27 Желтоқсан, 2016

Едіге Тұрсыновпен қоштасты

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақтың көрнекті ғалымы Едіге Тұрсыновты Ұлттық кітапханадан ел-жұрт болып ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиынды асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов жүргізді. Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахет Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің қазақтың қабырғасын қайыстырған қазаға арналған көңіл айту хатын оқып берді. Қаралы жиынның ұйымдастырушылық жұмысында үлкен қолдау көрсеткен Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Елнұр Бейсенбаев бастаған жастарға деген ризашылығымыз шексіз. Марат Сембин, Меруерт Әбусейітова, Кенжехан Матыжан, Есенғали Раушанов, Әлмира Наурызбаева, Хәкім Омар, Қайрат Жанабаев және тағы басқа танымал тұлғалар тебірене сөйлеп, марқұм Едіге Тұрсыновтың адамгершілік болмысы, ғалымдық ғаламат деңгейі, басына түскен тағдыр тауқыметі жөнінде сөз сөйледі. Едіге ағамыздың денесі «Кеңсай-2» зиратында жер қойнауына тапсырылды. Одан кейін түс мезігілінде "Отырар" мейрамханасында марқұмға арналып ас берілді. Ол асты өнертанушы Ерлан Төлеутай ағамыз мағыналы етіп жүргізе білді. Мұнда да көз көрген жұрт Едіге Дәріғұлұлының жақсы қасиеттерін, ұстаздық мейрімін, ғалымдық сұңғылалығын, тынымсыз еңбекқорлығын айтып тарқасты. Көпшілік ұлы ғалымның тірі кезінде еленбегенін, тіпті талантты болғаны үшін аяғынан шалушылардың көп болғанын айтып, налыды. Дара тұлғаның қазасының өзі көзі тірі жақсыларымызды бағалауды үндеп тұрғандай, түге. Едіге Тұрсыновтың қазасы қазақ руханияты үшін орны толмас қайғы. Бірақ, артында өлмейтұғын сөз қалдырған ғалымның ісі әрдайым болашаққа сәуле түсіріп, жол сілтеп тұрмақ. Арман Әубәкір