26 Желтоқсан, 2016

Дзюдодан ұлттық құрама биыл 59 медаль алды

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2016 жыл қазақстандық дзюдошылар үшін табысты жыл болды. Бір жылда екі Әлем Чемпионы, ең бастысы, төрт жылдықтың басты бәсекесінде екі медалді қанжығаға байланды, деп хабарлады Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі. Бұл Қазақстан дзюдо тарихында алтын әріптермен жазылатын жетістік. Елдос Сметов - Олимпиада ойындарында дзюдодан Асхат Жіткеевтің ерлігін қайталап, күміс медальға  қол жеткізсе,  Галбадрах Отгонцэцэг – дзюдодан Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған алғашқы қазақстандық әйел спортшы атанды. Олимпиададан  бөлек, спортшыларымыз Әлем Чемпионатында да медальмен оралды.  Атап айтар болсақ, Кинтонов Мурат – ардагерлер арасында Әлем Чемпионы атанса, Ғұсман Қырғызбаев – әскерилер арасындағы Әлем Чемпионатында алтыннан алқа тағынып, ел намысын абыроймен қорғады. Құрлықтық чемпионатта да дзюдошыларымыз жүлдесіз қалмады. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 3 алтын, 2 күміс, 4 қоламен ұлттық құрама командалық есепте Азия Чемпионатын ІІІ орынмен аяқтады. Бұл сында Елдос Сметов (60 кг), Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) және Мариан Урдабаева (63 кг) чемпион атанып, жалауымызды желбіреткен болатын. Биыл ересектерден Қазақстан Ұлттық құрамасы IJF күнтізбесіндегі барлық ірі жарыстарға қатысып, 2016 жылы 35 медальға қол жеткізді. Оның 10-ы алтын, 12-сі күміс және 13-і қола.