Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Қазақ радиосының 95 жылдығы, «Шалқар» радиосының 50 жылдығы және журналистика факультетінің студенттік «Сана – әл-Фараби» радиосының 20 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Мемлекеттік мүдде мен ұлттық мұратқа, жалпы адамзаттық құндылықтарға бағат беруде электронды БАҚ ішінде радионың орны бөлек. Ең алғашқы хабарын Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынбор (Ресей) қаласынан таратудан бастаған Қазақ радиосы осынау өткен жылдар ішінде даму жолдарының барлық сатысынан өтті. Бүгінгі Қазақ радиосы 9 тілде, аптасына 148 хабар дайындайды. 2011 жылдың 18 шілдесінен бастап тоқтаусыз онлайн-трансляция жүргізіп келеді.
Сол секілді 1966 жылдың 1 қаңтарынан үзбей әуе толқынына шығып, хабар таратып, ұлттық сазбен тыңдарманын тербетіп келе жатқан «Шалқар» радиосының бағдарламасын бүгінде әлемнің әр түкпірінен-ақ тыңдауға болады. Екі радио да университет аудиториясында болашақтың білікті мамандарын – радиожурналистерін дайындауда елеулі үлес қосып отыр. Атақты оқу орнындағы «Сана – әл-Фараби» радиосы осынау кәсіби байланыстың жарқын көрінісі іспетті.
Тартымды өткен басқосудан соң «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев қазақ радиосының бір топ ардагеріне сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, радио қызметіндегі жеңімпаз студенттерге арнаулы шәкіртақылар табыстады. «Ең үздік студенттік радиобағдарламасы» аталымы бойынша жеті студент ақшалай сыйлық алды.
Конференцияға Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының ардагерлері, бұқаралық коммуникация саласын зерттеуші ғалымдар, қазақстандық электронды БАҚ өкілдері, журналистика факультетінің студенттері мен магистранттары, докторанттары қатысты.
Қызықты өткен ғылыми жиында аталған мәселелердің аясында айтылған ұсыныстар мен барлық кепілдемелер жинақ түрінде жарық көреді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ