Бүгінде еліміздің білімі мен ғылымы саласында инновациялық тың жаңалықтарға жол ашылып және олардың нақты өмірде қолданыс табуы қуантады. Мәселен, баршаға белгілі Қазақ тағамтану академиясы 2016 жылы Алматы қаласында бие сүті негізінде өнімдер шығаратын «Ұлытау» саламатты тағамтану орталығын ашып, денсаулыққа аса пайдалы, әлемде тұңғыш рет бие сүті негізінде әзірленетін инновациялық өнімдерді жаппай тұтынуға ұсынды. Осындай аса тың жаңалықтың авторы, бие сүтінің пайдасы жөнінде аса қызықты, жаңа ғылыми мағлұматтар беруден жалықпайтын, жалпы, жылқы еті мен бие сүтін дәріптеуді нағыз патриоттық рухқа балайтын денсаулық сақтау саласының майталманы, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді ШАРМАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Төрегелді Шарманұлы, сіздің еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесіңіз орасан. 1978 жылы Алматыда алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем бойынша ДДҰ халықаралық конференциясын өткізудегі ерен еңбегіңіз барша адамзатқа аян. Сіз қоғамда ұдайы тың ғылыми жаңалықтардың жаршысы болып келесіз. Қазіргі таңдағы осындай өнегелі ісіңіздің бірі – бие сүті негізіндегі өнімдерді шығару. Сонымен қатар, бұл елімізде жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беретін берекелі іс болмақ. Әңгімемізді осы тұстан бастап өрбітсек.
– Кең даламызда 1917 жылдарға дейін 10 миллионнан астам жылқы басы жайылып, өсіп-өнген. Кеңес уақытында жылқы шаруашылығымен айналысатын колхоз-совхоздар болды, бірақ, сонда да халықты жаппай осы түлік өнімдерімен қамтамасыз ету айтарлықтай болмады. Көбінесе жылқыны әркім жеке шаруашылығында өсіріп, өнімін өз сұранысына ғана жаратып, тұтынды.
Өкінішке қарай, қазір еліміздің аумағында 2 миллиондай жылқы басы қалған, оның өзі көбінесе шағын фермерлік қожалықтардың үлесінде. Сондықтан, қазіргі таңда жылқы басын молайту еліміздің болашағы үшін Үкіметіміз жуырда қолға алуға тиіс маңызды іс болмақ. Себебі, бие сүтінің ұлтымыздың әлеуетіне қосатын үлесі орасан, оған біздің Қазақ тағамтану академиясының көп жылдар бойы жүргізген ғылыми зерттеулері дәлел. Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында біз бие сүтінің терең сырларына бойлап, осы уақытқа дейін құпия болып келген тұстарын зерттеп, тың жаңалықтар ашып, бие сүтінің негізінде тарихта тұңғыш рет жаңа өнімдерді өмірге әкелдік.
Бұл істің ел ауқымында өріс алуы үшін асыл шикізат – бие сүтінің көлемі мол болуы шарт, демек, еліміздегі жылқы шаруашылығын өркендетіп, қанат жайғызу арқылы, ауылдағы іскер азаматтардың, мемлекеттің қолдауымен бие сүтін өндіру ісі, сонымен қатар, бие сүтінен өндіретін өнімдеріміздің көлемі айтарлықтай дәрежеге жетеді деген сенімдемін.
Әрине, бие сүтін өндіру – күрделі үрдіс, бие сүтінің нәзік табиғатына сай сақтау тәртібін қатаң қадағалау қажет, сондықтан, оның сапасына қойылатын талаптың деңгейі биік. Біз бүгінде Алматы маңындағы фермерлік қожалықтарда механикалық сауу тәсілімен алынатын, сапалы бие сүтін зертхана жағдайында тексеруден өткізу арқылы іріктедік, осы фермерлік қожалықтармен келісімшартқа отырып, жан-жақты жұмыстар атқарудамыз.
– Иә, сіздің ұлттық өнімдерді сонау кеңестік кезеңнен бері дәріптеп, айналысып келе жатқаныңыз баршаға белгілі ғой...
– Оның дұрыс. Мәселен, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында біз асқазан-ішек жолдарының ауруларына шалдыққан науқастарды қымызбен, саумалмен, шұбатпен емдеу үшін арнайы клиника ұйымдастырып, олар жақсы нәтижелер беріп еді. Кеңес заманының қатал заңы бұл еңбегімізге «ұлтшылдық» айыбын тағып, клиникамызды жауып, өзімді жұмыстан қудалады. Бұл елден жырақ кетуіме тура келіп, үш жыл бойы Мәскеуде тұруға мәжбүр болған кезім еді. Сол себепті бастаған игі ісіміз ілгері баспады. Енді қазіргі егемендік алған елімізде, еркіндікке ие болып отырған шағымызда армандап жүрген әрі баршаға пайдалы, көптеген ауруларға шипалы ісімізді қолға алып, көздеген мақсатымызға жетпек ойымыз бар.
Бүгінде бие сүті мен қымызды асқазан-ішек жолдары мен өкпе ауруларын емдеуде табысты қолданудың көптеген мысалдары бар, жеке шаруашылықтарда әзірленетін қымыз бен саумалды шипажайларда ұсыну жиі кездеседі. Дегенмен, бие сүтін қолданудың көп ғасырлық тарихынан байқалатындай, осы күнге дейін қымыздан басқа өнімдер әзірленбеген еді, мысалы, сиыр сүтінен дайындалатын айран, простокваша, йогурт, сүзбе секілді.
– Бие сүті негізіндегі өнімдерді әзірлеуге себеп болған қандай алғышарттарды атар едіңіз?
– Бүгінде планетамыз қартаю үстінде деп айтуға болады. Туу көрсеткіштері азайған. Халықтың қартаюы түрлі жылдамдықпен өтуде, осыған байланысты аурушаңдық арту үстінде. Жас ұлғайған сайын созылмалы аурулардың саны артады. Кәрілік – әлемдегі өлім-жітімнің ең жиі себебі. Егер 50 жасқа қарай адамда 2 созылмалы ауруы болса, 70 жасқа таман 7 немесе одан да көп ауру болады. Бүкіл әлемде тәулігіне 150 мың адам көз жұматын болса, олардың 100 мыңы – кәріліктен (секундына – 2 адам).
Қартаю барысында пайда болатын барлық аурулар: жүрек-қан тамыры жүйесінің, қатерлі ісіктер, диабет, остеопороз, Альцгеймер, Паркинсон ауруларының шығу себептері әртүрлі болуына сай емдеу мен алдын алуда да түрлі тәсілдерді талап етеді. Кәрілік мәселесін зерттеуші ғалымдар – геронтологтар антиоксиданттар тобынан фармацевтикалық препараттардың бірігуін ойлап шығарды, олар жеке түрге қарағанда кешенді түрде тиімді әрекет етеді. Алайда, фармацевтикалық препараттардың жанама әсерлері болуына байланысты, оларды ұзақ қолдануға болмайды. Көптеген зерттеушілердің мәліметтері бойынша, кәріліктің түпкі себебі – қабыну үрдістері, демек, оларды қартаю үрдісін тежеу арқылы ғана айтарлықтай бәсеңдетуге болады.
Осындай тығырықтан шығу жолын іздеу барысында тағам мәселесіне назар аударылды, себебі, осыдан он жыл уақыт бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің ассамблеясында планета халқы өлім-жітімінің 60 пайызының сапасы төмен тағамдарды тұтынуға тікелей байланысты екендігін қорытындылаған болатын. Осыған орай, ХХІ ғасырдағы заманауи медицина және денсаулықты қорғау саласы аурулардың алдын алу мәселесіне түбегейлі бетбұрыс жасауда және бұл бағыттағы аса маңызды шаралар – сапалы тағам және саламатты өмір салты арқылы халықтың денсаулығын нығайту, осы арқылы сапалы өмір жасының ұзақтығын арттыру. Оның үстіне, қоршаған ортаның ластану қаупі қатерлі сипат алуда және халықтың үздіксіз өсу үстіндегі санын қауіпсіз тағамдармен қамтамасыз ету қажеттілігі ХХІ ғасырдың басты мәселесі.
– Азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттік деңгейде шешілетін маңызы зор шара. Халықтың тамақтануында бүгінгі таңда ғылыми тұрғыдан орын алып отырған қандай олқылықтарды атар едіңіз?
– Қазақстан халқы тағамының құрамына көп қанықпаған май қышқылдарының (КҚМҚ) тапшылығымен қатар трансмайлардың жоғары деңгейі тән, бұл қазіргі уақыттағы жұқпалы емес аурулардың өсуінің басты себептерінің бірі екендігі анық. Соңғы кезде жарияланған материалдарды талдап өтсек, сүт өнімдері 60 пайызға, ал сары май секілді жеке түрлері, көбінесе, Ресейде өндірілген түрлері, құрамында 80-90 пайызға дейін пальма майы, 10-40 пайызға дейін трансмайлар болатын жалған өнімдер екендігі анықталған, трансмайлар 8 пайызға дейін табиғи сиыр сүтінің құрамында болады.
Трансмайлар жүрек-қан тамыры және онкологиялық аурулардың, қант диабетінің қаупін арттырады, инсулинге сезімталдықты төмендетеді, семіздікке ықпал етеді. Бұл орайда өмір салты (темекі шегу, алкоголь тұтыну, аз қимылдау) трансизомерлерге қарағанда азырақ әсер етеді. Олар организмде жинақталып, әйелдерде – сүт бездері, ерлерде жыныстық бездері арқылы шығарылып, қатерлі ісіктерге душар етуі ықтимал. Сондай-ақ, қандағы холестерин деңгейі қалыпты шамасынан екі есе жоғары – 10-12 ммоль/л болатын адамдардың аман-сау күйінде 100 жасайтын жағдайларының біршама кездесуі осы уақытқа дейін көптеген ғалымдарға түсініксіз болып келген еді. АҚШ және Еуропа елдерінде өткізілген кең ауқымды, көп факторлы зерттеулерде сенімді дәлелденгендей, холестерин тек трансмайлардың тікелей әсерімен ғана атеросклероз дамуының қауіпті факторына айналады.
–Бие сүтінің тарих қойнауынан оралып, жаңа инновациялық өнімдерге негіз болуының ғылыми тұрғыдағы сыры неде екендігін айтып өтсеңіз?
–Тағамдағы трансизомерлер мөлшерін азайту үшін халықаралық ұйымдар майларды энзимдік жолмен өңдеуді ұсынады, бұл аса қымбат, өте күрделі және оған қоса, уытты тәсіл. Барлық табиғи майларды талдаудан өткізе отырып, жоғарыда аталған талаптарға барынша сай келетін жалғыз майлы өнім – бие сүті, сондай-ақ, жылқы майы екендігін айтуға болады, себебі, олардың құрамы май қышқылдары бойынша үйлесімді, КҚМҚ қатынасы оңтайлы, бастысы, құрамында май қышқылдарының трансизомерлері жоқ және Қазақстан халқының тамақтануында дәстүрлі қолданыс тапқан. Ескеретін жайт, трансмай қышқылының сиыр, түйе, ешкі сүттерінде болуы табиғи көрініс.
Тағам өнімдерін дәстүрлі қолдану жолдары талаптарға сай келмегендіктен, біз басқа тағам көздерін іздестірген едік. Көп жылдар бойы жүргізген зерттеулеріміздің барысында ашытылған бие сүтінің терең қасиеттері оның қартаю үрдісін бәсеңдету үшін нақты фактор ретінде жаңа өнімдер әзірлеуге негіз бола алатындығын көрсетті. Бие сүтінің табиғаты басқа сүттерге, оның ішінде, сиыр сүтіне қарағанда, ерекше әлем екендігі анықталды. Қайнату, стерилдеу секілді бие сүтінің ішкі әлеміне кез келген техникалық тұрғыдан араласу оның табиғи қасиеттерін жояды. Бие сүті табиғатының ана сүтіне жақын болуы оның ғажайып жаратылысын білдіретіндей. Сиыр, ешкі, түйе сүттеріне қарағанда, бие сүтінің жоғары биологиялық құндылығы алдымен, оның ақуызының ерекше сипатына (көбінесе, альбуминдік-глобулиндік табиғаты), май қышқылы құрамына (төмен молекулярлық КҚМҚ, олардан простагландиндер түзіледі), С дәрумені мен лизоцимнің айрықша жоғары деңгейлеріне байланысты, олардың барлығы ағзаның иммундық-антиоксиданттық қорғанысын қамтамасыз етеді. Сондықтан, бие сүті ағза тіршілігінде өзекті рөл атқарады, жүрек-қан тамыры және жүйке жүйелерінің жұмыстарын реттеуге қатысады, қабынуға қарсы әрекет етеді, жұқпалы емес аурулардың дамуына тосқауыл болады.
– Төрегелді Шарманұлы, бие сүті негізінде инновациялық жаңа тағам өнімдерін әзірлеу жөніндегі әңгімеміздің басты тақырыбына жеткендейміз...
– Қазақ тағамтану академиясының заманауи құрал-жабдықпен жасақталған, лайықты зертханасы бар, оған халықаралық ұйымдар жоғары дәрежелі дәлдігі және сенімділігі үшін референстік атағын берген, ал академияның өзі ДДҰ бірлескен ынтымақтастықта қызмет ететін ұйым, БҰҰ БҚ сүйенетін орталығы ретінде мойындалған мекеме. Бұл тағам технологиясымен айналысатын басқа зертханалар мен ұйымдардың алдындағы біздің биік дәрежеміз бен артықшылығымыз. Қолымыздағы осындай айрықша мүмкіндіктерге сай бие сүтінің терең қасиеттеріне бойлап, ғажайып жаратылысын ашуға қол жеткіздік.
Академияның ғылыми-тәжірибелік қолдауымен, бүгінгі заманның талабына сай теориялық ғылымның нәтижелерін нақты тәжірибеге ұштастыру мақсатында, кездескен түрлі бағыттағы орасан қиындықтарды жеңу нәтижесінде биыл Алматыда «Ұлытау» саламатты тағамтану орталығын ашып, оның аясында бие сүті негізіндегі жаппай тұтынатын және арнайы емдік-профилактикалық бағыттағы инновациялық өнімдерді шығаратын зауытты іске қостық.
Бұл зауытта біз әлемде тұңғыш рет бие сүті негізіндегі абсолюттік инновациялық саналатын жаңа өнімдерді: йогурттарды, ашытылған сүт сусындарын, сүзбелерді, арнайы цехтарда балмұздақ пен шоколадты әзірлеп шығарып, халықтың жаппай тұтынуына ұсынуымызды ерекше мақтаныш сезімімен айтамыз. Мен зауыт құрылысын бастауда тиімді қолдау көрсеткені және ерекше түсіністік танытқаны үшін Елбасына өзімнің зор алғысымды білдіремін.
Бие сүтінің ерекше қасиеттері жаппай тұтынатын және емдік-профилактикалық бағыттағы, құрамында трансмайлар мен қант болмайтын, болашақ өнімдерін әзірлеуде шексіз мүмкіндіктер сыйлайды. Бие сүті негізінде біздің балаларға, ем-дәмдік және жаппай тұтынуға арналған жаңа өнімдеріміз ұлттық дәстүрлерді жаңғыртумен қатар, тағамдық қауіпсіздік мәселелерін шешуге, халықтың аса әлжуаз топтары арасында – сәбилерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді, қартайған адамдарды қоса, аурушаңдық пен өлім-жітім қаупін азайтуға, жалпы, барша халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, биыл Алматы қаласындағы Ардагерлер үйінде 200 егде жастағы адамдар осы бие сүті негізіндегі 5 түрлі өнімді екі ай бойы қабылдады және өткізілген зерттеулерге сай олардың денсаулық көрсеткіштері жақсарғаны дәлелденді. Бұл – біздің әзірлеген өнімдеріміздің пайдалы әсерінің қуантарлық дәлелі. Америкалық саясаткер және тележурналист Энтони Бурдэннің «Ең маңызды саясат – тек тағаммен байланысты саясат», деген сөзін біздің бүгінгі жағдайымызға балама ретінде айтуға болады.
– Енді көпшіліктің көкейіндегі сұраққа жауап берсек. Соңғы кезде еліміздің өңірлерінде бие сүтінен балмұздақ шығарылды дегенді естіп жүрміз, сіздер шығаратын өнімдердің олардан қандай айырмашылығы бар?
– Аталған балмұздақтарды шығарған авторлардың мәлімдемесіне және өнертабысқа алған патенттеріне тікелей жүгінген жөн болар. Олар шығарған балмұздақтың негізі сиыр сүті, ал қант міндетті түрде қосылады, трансмайдың болуы оның сиыр сүті негізінде екендігінің қосымша дәлелі. Ал бие сүті дайын өнімге жидек, ваниль, шоколад қосылған сияқты, тек үстеме ретінде ғана пайдаланылған. Ал біздің балмұздағымыз тек бие сүтінен ғана тұрады, сондықтан да құрамында сиыр сүтінде ғана болатын трансмайлар жоқ. Британдық нутрициолог Аткинс айтқандай, оның құрамында «Өзі аппақ, тап-таза, өлімге апаратын қант» жоқ.
Менің арманым – бие сүті негізіндегі өнімдерді ұлттық бренд ретінде танымал ету. Оны Отан алдындағы, халық алдындағы борышым деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»