27 Желтоқсан, 2016

Қуатты Қазақстан – баянды болашақ

267 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мерейіміз асқақтай берсін!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республи­ка­сы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына ар­­нал­ған салтанатты жиналыста сөй­ле­ген сөзін мұқият тыңдай отырып, спорт саласының қайраткері ретінде өзімнің ой-пікіріммен бөлісуді жөн санадым. «Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан – табыс­­­ты, гүлденген мемлекет және біз­ді бүкіл әлем таниды», деді Ел­басы. Осы жерде мен біздің елі­міз­дің төрткүл дүниеге танымал болуы­на спортымыздың да сүбелі үлес қосып келе жат­қанын айтқым келеді. Рас, бүгінгі күнде егемен еліміз түрлі жа­рыс­­­тар­да туы желбіреген спорттық держа­ваға айналды. Біздің спортшыларымыз ха­­лық­­ара­лық ареналарда әлемнің мықты деген спорт­шы­­ларымен тайталасқа түсіп, ел намы­сын лайықты түрде қорғап жүр. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Қазақстан әлемдік спорт қауым­дас­тығы­ның зор сеніміне ие болып, дүниежүзілік деңгей­дегі аса ірі жарыстарды өз жерінде өткізіп жүрген ел. Басқаны былай қойғанда, бір айдан кейін Алматыда алауы жағылатын Бүкіләлемдік қысқы Универсиада сыны осы сөзімнің жарқын дәлелі бола алады. Мұнымен қатар, біздің ел өзінің төл спорты – қазақ күресін жан-жақты дамытып, әлем­ге танымал ету жолында ірі жобаларды, атап айт­қанда, «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» турнирлерін өткізуді игі дәстүрге айналдырды. Осының бәрі, айналып келгенде, Елбасының спортқа деген қамқорлы­ғының арқасында мүмкін болып отыр. Егер де, елімізде спорт сарайлары мен нысандары көптеп салынбаса, спорт саласының дамуына орасан зор қар­жы құйылмаса, бүгінгі жеткен биі­гі­міз жай әшейін қиял болып қалар еді-ау. Әлбетте, спорт саласында да ірілі-ұсақты кемшіліктер бар. Мәселен, алыстағы ауылдар мен шалғайдағы аудандардың біразы спорттық қарапайым инфрақұрылымға зәру. Бірақ, бұлар уақытша ғана қиыншылықтар деп ойлаймын. Ел спортының ширек ғасырдағы шыққан биігі, қол жеткізген табысы бұл олқылықтардың да күні ертең оң шешімін табады деген сенімге берік негіз береді. Президентіміз сөзінің соңында «Көк байра­ғы­мыз ашық аспанымызда мәңгі желбірей бер­сін!», деді. Иә, Қазақтың Көк туы әлемнің әй­дік ареналарындағы спорттық тамаша жеңіс­теріміздің құрметіне жиі көтеріліп, мерейімізді асқақ­тата берсін! Диқанбай БИТКӨЗОВ, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы ҚАРАҒАНДЫ  

Экономика ғылымға негізделгенде ұтымды

Астанада тарихи оқиғаның тәлімді жиналысы өткізілді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысты біздің ғалымдар теледидар арқылы ұжым­дасып тамашалады және одан алған әсерлері бойынша пікір алмасу отырысын жасады. Мін­берге көтерілген әріптес­терім­­нің сөздерінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Қазақстан қоға­мы­ның қалыптасуы мен дамуы­на қатысты талдаулары мен алға қойылған тапсырмалары қызу қолдау тапты. Мемлекет басшысының: «Біз дамудың инновациялық моделіне көшуді қамтамасыз етеміз. Индуст­рия­ландырудың ағымдағы екінші бесжылдығы шеңберінде 300-ден астам жаңа өндірістер ашылатын болады. 2050 жылға дейін 2 мил­лиондай тұрақты жұмыс орындары құрылмақ...  Ғылыми-зерттеу талдамаларына шығындар ұлғайтылып, оның көлемі ІЖӨ-нің 3 пайызына дейін жетпек. Ол Қазақстанды ғылымды қажет ететін экономикалы елдер деңгейіне жақындата түспек», деген сөздері институт ғалымдарының да басты ұстанымы болады. Шын мәнінде, жаңа дәуір экономикасы әлеуеттілігімен сынға түсіп, қуаттанбақ. Осынау өмір мен тіршілік тұтқасы үнемі қозғалыс­та, озық технологиялар үстемдігі дәрежесін­де дамыған жағдайда жүйелі жоспарлардың орындалуына жол ашылады. Елбасы болашақтың экономикасы мен экологиясын тығыз байланыста қарастыра­тыны маңызды. Бұл орайда Бурабайдағы ҒЗИ ғалымдары атқаратын міндеттер ауқымды. Оны жүзеге асыруда біраз жұмыс атқарылды. Астананың «Жасыл белдеуін» қалыптас­тыруға қатысты тапсырмалар абыроймен орын­да­лу­­да. Қазіргі күні оның аумағы 100 мың гектарды құрайды. Онда Бурабай ғалымдарының жаңа патенттерімен өсірілген бағалы ағаштар, саялы өскін­дер жайқалып өсіп тұр. Бұл бағыт­т­ағы ізденіс әлі де жалғаса бере­тіні анық. Ғалымдарымыз табиғатпен не­ғұрлым үйлесімді байланысты қам­тамасыз ететін шаралар кешенін тәжірибеге қосты. Институтымыз­да өсім­діктің 2 мыңнан астам түрі зерт­­телген. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақ­талып отыр. Олар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді. Мем­лекет тарапынан жасалып жатқан қолдау мен халық­­аралық интеграциялық қадамдар ғылыми о­р­да­мыздың әлеуетін арттыра түсуде. Болат МҰҚАНОВ, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақмола облысы

Мақтаныш етуге тиістіміз

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында Елбасы ағынан жарылып, жүрекжарды сөзін айтты. «Сіздердің әрқайсыларыңыз, еңбек­теріңіз тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында маған ересен күш-қуат берді. Риясыз сенімдеріңіз бен шексіз қолдауларыңыз елім үшін түн қатып, түс қашқан қиын күндерде маған үлкен тірек болды. Мен 25 жыл бұрын 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісер сәтте айтқан сөзім бар еді. «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп, бас тігуге дайынмын», дегенмін. 25 жыл өткеннен кейінгі Тәуелсіздіктің ұлы тойында осы сөзімді сол күйінде қайталағым келіп отыр», деді Президент. Түсінген адамға бұл сөздің астарында халқымыздың ширек ғасырда жүріп өткен жолы сайрап жатыр. Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ жұртының көзі жастан құрғаған жоқ. Орталық Азияда саны жағынан ең үлкен халықтың Кеңес өкіметінің алғашқы жиырма жылдығында жартысынан көбі қырылып, ұлт қаймақтарының репрессияға ұшырап, халық бассыз қала жаздағанын ешқайсымыз ұмыта қойған жоқпыз. Кеңес өкіметінің зорлықшыл саясаты талай ұлттарды тозғындатып, тілінен, ділінен айырды. Сібір халықтары «отты суды» ішіп жүріп, ата-тегінен айырылып қалды. Осындай нәубеттің сол кездері қазақты да күтіп тұрғанын жоқ дей алмаймыз. Ел астанасы – Алматыда қойшы балаларына ар­нал­ған екі мектеп-интернаттан өзгесі орыс тілінде білім бергеннен кейін, қазаққа қарсы қандай саясат жүргізілгенін түсінуге болады. Тәуелсіздік осының бәрінен құтқарды бізді. Өз елі, өз жерін­де босағасынан ұзамаған қазақ тілі егемендік алғаннан кейін БҰҰ-ның мінбесіне шығып сөз алды. Өркениетті елдер көшіне кірдік. Ширек ғасырда бұл аз жетістік емес. Біз осындай белеске Елбасымыздың сындарлы саясаты арқылы жеткенімізді мақ­таныш етуге тиістіміз. Жарылғасын ОҢАЛБЕКОВ, Академиялық-инновациялық университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңтүстік Қазақстан облысы  

Жарқын істердің жылнамасы

25 жыл тарих үшін ұзақ уақыт емес. Алайда, осы ке­зең­де атқарылған жұ­мыс­тардың ауқымымен өлшесек, бұлай дей алмас едік. Ел­басы Н.Назарбаевтың Тәуел­­­сіздіктің 25 жыл­дығы­на арналған салтанат­ты жиында сөйлеген сөзіне ден қойып, тыңдап, баспасөзден оқығанда осыны аңғар­дық. Елімізде осы жылдарда ат­қарыл­ған шаруалардың қайсыбірін алсаң да тарихи маңызы жоғары, тағылымдық тынысы кең болып келетінін біз емес, азуын айға білеген алпауыт елдердің өзі әлде­қашан мойындады. Егемендік алған­нан кейінгі кезеңде жасалған әр істің тарихнама беттерінде ізі сайрап жатыр, ол біздің күнделікті өмірімізді ай­шықтай түсуімен де бағалы. Елба­сы­ның салмақты саясатының арқасында қазақстандық даму жолы табысты болғанына көзіміз жетіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлының баян­дамасында еліміздің щирек ғасыр­да өткен күрделі де қызықты, соқтық­палы да соқпақты жолы айқын көрі­ніс тапқан екен. Осыншама ғасыр­да атқарылатын шаруаларды айналдырған 25 жылда жүзеге асыр­ған Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен ұлттық ұстанымына қай­ран қалмауың мүмкін емес. Елбасы Қазақ­станды әлемдік саясаттың аренасына алып шықты. Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тарту бастамасының өзі неге тұрады!? Одан кейінгі еліміздің беделді әлемдік және халықаралық ұйымдарға мүше болуға қол жеткізуі де Мемлекет бас­шысының сарабдал сая­са­т­керлігінің нәтижесі еді. Небәрі ширек ғасыр­­­ды артқа тастаған жас мем­лекеттің экономикасы дамы­ған өркениетті елу ел­дің қатарына енуінде Ел­басы­­ның сыртқы және ішкі саясат­тың тізгінін тең ұстаған, экономикалық дамудың сара жолын дәл таңдаған көре­гендігі жат­қа­ны шындық. Елбасы Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына арналған салт­анатты жиында сөйлеген сөзінде Тәуел­сіздіктің жеті теңдессіз табысына толығырақ тоқталды. Және осын­дай табыстардың негізі болған «Тұғыры мығым, мәртебесі биік тәуел­сіз Қазақстанды біз бәріміз бірге жаса­дық», деп айрықша атап өтті. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» Жаңа экономика­лық саясаты осы сөзімізге дәлел болып табылады. Еліміз қол жеткіз­ген бүгінгі биіктеріміз бен ертең­гі күнге бағытталған баянды бағдар­лама­ларымыз бізді «Мәңгілік Ел» болуға жұмылдыра түседі. Берік БИСЕКЕНОВ, Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы Ақтөбе облысы