27 Желтоқсан, 2016

Бауырластық байланыс басымдықтары

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
idrisovӨткен аптаның соңында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Ташкентке сапар жасап, оның аясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің қабылдауында болды және өзінің өзбекстандық әріптесі Абдулазиз Камиловпен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл Өзбекстандағы прези­дент­тік сайлаудан кейін осындай жо­ғары деңгейде болған алғашқы екі­жақты қарым-қатынас еді. Кезде­сулердің негізгі тақырыбы – екіжақ­ты қарым-қатынастарды белсенді ете түсу, Орталық Азия өңірінде тұ­рақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретін іс-қимылдарға бірлесіп қарсы тұру болды. Бұл арада, әрине, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігімен байланыс­ты пайда болатын мүмкіндіктерді ұтымды іске қосу жайына да баса назар аударылды. Президент Ш.Мирзиеевпен кездесуі кезінде қазақстандық министр Өзбекстан басшысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жақында болып өткен сайлаудағы талассыз жеңісімен құттықтады және Елбасының ыстық сәлемі мен ізгі ниет, тілектерін жеткізді. Е.Ыдырысов, сондай-ақ, Қа­зақ­стан басшысының еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы шеңберінде бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі ұсыныстар жазылған жеке жолдауын тапсырды. Ш.Мирзиеевтің сөзіне қара­ған­да, Ташкент Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануын бү­кіл өңірдің табысы ретінде қарас­тырады, соған орай, өзбек тарапы Орталық Азия тақырыбын осы жаһандық-саяси органның күн тәртібіне ілгерілету үшін бірле­сіп жұмыс істеуге дайын еке­нін біл­ді­реді. Өзбекстан Прези­ден­тінің ай­ту­ынша, қауіпсіздіктің өткір сын-қа­терлері қатарында Ау­ған­станнан туындайтын мәселелер де бар. Өзбекстан Президенті ядро­лық қарусыздану мен таратпау­дың жаһандық үдерістері мен Ор­талық Азияны ядролық қару­дан азат аймақ деп жариялау­да өңірдің барлық елдерінің қол­дауы­мен және қатысуымен жүзеге асырылған бұл іске Нұрсұл­тан Назарбаевтың үл­кен үлес қос­қанын атап көрсетті. Өз кезегінде, Е.Ыдырысов Өз­бек­стан басшысы бастамашылық танытқан, елді әлеуметтік-эконо­ми­калық және саяси дамытуға бағытталған реформаларды жоғары бағалады. Өйткені, рефор­малар қарапайым адамдардың өмір­лік қажеттіліктерін қамта­ма­сыз етуді көздейді, сондай-ақ, «Халықпен және адам мүддесімен үнқатысу» бағдарламасында көрініс тапқан. «Бауырлас елдегі бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен тікелей шетел инвестициялары үшін тар­тымды ахуал қалыптастыру жөнін­дегі қадамдар да назар ауда­рар­лықтай», – деп атап өтті қазақстандық дипломат. Е.Ыдырысов соңғы кездері Астана мен Ташкенттің екі елдің экономикалық өзара іс-қимылын белсенді ете түсу үшін оңтайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі нақты қадамдарын құптайтынын білдірді. Осы орайда, қазақ және өзбек кәсіпкерлері арасында сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісі, логис­тика салаларындағы бір­лес­кен жобаларды жүзеге асыруда тығыз байланыстар орнағаны да назардан тыс қалған жоқ. Е.Ыдырысов, сондай-ақ, Ақор­даның Өзбекстан Президентін мемлекеттік сапармен Астанаға шақыруын қуаттады. Ш.Мирзиеев шақыруға ризашылығын білдіріп, таяудағы ыңғайлы мерзімде бұл мүмкіндікті пайдалану ниеті бар екенін айтты және өзінің Қа­зақстанмен бауырластық қарым-қатынастарды нығайту бағытын ұстанатынын көлденең тартты. Өзбекстан Сыртқы істер ми­нистр­лігінде болған келіссөздер ке­зінде ынтымақтастықтың көп­теген бағыттарында айтарлықтай жан­дану байқалатыны қанағат сезі­мі­мен атап өтілді. Өйткені, ел­дер ара­сында өзара құрмет, се­нім мен тү­сі­ністік артқан сайын кез кел­­ген күрделі мәселелерді ше­шу сон­­шалықты қиындық туғыз­байды. Тараптар, сондай-ақ, шека­ра­лық және өңіраралық ынты­мақ­тастық саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перс­пективаларын талқылады. Екі ел сыртқы саясат ведомство­ларының басшылары Астана мен Ташкенттің екіжақты қарым-қа­тынасындағы ілгерілеушіліктер бүкіл Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты кешенді түрде жолға қою үшін берік негіз қалауы тиіс екенін атап өтті. Е.Ыдырысов өзінің өзбек­стан­дық әріптесіне Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлану науқаны кезінде туысқандық қолдау көр­сеткені үшін ризашылығын біл­дірді және осы жауапты лауазым­да біздің дипломатиямыздың ал­­­­­дағы жұмысындағы негізгі ба­­сым­­­дықтары туралы хабардар етті. Астананың да Ташкент секілді Ауғанстанда ұзақ мерзімді тұ­рақтылық қалыптасуына мүдделі екені ерекше аталды. Осыған байланысты Астананың аталған елдің бейбіт өмір, әлеу­меттік-экономикалық да­муы, ұлттық білім беру жүйесінің әлеуетін арттыру үшін инфрақұрылымдарды қалпына келтіруде әрі қарай да көмектесу ниеті бар екені көлденең тартылды. Тұтастай алғанда, Ташкенттегі келіссөздер достық, іскерлік рәуіште өтіп, Орталық Азия өңіріндегі екі аса ірі мемлекет ара­­сын­дағы әріптестік қарым-қаты­­нас­тарды өзара құрмет тұрғы­сынан бекітуге мүмкіндік берді.