27 Желтоқсан, 2016

Әсем ән мен тәтті күй

300 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
қиырдағы ауылды қуанышқа бөледі Бұрындары дәрігерлерден, мұғалімдерден, мәдениет қызметкерлерінен құралған үгіт-насихат топтары елді мекендерді, шопандардың жайлау-қыстауларын, диқандардың егіс қостарын аралап, елдің ішкі-сыртқы жаңалықтарымен таныстыратын, құлақ құрышын қандыратын әндер, термелер шырқалып, күмбірлете күйлер төгіліп, не керек, тыңдаушыларды сиқырлы сазға бөлеп, көпке дейін естен кетпейтін әуезді кеш сыйлайтын. Келесі келуін тағатсыздана тосып отыратын осындай жарасымды дәстүр, үлгі бар болатын. Биыл Тәуелсіздіктің мерейтойы ая­­сында шалғайда жатқан Мәде­ни­ет ауылы тұрғындарымен кездесу са­парымыз тарих қойнауына кеткен өт­кен күндердің өшпес іздерін еске тү­сір­генімен, мазмұны, түр-тұрпа­ты жағынан мүлдем бөлек мәдени шара десек, асыра айтқандық болмас. Өйт­кені, еріктілер есебінен жолға шық­қан ақ­параттық-өнерлі топ таңның атысынан қас қа­рай­ғанға дейін тынымсыз тір­ліктің құ­ша­ғынан бір сәт те босамайтын ауыл­дағыларға ширек ғасыр кезеңінде еліміз жеткен жасампаздық жемістері мен жеңістері жайлы жан-жақты баяндау мақсатын көздесе, екіншіден, ұлттық салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың қаймағы бұзыла қой­маған тынысымен кеңірек танысу еді. Мына қызықты қараңыз! Жол-жө­некей бір-бірімізден сұраса келе, ара­мызда бұл ауылды көрмек түгіл, естімегендер де бар болып шықты. «Өңірімізде ат ізі түспеген елді мекендер саны қанша екен?» деген ойдың же­тегінде отырғанда бұрынғы ау­дан орталығы – Келлеровкаға да ке­ліп жеттік. Күре жолдың екі қап­та­лы­на жағалай қонған әлеуметтік, та­мақтандыру нысан­дар­дың көптігіне, бұрқ-сарқ қайнап жат­қан қызу тір­ші­лігіне қарап түтіннің шал­қи ұшып жат­қаны бірден байқалады. Бір­лігі мен тірлігі, ынтымағы мен ырысы жа­расқан Тайынша – облыстағы іргелі аудандардың бірі. Қоғамдық келісімнің ұйыт­қысына айналған құт мекен тө­сінде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ортақ мақсат жо­лында жұ­мыла еңбек етіп жатқан он­да­ған этнос өкілдері ерен істерімен ел ыры­сын тасытып келеді. 711 мың гектар егіс­тік алқаптарды күтіп-баптаумен 74 серіктестік, 300 шаруа қожалығы айна­лысады. «Астық STEM» ЖШС  израильдік, «Тайынша Астық» компа­ния­сы швейцариялық тамшылатып суару әдісін кеңінен қолданады. Ясная Поляна ауылында екі мың бас ірі қара малына арналған сүт кешені жұмыс істейді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 13 жоба жүзеге асырылды, 16,5 шақырым су құбыры тартылды. Әлдекімдерден сұрастырып, барар бағытымызды айқындап алғаннан кейін ұйытқи соққан боранмен жа­ға­ласқан күйі Мәдениет ауылын да тап­тық-ау! Ақмола облысымен шектес орна­ласқан мұнда облыс орталығынан қо­нақтардың сирек із салатынын тұр­ғын­дардың жүзі­нен аңғару қиын емес. Мәртебелі меймандардың төбе көр­­сет­пегеніне біраз болғанға ұқ­сай­ды. Көбіне ауданнан болмаса іргелі ел­ді мекеннен кері оралатын кө­­рі­­неді. Тәуелсіздігіміздің ме­рей­тойымен арнайы құттықтай кел­ге­ні­мізді естіп, қуанысып, мәре-сәре бо­лып қа­лысты. Мәдениет пен «ауылы аралас, қойы қоралас» Талап ауыл­дарына «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-нің басшы­сы Жарасбай Сүлейменов бас­­таған журналистермен қатар, об­лыстық филармония өнер­паз­да­ры­ның ат терлетіп жетуі күтпеген жа­ңалықтай көрінді. Қоңырқай тірлігі бар ауылдардың қарапайым адамдары бір сәт күйбің тірліктен қолдары босап, жалғыз әлеуметтік нысан мектеп­ке тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Кей кездері қақаған қыста қалың қар­дың құр­сауында қалып, ерте көктемге дейін жол қатынасы үзіліп қалатын ауыл адамдарының жүзінен қиындыққа мо­йы­- маушылық сезіліп тұрды. Еңкейген кәріден бастап балаларын жетелеген аналар, жастар ұйымшыл бір қауым ел екендігін танытты. Жарасбай Қабдоллаұлы Елбасымыздың бастауы­мен еліміздің ширек ғасырда жеткен же­тіс­тіктері жайлы нақты мысалдар келтірді. – Осындайда Президентіміздің «Ауыл­дың гүлденуі – Қазақстанның гүл­денуі» деген сөзі ойға оралады. Әлім­сақтан руханиятымыздың те­мір­қа­зығы, ұлттық құнды­лық­та­ры­мыздың ал­тын бесігі, береке-бай­лы­ғы­мыздың тұ­ма бастауы екені дау­сыз. Елі­міз­де өмір сүріп жатқан халықтың жартысына жуығы елді мекендерде тұрады. Сол себепті кіндігіміз кесіліп, шаңына аунап өскен ауылдың орны бәріміз үшін бөлек, жанымызға ыстық, – деді Жәкең толғана сөйлеп. Жиналғандарды тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құт­тық­тап, әр отбасына бақыт, береке тіледі. Түкпірдегі ауыл төрінде «Әлқисса» ұлттық аспаптар ансамблі қазақ компо­зи­торларының туындыларын на­қы­­шына келтіріп, шебер орындап берді. Кең тынысты әншілер Жанат Айтбаев, Біржан Есжанов, Еркебұлан Қаріпов, Ғалымжан Нұрпейісов әуелете шыр­қағанда аспан­да­ғы қаз жерге қонғандай әсерленді тың­даушылар. Ұлттың бекзат болмысын, жү­рек сыздатқан сағы­нышын, көңілдің нәзік қылын шер­тер сезімін, мұң-шерін, қызық-қуан­ышын се­зінгендей, көз алда­­рына елестеткендей шымырланды, буыр­қан­ды, тамсанды. Қазақы әуенге әбден шөлір­кеп қалғандары бет-әлпет­те­рінен, іштен сыртқа қарай лап еткен көңіл-күй­ден білініп тұрды. Қасиетті қара домбыраның сүйемелдеуімен Жидебай­дың «Бозбаласы», Біржан салдың «Ләйлім шырағы», халық әні «Ағаш аяқ», Ақан серінің «Балқадишасы», Кенен Әзірбаевтың «Көк шолағы» орын­­­дал­ған­да «пах-пах, қайран жас­тық!» деген дауыстар үстемелене ес­ті­ліп, акт залының ішін ду шапалақ қай­­та-қайта көміп кетті. Жүрек қылын шер­тетін, тал бойыңды елтітетін қо­быздың қоңыр үні ерекше тәнті етті. Қобызшы Айдос Ақылбеков орындаған «Қорқыттың күйі» әуенділігімен, шы­най­ылығымен бау­рады. Желмая тұя­ғының дыбысы, желе жортқаны естілгендей әсер қал­дырды. Ауыл тұрғындарының атынан Ле­то­­воч­­ный ауылдық округінің әкімі Асыл Молдиярова алғысын арнап, ықы­лас гүлін тарту етті. Летовочный, Подлесное, Горное, Краснокаменка, Мәдениет және Талап елді мекендері осы округке қарайды. Қазақ ауылдары шал­ғайда жатқандықтан, көпшіліктің біле бермейтіні рас. Тұрғындар әдей­і­л­еп іздеп келіп, айтулы мерекемен құтты­қтауымызды, концерт ұсынуы­мызды шын пейілмен қарсы алып, қимай қоштасты. «Жиі келіп тұрыңыздар. Бұл жақта да ел барын ұмытпаңыздар. Ара-тұра Көкшетаудан әншілер келгенімен, сіздердің жөндеріңіз де, жолдарыңыз да бөлек. Естен кетпес сый жасадыңыздар, ру­хани ләззат сыйладыңыздар. Еліміз аман болсын. Ата-бабамыз аңсаған Азаттықтың ақ таңына жеткізген Елба­сымыздың саясатын бір кісідей қол­даймыз», деді көзі жасаурап, көңілі босаған Гүлдәніс Батаева бізді әудем жерге дейін шығарып салып тұрып. Аудандағы көркейіп, жаңа кейіпке ен­ген ауылдардың бірі – Вишневка. Мұнда қазақ, орыс, поляк, украин, не­міс, белорус, армян аралас 130 отбасы тату-тәтті тұрады. Кітапхана, фель­дшерлік пункт, мәдениет үйі, бала­бақша, дәріхана, тарихи-өлкетану мұра­жайы, шаштараз, бірнеше дүкен жұмыс істейді. Елді мекеннің өркендеуіне Павел Рафальский жетекшілік ететін «Вишневское» ЖШС-нің қосқан үлесі зор. 150 адам жұмыспен қамтылған. Қарттар мен жалғызілікті жандарға қамқорлық ерекше. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан», Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА журналист Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы