Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен дөңгелек үстел «Кинематография туралы» және «Кинематография мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылауға арналды.
Отандық кино тарихында тұңғыш рет заң қабылдайын деп жатқандықтан, осы жобалар бұған дейін де бірнеше рет қоғамдық талқылаудан өтті. Кешегі талқылау да ой-пікірлерді жинақтап, қорытуға, заңға ереже бола алатын ұсыныстарды әзірлеуге ұйытқы болатыны анық. Дөңгелек үстелге қатысқан Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ең алдымен киноөндірістің сапалық және сандық көрсеткіштерін арттыру, қазақстандық киноны халықаралық нарықтарға шығару мәселесін айтты. Отандық киноөндірісті қалыптастыру, жетілдіру, дамыту мәселелері бойынша жасалып жатқан құжаттар мен қоғамдық талқылаулардың маңыздылығына мән берді.
Дөңгелек үстелде «Кинематография туралы» заң жобасына қатысты бейнеролик көрсетілді. Мұнда «Қазақфильм» ішінде мемлекеттік фильмдер қорын жеке құрылым ретінде құру, ұлттық фильмдерді әлемдік нарыққа шығару және олардың прокатын қолдау, кино түзілімнің көпдеңгейлі жүйесін дамыту мен ұлттық кадрлардың біліктілігін көтеруге бағытталған шараларды іске асыру, сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау қоры мен эксперттік кеңес құру, «Қазақфильм» аумағында еркін экономикалық аймақ құру туралы тұжырымдық бастамалардың кино туралы заң жобасына негіз болғаны айтылды. Бұл орайда талқылауға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман заң жобасындағы Ұлттық киноны қолдау қорын, еркін экономикалық аймақ құру сынды тың бастамалар, сайып келгенде, қаржыға тірелетінін айтты. Шынында, қордың құрылтайшысы кім, заңдық тұрғыда қалай жұмыс істейді, экономикалық аймақтың инвесторлары кімдер деген мәселелердің артында үлкен қаражат тұрғаны сөзсіз.
Отырыста сөз алған «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко мен Қазақстан кинематографистері одағының төрағасы Сламбек Тәуекелдің ойы бір жерден шыққаны да атап өтерлік жайт. Неге десеңіз, киноны дамыту, сол үшін құжат жасау, заң қабылдау жағы мәселенің бір қыры болса, оның екінші қыры – фильмдерге көрермен тарту. Кино – идеология құралы деп қанша айтқанымызбен, мықты фильмдерді көрсету үшін кинотеатрларға көрермен топтастыру жағы ақсап тұрғаны белгілі. Вадим Голенко кинотеатрларда көрсетілетін кинолардың 85 пайыздық көрсеткіші Астана және Алматы қалаларының үлесіне тиеді, бұл басқа елді мекендердегі тұрғындар киноға бармайды дегенді білдіреді дей келіп, еліміздің әрбір ауданындағы Мәдениет үйлерінде кинотеатр құру мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, Сламбек Тәуекел Кеңес Одағы тұсында бір адам орта есеппен жылына 19 рет киноға барғанын айтты. Тек қана Париж қаласында 400-ден аса кинозал жұмыс істесе, тәуелсіз Қазақстанның барлық аймағындағы кинозалдардың 300-ге жетпейтініне тоқталды. «Бізде техника да бар. Жақсы фильмдер де түсірілуде. Бірақ соны көрерменге жеткізу жағы олқы түсіп жатыр» – деген төраға жобадағы кейбір бапқа қатысты ойын білдірді.
Жалпы, кинематография туралы заң жобасын талқылау кең ауқымда өтті.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»