Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы соңғы жылдары тұрақты қызмет етіп келеді. Жұмыс тобы отырыстарында бір ғана тақырып аясында, атап айтқанда, “Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы” хабарламалар тыңдалып, пікір талқысы барысында жетістіктер мен кемшін тұстар аталып өтіп, алдағы уақытта атқарылатын тиімді іс-шаралар айқындалып, ұсыныстар жасалады.
Жұмыс тобының кезекті отырысында бір мекемеде мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде іс жүргізе алмайтын ұлты қазақ мемлекеттік қызметкерлердің саны пайызға шаққанда көп екені қызу пікірталас өрбітті. Елбасы сөзімен айтқанда, Қазақстан халқының біріктіруші құралын, яғни мемлекеттік тілді сыйламайтын, мемлекеттік тілде жұмыс істей алмайтын адамның мемлекеттік қызмет атқаруына “құқы бар ма?” деген сұрақ туғаны сол екен, мәжіліске қатысып отырған аудан әкімі “Құқысы бар. “Құқысы жоқ” деген заң жоқ” деп, тез жауап қайырды. Бұл жауапқа жұмыс тобы мүшелерінің бірі “жарайды, заңдық тұрғыдан дұрыс болсын, алайда, бірінші басшы мемлекеттік тілді білмейтін қаракөздерді жеке шақырып алып, “ата-тегіңнің тілін неге үйренбейсің” деп, үлкендік жасамай ма?” деп, қынжылыс білдірді.
Айтайын дегенім, еліміздің қай заңынан болсын жоғары тұратын Негізгі заңда, Конституцияда мемлекеттік тіл және ресми тіл туралы арнайы бап жазылғаны белгілі. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және дамыту жөніндегі негізгі Заңның әр тарауында таратылып нақтылы көрсетілген. Сонда Ата Заңның арнайы бабының мемлекеттік қызметкерлер үшін заңдық күші болмағаны ма? Конституциялық Заңның мемлекеттік тіл туралы бабының Заң екенін дәлелдейтін тағы заң керек пе?
Дұрысында, еліміздің Негізгі Заңының, Конституцияның әр бабы еліміздің барлық азаматтарына ортақ міндет жүктейді емес пе?! Мемлекеттік қызмет атқара жүріп мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге салғырт, кейде тіпті немқұрайды қарайтын қызметкерлер мұны түсінбей ме, әлде түсінгісі келмей ме?
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ.