Атақты әдістің авторы
Медведьті тықсыру немесе Преображенскийдің зәрлі хаты
Елімізде еркін күрестің негізін қалаушылардың бірі, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, марқұм Петр Матущак бірде Алматы дене шынықтыру институтының студенттеріне лекция оқып тұрып, Әбілсейіт Рүстемұлының әлемге әйгілі Александр Медведьті қалай тұқыртқанын әңгімелеп береді. Соған куәгерлердің бірі – қайраткер, ұзақ уақыт республика спортын басқарған білікті басшы, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамбетов. 1962 жылы Алушта қаласында әлем чемпионаты қарсаңындағы жаттығу жиынында Айханов пен Медведь кілемге шығады. Қай жеңгені әлемдік сынға баруға тиіс. Әбілсейіт белдесу үстінде қарсыласына оң аяғын қайта-қайта ұсынып, еркін ойқастаса керек. Кейін Олимпиада чемпионы атанған Александр Иваницкий: «Саша, аяғынан ұстама, аяғына жолама!» деп кілем шетінде жан дауысы шығып тұрады. Медведь қазақ балуанының оң аяғын ұстаудан қашқақтап, шегіне беріпті. 12 минутқа созылған айқаста Айханов даусыз жеңіп шығады. Әйтсе де, Мәскеудің ығына жығылған бапкерлер алқасы әлем чемпионатына Медведьті алып барады. Ал Әбекең сол бәсекеде екінші нөмірлі спортшы ретінде қосалқы құрамда отырады да қояды. Иә, ол кісі мұндай қиянаттың талайын көрді. Бір жолы Әбілсейіт аға басынан өткен мына жағдайды айтып берді: «Балуан кезімде КСРО құрамасының жаттықтырушысы Сергей Преображенскийден хат алдым. Ол кісі онда мені Мәскеуге, ЦСКА-ға шақырыпты. «Мәскеуге кел, ЦСКА-ның намысын қорға. Сонда саған КСРО құрамасының есігі ашық. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына тек Мәскеу арқылы ғана бара аласың. Егер осы ұсыныстан бас тартсаң, жолың біржола жабылады!..», деп жазған екен. Не деген астамшылық, не деген менменсу. Намысы бір басына жетіп артылатын Айханов ЦСКА-ға барудан бас тартады. Содан бастап ол Мәскеудің қырына ілігеді. Біздің ойымызша, Преображенский Айхановқа хат жазбас бұрын ауызша ұсыныс жасаған шығар. Қазақ батыры көнбеген соң «менің сөзімді жерге тастайтын сен кімсің, кесімді сөз осы», деген оймен жоғарыдағы хатты жазды ма деп ойлаймыз. Осы жерде Айхановтай ардағымызға сонша шүйлігетін Сергей Преображенский кім еді деген сұрақтың тууы заңды. Ол Кеңес Одағындағы еркін күрестің іргетасын қалаушылардың бірі. Өз заманында аты шыққан балуан. 1964, 1968, 1972, 1976 жылдардағы жазғы Олимпиадаларға КСРО құрамасын баптауға атсалысқан, бірнеше әлем чемпиондарын тәрбиелеген айтулы бапкер. Еркін күрес туралы әдістемелік, деректі кітаптардың авторы. КСРО Қарулы күштері құрамасының бас бапкері, еркін күрестен ЦСКА командасының басшысы әрі аға жаттықтырушысы болған адам. Бір сөзбен айтқанда, кеңес күресінің жарты патшасы. Мұндай алпауытқа хат жазғызып жүрген Айханов та тегін емес. Талайлар Преображенскийдің қолын ұстауға зар болып жүрсе, біздің ағамыз оның шақыруына құлақ аспайды. Ал Кавказ бен Якутия бапкерлері шәкірттерін Преображенскийдің қол астына беріп, соның нәтижесінде олар Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына еркін барып жүрді. Якутияның еркін күресін әлемдік деңгейге алып шыққан Дмитрий Коркин екі бірдей дарынды шәкірті – Роман Дмитриев пен Павел Пинигинді жаңағы бапкердің қарауына берген. Коркин қателескен жоқ: екеуі де Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жарды. Ал, Одақ чемпионаттарында Преображенскийдей көкесі бар балуандарға ешкім қиянат жасай алмайтын. Ол кезде үлкен спортқа тәуекел қылған спортшылар ЦСКА-ға кіруге жанын салушы еді. Себебі, оған кілең КСРО құрамасының мүшелері мен олармен тайталасуға жарайтын белділер ғана алынатын. Яғни, ЦСКА бірнеше спорт түрінен КСРО құрамасының негізгі арқа сүйер, базалық командасы болды. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері, әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов те ЦСКА-ға барудан бас тартқан кезде оның бас бапкері Арменак Алачачянның тікелей пәрменімен екі әскери адам келіп, қандасымызды Мәскеуге баруға күштеп көндіргенін біреу білсе, біреу білмейді. Ал жақында ғана дүниеден озған даңқты волейболшы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионы Жанбек Сауранбаев та ЦСКА-ның шақыруын қабыл алмағаны үшін Токио мен Мехико олимпадаларына жолы түспеді. КСРО ұлттық құрамасының ең белді ойыншысының бірі саналған Сауранбаев тура Олимпиада қарсаңында тізімге ілікпей қалды. Енді біздің балуанға орыс маманы сонша неге қызықты, дегенге келейік. Әбілсейіт КСРО кубогы жолындағы бәсекеде Сергей Преображенскийдің ең күшті шәкірті Александр Иваницкийге оң аяғын әдейі ұсынып, анау шап бергенде қарсы әдіспен атып ұрады ғой. Александр жер тоқпақтап қалады. Бұл кезде Иваницкий ересектер арасындағы Одақ чемпионатының жүлдегері, жастар арасындағы Кеңес Одағының чемпионы. Ал Айхановтың әлі Қазақстан чемпионы атанбаған кезі. Бұдан кейін Иваницкийдің тасы өрге домалап, Олимпиада жеңімпазы, әлемнің 4 дүркін чемпионы атанды. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, әлем кубогының жеңімпазы, Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы Анатолий Албул – Преображенскийдің төл шәкірті. Айханов бұл балуанды таза жығады. Осыдан кейін Преображенскийдің Әбілсейітке қолқа салуы заңды. Өйткені, Айханов феноменін бас бапкер қапысыз танығаны анық. Айхановтан ұтылған жігіттерді әлемдік күрес шыңына бастап шыққан Преображенскийдің қандай деңгейдегі бапкер әрі кезінде түкірігі жерге түспеген дөкейдің өзі болғанына бұдан артық қандай дәлел керек. 1963 жылдағы тамаша жеңістен кейін Әбілсейіт кілем үстінде қарсыластарымен қатар төрешілердің тасқамал тосқауылына жолықты. Қазылар талай белдесуде көпе-көрнеу жолын кесті. Ақиқатын айтсақ, Айханов Преображенскийдің ұсынысынан бас тарту арқылы тұтас тоталитарлық жүйеге, мемлекеттік машинаға қарсы шыққан еді. Әбілсейіт Рүстемұлы Олимпиада және әлем чемпионы болатын қарым-қабілеті бола тұра кеңес күресінің басындағы әділетсіз адамдардың кесірінен діттеген биігіне жете алмады.
Тарпаң
Одақ құрамасының жаттықтырушылар алқасы Айхановты ірі-ірі жарыстарға жіберіп тұрды. Кеңес Одағының чемпионаттарында аяғына тұсау салынған Әбілсейіт Айханов халықаралық жарыстарда бірде-бір рет жеңілген жоқ. 1961 жылы қазақ балуаны Чехословакияның астанасы Прагада болған айтулы бәсекеде жеті бірдей қарсыласын қапы қалдырып, финалда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Богумил Кубатпен бетпе-бет шықты. Кубаттың салмағы – 140 килодан артық, Айханов 83-84 кило шамасында. Кубат Чехословакия тәрізді сол тұстағы күшті мемлекеттің бір емес, тоғыз дүркін чемпионы. Яғни, өз елінің небір апайтөс, түйе балуандарына он жылдай дес бермеген алыптың өзі. Белдесу алдында КСРО күрес федерациясының президенті Алексей Катулин Әбілсейіттің қолын қысып тұрып: «Сенімді ақтадың, жарайсың!», дейді шынайы көңілмен. Бұл Айхановтың шетелге алғаш шығуы еді. Соған қарамастан жеті мемлекеттің «мен» деген алыптарын жығып отыр. Бәлкім, Катулин Әбілсейіт Айханов өзінен 56-57 кило ауыр тартатын Кубатты жеңе алмайды деп, іштей қауіптенген шығар. Бірақ, 23 жастағы Әбілсейіт мыңдаған чех жанкүйерлерінің көз алдында Богумилді таза жығады. Кубаттың жауырынын кілемге жапсыру үшін айла-тәсілге қоса сұрапыл күштің қажеттігі тағы белгілі. Жүзі бал-бұл жанған Катулин Айхановты бауырына басып, ризалығын білдіріпті. Болгария тарихындағы тұңғыш Олимпиада жеңімпазы, осы елдің 12 мәрте чемпионы Никола Станчев, әлемнің 2 дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Шота Ломидзе, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы Савкудз Дзарасов, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Кеңес Одағының 4 мәрте чемпионы Борис Кулаев, Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері Петр Кмент... Айханов осы мықтылардың бәрін жеңді. Біз әлемдік күрес тарихындағы таңдаулы деген балуандарды ғана атап отырмыз. Бұларға әрқайсысы бір-бір елдің түйе балуандары саналған басқа да алыптарды қосыңыз. Осылардың арасынан суырылып шыққан Әбілсейіт Рүстемұлы Олимпиада ойындарын айтпағанда, Еуропа біріншілігіне де бара алмады. Өзіңіз ойлап қараңыз, кеше ғана сізден жығылған балуан Олимпиада жеңімпазы немесе әлем чемпионы атанып жатады. Мұндай жағдай бір мәрте болса, ештеңе емес. Қатарынан бірнеше жыл осындай жолсыздыққа душар болған адам қандай күй кешуі мүмкін. Ал сені күрестің басы-қасындағы пенделер КСРО чемпионатының алтын тұғырына жібермейміз деп тор құрып тастаған. Осы да әділдік пе, адамгершілік таразысына салсақ, ұяты бар адамдар мұндай пендешілікті өз бойына ар көретіні анық. Бұл дегеніңіз, спорт саласында кеудемсоқ, білімсіз, ұяты кемдеу адамдардың бар екенін білдіреді. Олар басынан сөз асырмайды, қарсы сөйлесең, талағы тарс айрылады. Әйтпесе: «Жігіттер, Әбілсейіт мінезді екен, ал балуандығына ешкім дау айта алмайды. Осы жігітке обал жасамайық», деп жалы күдірейген бір күшті кесіп айтса, қалған мамандар ойланар ма еді, кім білсін. Біздің ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз «адам баласына қылдай қиянат жасама, обал-сауабы болады», дегенді ес білгеннен құлағымызға құйып өсірді. Спорттағы белден басқан әділетсіздіктерді көргенде: «Мына дөкейлердің отбасындағы тәрбиесі қалай болды екен?» деп еріксіз ойланатын болдық. Осы жерде Астанада 2002 жылы бокстан өткен әлем кубогы еске түсіп отыр. Сол жолы біздің құраманың командалық бас бәйгені алуға толық мүмкіндігі болды. Бірақ бас жүлде Куба құрамасының еншісінде кетті. Бұған көп адам: «Өз жерімізде қолда тұрған жеңісті қолдан беріп қойдық. Өзбекстан мен Куба болса, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алар еді», деп АИБА-ның сол тұстағы бірінші вице-президенті Бекет Махмұтов пен республикалық Спорт агенттігі басшыларына наразылық білдіріп жатты. Мен де сондай пікірде болдым. Қазір ойлап отырсам, Бекет ағалар әділдікке жүгінген екен. Атаның күшімен, ананың қанымен бойға дарыған ұят деген құдірет ол кісілерді қиыстау жолға жібермепті. Кеше ғана аяқталған Рио-де-Жанейро Олимпиадасында имансыз адамдардың кесірінен қанша спортшы үйлеріне жылап қайтты. Тіпті, халықаралық Олимпиада комитеті мен АИБА президенттері қатар отырып қазыларды ауыздықтай алмаған соң, басқа кімнен әділдік сұрайсың?! Мұндай басшыларды көріп өскен жастар ертең ар-ұятты жиып қойып, жағымпаздық пен айла-шарғы соңында кетсе, кімді кінәлаймыз?! Әбілсейіт аға мұндай жүгенсіздікті өткен ғасырдың 60-жылдары басынан өткерсе, содан бергі жарты ғасырдан астам уақытта да спорт саласының ар-ұяты толық ояна қойған жоқ. Ел мен ер тағдыры егіз екен. Алаш жұрты киген отаршылдық қамытынан Айханов та құтыла алмапты. Тарпаң балуан басына ноқта салғызбаса да, отаршыл жүйе оның аяғына тұсау салыпты. Бірақ, Айханов империяға бас иген жоқ. Балуан ағаның бар кінәсі: айтулы сындарға тек қазақтың атынан барғысы келгендігі, сосын ешкімнің ығына жығылмай, қабағына қарамай өз жолымды өзім ашамын деген қазақы намыс, дала батырына тән бұлталақсыз асқақ мінезі еді. Ал ширек ғасыр тәуелсіздік тұсында мыңдаған қазақ баласы боз кілемде бағын сынады. Солардың ішінен Айхановтың деңгейінде бір балуан шыққан жоқ. Қазақ даласы қу тақыр емес еді ғой, бізге не болды, қайда кетіп барамыз?! Қыдырбек Рысбек