Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 жылдың бедеріндегі басты жетістіктерімізді саралай келіп: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы, халықтың тұрмысы, денсаулығы түзелуінің, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», – деген еді.
Шынында да біздің еліміз денсаулық сақтау саласында көптеген табыстарға қол жеткізді. Ең бастысы, жұрттың өз денсаулығына деген жауапкершілігі күшейіп келеді. Бұл бағытта Ұлттық скринингтік бағдарламасының рөлі ерекше екені анық.
Жуалы ауданында осы бағдарламаны іске асыру барысында 18 051 адам скринингтік тексеруден өтті. Тұрғындардың арасынан 294 ауру жағдайлары анықталды, оныӊ ішінде 162 қан айналымы жүйесі аурулары, 112 жатыр мойны обыры, 28 сүт безі обыры, 10 қант диабеті және 2 колоректальды обыр тексеріліп, анықталды. Міне, осыдан-ақ, соңғы жылдары ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылау мәселесі ерекше назарға алынғанын байқауға болады.
Кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста тоқсаныншы жылдардың басындағы және бүгінгі медицинаның арасы жер мен көктей екенін айта келіп: «Жаңа емдеу орталықтарынан өзге, елімізде 49 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Қазақстан – медициналық туризм еліне айналды, бізге алыс-жақын шетелдерден науқастар емделуге келеді», деп ақ халатты жандарды бір қанаттандырып тастағаны анық.
Шынында халықтың денсаулығы – еліміздің басты байлығы. Сондықтан, ауданның денсаулық сақтау саласының қызметкерлері алдағы уақытта да науқастардың өмірін құтқаруға бар күш-жігері мен кәсіби біліктілігін жұмсайтын болады деп сендіре аламыз.
Батихан АЛПЫСБАЙ,
Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері
Жамбыл облысы