26 Желтоқсан, 2016

Астанада туберкулезге қарсы диспансер ашылды

152 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астанада еліміздегі ең ірі туберкулезге қарсы диспансер ашылды, деп хабарлады Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі. Бүгін елорда әкімі Әсет Исекешевке Астана қаласының туберкулезге қарсы жаңа диспансері таныстырылды. Ірі медициналық мекеме Железнодорожный кентінде қырқыншы станцияға жақын орналасқан және 9 блоктан тұрады. Құрылысы 2008 жылы басталған нысан биыл тапсырылып отыр. «Заманауи кешенге ие болу біздің арманымыз болатын. Түрлі корпустарда 4-тен 6 қабатқа дейін бар. Бірақ ең бастысы - бұл бір және екі орындық палаталар және олар барлық санитарлық нормаларға жауап береді», - деп атап көрсетті «Астана қ. Туберкулезге қарсы диспансері» ММ бас дәрігері Рауза Жүсіпова. Жаңа кешен төрт емдеу корпусынан тұрады. Аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Дәрігерлердің айтуынша, тағы бір артықшылық - 12 төсек орынға есептелген реанимациялық бөлімше, бұл елімізде жұмыс істейтін диспансерлердің ішіндегі ең үлкен бөлімше саналады. Кешен 500 науқасты қабылдай алады, оларға 1000 үздік маман қызмет көрсетеді. Атап өтерлігі, статистикаға сәйкес, Астанада туберкулезбен ауыратындар саны төрт есе азайған. 2008 жылы 218 науқас болса, бүгінгі күні науқастар саны - 58 адам.