06 Қыркүйек, 2011

Ауыл шаруашылығындағы инновациялар – саланы жаңғырту негізі

1132 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қызметі Қазақстан Республикасы үшін жоғары практикалық әлеуетке ие перспек­ти­валы, бастамашыл, тәуекелді ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдарға, ғылыми ұжымдарға, ұйымдар мен компанияларға қаржылық қолдау көрcету болып табылатын «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы Ғылым қорының қаржылық қолдауы арқылы жүзеге асырылған инновациялық жобалардың жекелеген нәтижелерін жұртшылыққа таныс­ты­руды одан әрі жалғастыруда. Ғылым қоры барлығы 28000,3 млн. тең­гені құрайтын 33 жобаны қаржыландырды. 22 жоба бойынша гранттар беру арқылы 250 миллион теңгеге қаржыландырылса, сомасы 2550,3 млн. теңге болатын 11 жобаны қай­тарымды механизм бойынша қаржыландыру жүзеге асуда. Қазіргі уақытта инновацияларды дамыту есебінен экономиканың өсуін қамтамасыз ету­ге бағытталған 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған үдемелі индустриялық-инновация­лық дамудың мемлекеттік бағдарламасы елдегі инновация­лық саясаттың басты бағдары болып табылады. Агроөнеркәсіп кешені экономиканың ба­сым секторларының бірі ретінде белгіленген осы аталған мемлекеттік бағдарламаны жү­зеге асы­ру үшін Ғылым қоры картоптың от­андық эли­талы тұқымдарын өндіруге инно­вациялық технологиялар енгізу жөніндегі жобаны қар­жы­лан­дырды. Жобаны Алматы облысының Кербұлақ ауданының аумағында «Жолбарыс Агро» ғы­лы­ми-өндірістік бірлестігі» ЖШС жүзеге асыруда. Картоп біздің елімізде негізгі тамақ өнім­дерінің бірі болып табылады және өзінің мәні жағынан наннан кейін екінші орын алады. Оның сыртында картоп тамақ, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіпте шикізат ретінде пайдаланылады, сол сияқты малдар­ды азық­тан­дыру рационына да кіреді. Қазіргі уақытта аталған дақыл бойынша өндіріс алаңы республикада шамамен 155,7 мың гектарды құрайды. Картоптан жоғары өнім алудың міндетті шарты оны өсірудің барлық агротехникалық әдістерін сақтай отырып, сапалы тұқымдық материалды пайдалану болып табылатыны бел­гілі. Ауылшаруашылық дақылдарының өн­ім­ділігін қауырт арттырудың түбегейлі тә­сіл­дерінің бірі жергілікті топырақтық-климаттық жағдайларға бейімделген жоғары өнімділікті сорттарды өндіріске енгізу болып табы­ла­тынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Өз кезегінде ел рыногына тұқымдық және тауарлық картопты негізгі жеткізіп беруші болып есептелетін Қазақстанның оңтүстік өңі­рінде сапалы тұқымдық материал санының жеткіліксіз болуы аталмыш жобаның көкей­кестілігін мойындауға негіз болып табылды. Сонымен бірге ауылшаруашылық өндірі­сі­не вируссыз шағын түбірлі картоп алудың жедел­детілген технологиясын енгізу, кар­топ­тың сыртқы ортаның қолайсыз факторларына шыдамды жаңа сорттарын өсіру және шаруа (фермерлік) қожалықтарын элиталы тұқыммен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­ба­евтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру жолында ауыл ша­руа­шылығы алдында бүгінде жаңа елеулі міндеттер тұр. Инновациялық технология­лар­ды енгізу ау­ыл шаруашылығындағы басым бағыттардың біріне айналуда. Әлемдік тәжі­рибе ғылыми-тех­никалық прогрестің макро да, сол сияқты микродеңгейдегі де тиімді әлеу­меттік-эконо­ми­калық жаңарулардың бірден-бір шынайы негізі болып табылатынын растап беріп отыр. Дегенмен, Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде ғы­лыми және іске енгізушілік са­ла­ны ұзақ жылдар бойы жете баға­ла­маушы­лықтың бар екендігі байқалады, ал ол ғылым мен техника дамуының тоқырауына, аграрлық ғылым бе­­­делінің жойы­луына, АӨК салала­рында ғылыми-техникалық прогресс қарқы­нының бәсеңсуіне, өндірілетін ғылыми-техни­калық өнімдерге сұраныстың болмай қалуына әкеліп соқтырады. Тұқымдық картоптың сапасын жақсарту үшін әзірленген технологияны енгізу және тауарлық картоптың өнімділігін арттыру үшін инвестициялар бірінші кезекте, қажетті лабо­ра­ториялық жабдықтар мен приборлар сатып алуға бағытталды. Жаңа жабдықтар картоптың пробиркадағы вируссыз тұқымдық материалын алуға және көбейтуге, сол сияқты, вирусты инфекциялардан таза екендігіне және сертификаттау үшін талдаулар жасауға арналды. Қазіргі күні лаборатория нағыз заманауи техникамен, жабдықтармен және приборлармен жарақтандырылған. Сапалы лаборато­рия­лық зерттеулер жүргізу үшін онда климаттық камера, жарық-культуралды бөлме, микробио­логиялық бокстар, электрофоретті техника, тер­мостаттар, талдамалық безбендер және та­ғы басқалар бар. Ол картоп өсімдігінің про­бир­кадағы вируссыз шағын түбірлерін алуға, түбірлерге вирусты инфекциялардың бар-жо­ғына тексерулер жүргізуге, вируссыз түбір­лер­ді шаруашылық-құндылық сапалары бойынша іріктеуге мүмкіндіктер береді. Сол сияқты, ұсынылып отырған техноло­гия­ны толықтай жүзеге асырып, энергия шы­ғындарын қысқарту, адам ресурстарын босату үшін Германияның әлемдік стандарттарға сәй­кес келетін, картоп өңдейтін қазіргі за­манғы ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Неміс техникасының тәсілдер қолдануда өзінің үнемділігі және тиімділігі жағынан айтар­лық­тай ерекшеліктері бар. Мәселен, төрт қатарлы жал салушы фреза (соқатіс) бір жүріп өткенде қопсыту, тырмалау, малалау және арам шөппен күрес сияқты төрт операцияны бірден жүзеге асырады. Картоп отырғызғыш түбірлердің дәл­ме-дәл түсуін қамтамасыз етіп, картоп өсім­дігінің кепілді жиілікте өсуіне жағдай жа­сай­ды. Картоп жинайтын комбайн бір еңбек кү­нінде 40 жұмысшыны алмастырады. Автомат­ты режімде бақылай отырып, картопты сорт­тай­тын және сақтайтын әрі сақтау үшін жағ­дай­лар туғызатын жабдық тұқымдық материал­дың жоғары дәрежеде сақталуын қамтамасыз етеді. «Жолбарыс Агро» ЖШС-нің аталған инно­ва­циялық технологияны жүзеге асыру бары­сында енгізген картопты өңдеудегі тамшылата суару әдісіне айрықша тоқтала кеткім келеді. Топыраққа отырғызылған түбірлерді суару үшін өсіп келе жатқан өсімдікті жаз айы ішінде бірнеше рет бүркіп шығуда дәстүрлі түрде жаңбырлатқыш қондырғы қолданылады. Суарудан соң топырақтың тығыздалып, топырақта қатты қабаттың пайда болуынан келесі суарулар кезінде судың барған сайын өсімдік тамырларына нашар жететіні белгілі. Оның үстіне тығыздалған топырақта аэрация нашарлап, пайдалы микроорганизмдердің өмір сүру қабілеті баяулайды, өсімдік үшін қажетті көмір қышқылын бөлу азаяды. Сондықтан әрбір суарудан кейін топырақты қопсытып тұру қажет. Тамшылатып суарудың жалпы суарудан ерек­шелігі сол, онда суды құбыр жүйесін (ре­зеңке шлангі) пайдалану арқылы мөлшерлеп және әр түпке жеке-жеке апаруға мүмкіндік туады. Технология су шығындауда анағұрлым үнемді және қуатты аз қажет етеді. Оның сыртында мұндай технологияны пайдалану барысында жердегі су­дың ластануының алды алынады, яғни топы­рақ­тың екінші рет тұздалуына жағдай жасалмайды. Осылайша, қолданылып отырған тамшы­ла­та суару технологиясы прогрессивті, су үнем­де­гіш және экономикалық тиімді тәсіл болып табылады. Инновациялық технологияларды пайдалану нәтижесінде үстіміздегі жылы элиталы тұ­қым­дық картоптан 450 тонна, тауарлық картоптан 650 тонна көлемінде өнім алу жоспарланып отыр. Ал ол өңірді отандық тұқымдық және эко­логиялық таза тауарлық картоппен қамта­ма­сыз етуге жағдай жасамақ. Түпкі материалдан алынған, мемлекеттік стандарттар мен тұқым шаруашылығында қа­былданған басқа да нормативтерге сәйкес келетін тұқымдық материал элиталы тұқымдық картоп болып табылады. Картоптың түбірлерінің өнімділігіне зерттеулер мен талдаулар жасау барысында картоп түбірлерінде крахмал құрамының артқандығы, сондай-ақ әр түптегі түбірлер санының көбей­гендігі анықталды. Өндірілген картопқа өнімнің СТ РК 1179 талаптарына сәйкес келетін азық-түлік өнім­де­рі қауіпсіздігі менеджменті жүйесінің серти­фи­ка­ты алынды. «Жолбарыс Агро» ғылыми-өн­ді­рістік бірлестігі» ЖШС аттестациялау туралы куәлік алып, соған сәйкес оған картоп өсіру жөніндегі элиталы-тұқым шаруашылығы мәр­те­бесі берілді. Осылайша, «Жолбарыс Агро» ЖШС бү­гін­нің өзінде бәсекеге қабілетті лайықты өнімімен рынокқа шығуға дайын. Өзіңді Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері рыногында табыс­ты көрсете білу элита өсірушілердің, тұқым шаруашылықтарының, фермерлік және шаруа қожалықтарының, сондай-ақ жеке тұтыну­шы­лардың әлеуетті тұтынушылар болып шығуы мүмкін өз өнімдеріңді өткізетін әлеуетті көздер табу үшін қажет. Отандық рыноктардың шетелдік тауарлар үшін ашықтығы жағдайында экономиканы ішкі рынокта бәсекеге қабілетті жаңа буын тауар­ларын өндіру бағытына модернизациялау және бағдарлау арқылы ғана Қазақстан эконо­ми­ка­сын сенімді және тұрақты түрде көтеруге бо­лады. Шығарылып отырған элиталы тұқымдық және тауарлық картоп өнімі көптеген деңгейде осы талаптарға жауап береді. Осыған байланысты Ғылым қоры, аталмыш зерттеуге қолдау көрсеткен инновациялық даму институты ретінде, өндірілген өнімнің өз тұтынушысын табуына ұмтылып, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды инновациялық өнімдердің қазақстандық рыноктан өз орнын табуына ықпал жасауға шақырады. Сансызбай ЖОЛДАСБАЕВ, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы.