» деген сөздер туған жерге деген сүйіспеншілікті, болашаққа деген сенімділікті айшықтады. Отанға деген шексіз құрметті бір-ақ сөзге сыйғызып тұр.
«Мен бірлігі жарасқан елдің ұланымын» деген жастар шеруі «Даңқ» алаңына келіп жетті. Осы жерде Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев сөз сөйледі: «Біздің бабаларымыз жеңіс алып келді. Біз тарихқа бас иеміз. Еліміз жасасын, жастар осы жолды жалғастырсын! – деді ауған соғысының ардагері. – Бұл күндері еліміздің көк байрағы басқа да тәуелсіз мемлекеттердің туларымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде желбіреп тұр. Олимпиада кезінде еліміздің спортшылары құрметіне көтеріледі. Елтаңбамыз ұлттық теңгемізде бейнелеген. Мемлекеттік рәміздер ғарышкерлермен бірге көк жүзінде, ғарышта да болып қайтты».
Міне, осындай құндылықтарды жастар білулері үшін жыл сайын Рәміздер күні аталып өтеді. Жігерлі жастардың мерекелік шеруі еліміздің құныдылықтарын қастерлеп, мәртебесін асқақтатып, жастарды бір жерге топтасуға үндейді. Бәрі де осы бір күннің шынайы мәнін ұғып, қолдарына ұстаған көк туларын желбіретіп, әсем жағалауды нағыз мерекеге айналдырды. Шеруге қатысқан жастар Рәміздер күні бірліктің, татулықтың, достықтың мекені елімізге арнап әндер шырқады. Сонымен қатар, «Көк байрақ туымыз», «Мәңгілік елтаңба», «Қасиетті әнұран» деп аталған шеру бағытымен мемлекеттің елдік, егемендік ұлық белгілерін көтеріп, облыс орталығының көшелерін аралап жүріп, «Астана» мұз айдыны сарайына келді.
Осы жерде «Қазақстан патриоттарының форумына» қатысушылар, олардың арасында жастар, студенттер, білімді сайыскер жеңімпаздар, спортшылар бар, біргеміз – берік іргеміз, деп өздерінің 2007 жылдан бастап аталып келе жатқан еліміздің Рәміздер күнін құрметтеп, оған бас иетіндерін жеткізді. Жүздері бал-бұл жанған жастар – «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері кеуделеріне қолдарын қойып, көк тудың қасына келіп тұрды. «Біздер жас патриоттар еліміздің көк туын әрқашан берік қолда, мықты ұстаймыз, Отан біреу, жастар әрқашан сенімен бірге», десті олар. Екінші қатардағы сахна төріне спортшылар Елена Хрусталева, Мұхтархан Ділдәбеков, ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев, жерлесіміз, бейбіт күні ерлік көрсеткен капитан Қадіржан Қазыбаев, атақты әнші Роза Рымбаева шақырылды. Әнші: «Отанын сүйетін осындай патриоттары бар ел бақытты», – деді. Расында да, бірі әсем әндерімен, бірі спорттағы жеңісімен елдің туын, рухын биік көтерген, енді бірі Отанын қорғап батыр атанған патриотттар, міне, осылай жастарға үлгі-өнеге болуда. Үшінші қатарға соғыс ардагерлері келіп қосылды. Үш ұрпақ өкілдері осылай кездесті. Барлығына да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» атты кітабы сыйға тартылды. Рәміздер күні құрметіне шығарылған арнайы құрметті белгілермен марапатталды.
Біз осы жерде Солтүстік Қазақстан облысынан келген Динара Берікқызымен пікірлестік. Ол: «Жүрегі жерім, елім деп соққан әрбір патриот жас үшін бұл күн ерекше күн деп ойлаймын. Осындай мереке күнінің болғаны керек, рәміздердің қасиетін әрбір жас ұғынып, оны қадірлеп өсуі тиіс, патриот деген жай ғана сөз емес, өзің өмір сүрген ел үшін қызмет жасау, қажет кезінде Бақытжан ағалардай күресе де білу», – деді. Керекулік Еркебұлан Алдабергенов болса: «Мен өзімді елімнің шынайы патриотымын деп санаймын. Өзбекстаннан көшіп келдік, не үшін келдік сонда, әрине, қазағым, елім, жерім деп келдік, енді осы елдің бірлігі, болашағы үшін қызмет жасаймын, жастар ана тілдерін сүйсін, құрметтесін, барлығы ана тіліңді сүюден басталады ғой», – деді.
Кең көлемді экраннан еліміз халықтарының бірлігін айғақтайтын көріністер көрсетілді. Осы кең экран арқылы еліміздің әр облысымен тікелей байланысқа шыққан жүргізушілер Петропавл, Шымкент, Атырау, Өскемен жақтарда өтіп жатқан форум мақсатына сай сол жерлерде тұратын елін, жерін сүйетін патриоттардың жүрекжарды лебіздерін білдірулеріне мүмкіндік жасады. Ел мен жерге деген патриоттық тақырыпта әндер орындаған өнерлі топтар рәміздер күні мерекесінің сәнін де мәнін де келтірді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.