Статистикаға сәйкес, Қазақстанда өрттің 68 пайызы тұрғын үй аудандарында болады, ал жаңа жыл қарсаңында бұл көрсеткіш 82-85 пайызға дейін артады. Орталық коммуникациялар қызметінде «Пиротехниканы пайдалану кезіндегі сақтық және қауіпсіздік техникасын сақтау шаралары» тақырыбында өткен брифинг барысында Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов осындай деректер келтіріп өтті.
Оның айтуынша, мемлекеттік өртке қарсы қызмет инспекторлары адамдар көп баратын жаңажылдық іс-шаралар өткізілуі мүмкін жерлерде қызметкерлер құрамы үшін өрт қауіпсіздігі қағидалары туралы нұсқаулар жүргізеді. Жаңажылдық мереке өтетін әкімшілік нысандарға ерекше жауапкершілік жүктелді.
«Мұндай тұтанулардың басым көпшілігі тұрғын үй секторында болатынын атап өту қажет. Бұл – мемлекеттік өрт бақылау тұрғысынан реттелмейтін сала. Статистика бойынша, Қазақстанда өрттің 68 пайызы тұрғын үй аудандарында болады, ал жаңа жыл қарсаңында бұл көрсеткіш 82-85 пайызға дейін артады», – деп атап өтті Р.Иманқұлов.
Сонымен қатар, ол петардалар, от шашулар, бенгал оттарын сатып алу кезінде, оларды қолдануда сақ болу қажеттігіне назар аударды.
«Ең алдымен, өнімнің сертификатталғанын біліңіз, пиротехниканы пайдалану қағидаларымен міндетті түрде танысыңыз. Олардың сақталу және қолдану мерзіміне назар аударуды ұмытпаңыз. Пиротехниканы қолдану кезінде шылым шегуге мүлдем тыйым салынады. Ракеталарды автомобиль тұрақтарының маңайында ұшыруға болмайды. 100 метрлік радиуста өрт қаупі бар нысандар болмауға тиіс. Көрермендер от шашуды жіберетін аумақтан 35-50 метр қашықтықта, желсіз жағында тұруы қажет», – деді төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі.
Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің өкілі Марат Отыншин пиротехникаларды арнайы рұқсат етілген дүкендерден сатып алуға кеңес берді. Және ол 2016 жылғы 12 желтоқсан мен 2017 жылғы 5 қаңтар аралығында «Пиротехника» атты жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Іс-шара рұқсат етілмеген, сондай-ақ, рұқсат беру құжаттары жоқ пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтауға бағытталған, адамдар жаппай жиналатын орындарды тексеруге ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті М.Отыншин.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»