Дағдарысты еңсеру тәсілдері
– Павел Геннадьевич, қазақстандық экономиканы тығырыққа тіреген 2016 жылды компанияларыңыз қандай нәтижемен аяқтады? – Ең қызығы, бұл дағдарыстан біз сәтті шықтық. Оған бірқатар факторлар әсер етті. Біріншіден, қазақстандық нарықтан, әсіресе, сүт өндірісі секторынан бірнеше ресейлік компания кетті де, өзімізге орын босады. Екіншіден, біз сату техникасын, сауда сапасын жақсартуды қолға алдық. Үшіншіден, кадрларымыздың біліктілігін арттыруды, әрбір қызметкерді жан-жақты оқытуды жолға қойдық. Мұның бәрі, әрине, өсіп-өркендеуімізге сеп болды. Жалпы, 2016 жылдың қараша айындағы жағдайды алып қарасақ, тауарлар тобы бойынша түсім көлемі – 50%-ға, сауда-саттық көлемі – 38%-ға өсті. Яғни, қараша айындағы көрсеткіш бойынша саудадан 25 миллиардтан астам теңге түскен. Ресейлік өндірушілердің азайғаны табысты болуымызды жеңілдетті. Алайда, олар нарықта болған күннің өзінде де, біз жақсы нәтижеге қол жеткізер едік. – «Масло-Дел» компаниясының Қазақстан нарығындағы үлесі қанша? – 2016 жылы Қазақстан нарығындағы біздің өнімдердің құны 213 млрд теңгені құрады, яғни, бұл нарықтың 11%-ы деген сөз. Ал белгілі бір тауарлардың үлесімен есептесек, мәселен, қоюлатылған сүтпен қамту бойынша, біз көш бастап келеміз. – Ал «Масло-Дел» компаниясының экспорттағы ахуалы қандай? – 2016 жылы экспорт көлемі екі есеге ұлғайды. Өткен жылы шетелге 2 млрд теңгенің өнімін сатсақ, биыл ол көрсеткіш 4,3 миллиардты құрады. Бұл нәтижеге экспортты қаржыландырған «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен қол жеткіздік. Холдинг Қазақстанның Даму банкі арқылы бізге 3 жылға 6-8% жылдық өсіммен 3 млрд теңге қарыз берді. Сөйтіп, экспорт ахуалын жақсарттық. – Қай жаққа және қандай өнім экспорттадыңыздар сонда? – Біз басында, негізінен, Орта Азия елдерімен жұмыс істедік. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбек- станға маргарин, қоюлатылған сүт саттық. Енді Қытайға жол ашылып отыр. Ол жақта біздің дайын май өнімдерімізді сататын еншілес кәсіпорын құрылды. Аспанасты еліне, әсіресе, маргариніміз қатты ұнаған сияқты. Осы сәтті пайдаланып, БАҚ арқылы Үкіметке өтініш білдіргім келеді. Біздің зауыттарды Қытай стандарттарына сай сертификаттау үшін қытайлық әріптестермен жұмыс істеп, жәрдемдессеңіздер екен. ҚХР Карантиндік және сертификаттау қызметі біздің өндіріс орындарына аудит жасауы тиіс. Егер сол тексерістен өтсек, Қытай нарығына сүт өнімдерін де тасымалдауға мүмкіндік туады. Әзірге, бұл тауарларды Қытайға жіберуге тыйым салынған. – Қазақстанның Даму банкінен алған қарызды неге жұмсадыңыздар? – Ол қаржыға, ең бірінші кезекте шикізат сатып алдық. Біз негізінен майлы дақылдарды сатып алу мақсатында қаржыландырылдық. Өзіміздің қолдағы бар қаражатымыз тек ішкі нарықты қамтамасыз етуге ғана жететін. Ал Қазақстан Даму банкі берген қаржы тауарларымызды Қытайға экспорттауға мүмкіндік ашты. Басында біз ҚХР-ға экспорт көлемін ұлғайтамыз деп ойлаған жоқпыз. Өйткені, шығын оңайлықпен ақталмайды. Ұзақ мерзімді қажет етеді. Мәселен, қытай компаниялары өнімдерді түрлі тексерістен өткізеді, содан кейін ақшасын кешіктіріп төлеуді өтінеді. Сөйтіп, 1 айдан 3 айға дейін созылып кетеді. Сондықтан, біз айналымдағы қаржымызды ондай тәуекелге тіге алмадық. Ал ҚДБ-ның көмегімен жағдай жақсарды. Ашығын айтқанда, Даму банкінің қолдауынсыз Қытайға тауарларымызды экспорттай алмайтын едік. – Павел Геннадьевич, Қазақстанда осы жылы инфляция деңгейі өсті, баға қымбаттады. Сіздерге де өз тауарларыңыздың бағасын көтеруге тура келді ме? – Біз нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Егер ахуалға ілесіп, бағаны көтермесек, ұтыламыз. Біздің мойнымызда да нақты міндеттер бар ғой. Жанар-жағармай бағасы өсті, қызметкерлер де жалақысын көтеруді сұрайды. Міне, сол мәселенің бәрін ескеріп, түйінін тарқатуымызға тура келеді. Оның үстіне соңғы жылдары ресейлік өндірушілер тарапынан да айтарлықтай қысым болды. Мәселен, жылына 1,5 млн тоннаға дейін өсімдік майын экспорттайды олар. Батыс санкция салған уақытта бүкіл тауарын маңайдағы нарыққа жіберді. Яғни, бұрын өнімдерін Еуропаға сатушы еді, енді тек Қазақстан мен Өзбекстанға жөнелтті. Және бәсекелестерін ығыстыру үшін тауарларының бағасын арзандатты. Біз баға соғысын жасамадық, жағдайға қарай өз тіршілігімізді жалғастырдық. Егер бәсекелестеріміздің саясатымен санассақ, компаниямыздың халі нашарлайтын еді. – Компания шетелдік шикізатқа қаншалықты зәру? – Біз сүт, майлы дақылдар өндіретін отандық өндірушілермен қарым-қатынас жасап, барынша импортқа тәуелді болмауға талпындық. Бизнестің осы моделімен көп жыл жұмыс істедік. 2003 жылдан бастап майлы дақылдарды өңдейтін зауыт, сүт қабылдайтын бекеттер сала бастадық (бүгінде бұл нысандар саны 20-ға жеткен). Сондықтан, біз сатып алатын шикізаттар тізімінде қазір тек елімізде жоқ заттар ғана бар. Мысалы, түрлі дәмдеуіштер, пальма майы сияқты экзотикалық майлар, орауыштар дегендей. Осылайша, компания өндірісіндегі импорт көлемі 8-10%-ды ғана құрайды. Бұл импортты азайту саясаты біздің табысты болуымызға көмектесті. – Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығына қатты көңіл бөлініп жатыр. Кәсіпкерлердің көбісі осы салаға ұмтылуда. Осы орайда, сізге отандық шикізат жеткілікті ме? Әлде өндірушілерді ынталандырып отыруға тура келе ме? – Біз май өндірісінде ардагерміз, бұл сектор біз үшін жаңа емес. Сүт және май өндірісі саласында мықты сарапшымыз, мәселені терең түсініп, талдай аламыз десем де артық емес. Әрине, бәсекелестік орта нығаюда. Қазіргі сүт өндірісіндегі қуатымыз шикізат көлемімен тепе-тең. Яғни, шикізат жеткілікті. Егер, сүт қабылдауды ұлғайтсақ, онда зауыттың да қуатын арттыруға тура келеді. Жалпы, қазір расымен, ауыл шаруашылығы саласында көп өзгеріс бар. Соңғы жылдары мемлекет сүт өңдеуді кеңейту мақсатында тиімді кредиттер беріп жатыр. Бұрын тек сүт өндіретіндер енді оны өздері өңдей бастады.Ұлт денсаулығы және шаруа қожалықтарын қолдау
– Таяуда ғана нарыққа жаңа тауарларыңыз – O’Live атты рапс майын шығардыңыздар. Жалпы, бұл өнім қазақстандықтардың дәстүрлі ас-ауқатында жоқ. Сіздер сонда отандастарыңыздың азық-түлік тізіміне жаңалық енгізуді мақсат еттіңіздер ме? – Біз рапс майын өндіреміз, өңдейміз, себебі, ол күнбағыс майына қарағанда пайдалы. Егер Еуропаға зер салсаңыз, олардың нарығында рапс майы 80 пайызды құрайды. Әсіресе, зәйтүн өспейтін солтүстік аймағында, мысалы, Германияда осы рапс майы кең таралған. Оның үстіне рапс майы арзан, әрі қышқылдылық жағынан күнбағыс майымен салыстырғанда жақсырақ. Қазақстанда күнбағыс майынан өзге май жоқ сияқты ұғым қалыптасқан. Көбісі оны майлардың эталоны санайды. Алайда, рапс майы елімізде өндіріледі, тұтынушыға пайдалы. Өйткені, оның құрамында 11 пайыз омега-3 қышқылы бар. Ертеректе балаға осы қышқылдың орнын толтыру үшін балық майын беретін. Қазір оны ешкім қолданбайды, ал рапс майы ағзаны омега-3-пен қамтамасыз ете алады. Түйіндей айтсақ, бұл май ұлт денсаулығына өте пайдалы. – Сіз өндірушілерді рапс өсіруге үгіттедіңіз бе? Әлде нарықта осы майды өндіруге ұсыныс болды ма? – Компанияның даму тарихына көз жүгіртсек, кезінде майлы дақылдарды өзіміз өсірумен айналыстық. Біздің 145 мың гектар жеріміз болды. Жартысына майлы дақылдар ектік. Кейін өнімді өңдейтін зауыттар салуды қолға алдық. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары рапс майының тиімділігін байқап, оны өсіре бастады. 2011 жылы біз бұл бизнестен кеттік, жерді саттық. Тек өңдеумен айналысуды мақсат еттік. Ол кәсіптен ұнамағандықтан, яки, пайдасы аз болғаннан алыстаған жоқпыз. Тек компанияның айналымында ауылшаруашылық өнімдері бастапқыда 10%, сосын 15%-ды құрады. Сондықтан, біз оларды өңдеумен, сатумен айналысуды жөн көрдік. Яғни, біз шикізат өндіру миссиясын толық бағындырдық, сосын ол нарықтан кеттік. – Алайда, сіздер жом өндіріп, сатудан бас тартқан жоқсыздар. Нарықта оны сатып алушылар бар ма? – Жом – өте құнарлы ақуызды өнім. Құрамында 40-47% протеин бар. Ал мысалы, бидай жемінде ол 10-11% ғана кездеседі. Алайда, жыл сайын Қазақстанда өсірілген 500 мың тоннаға жуық жом толығымен шетелге экспортталады. Өкінішке қарай, жомды отандастарымыз тұтынбайды. Олар малға жом емес, жем бергенді жөн көреді. Осы орайда, мал шаруашылығы саласы ақсап тұр. Жом малдың тез ет алуына, семіруіне сеп. Біздің компания 12 млн теңге шығындап, шаруа қожалығы иелері үшін малға жомның пайдасы туралы арнайы әдістемелік кітапша да жазып, шығарды. Зерттеу жасағанымызда, 2 ай бойы жом жеген сиырлардың сүттілігі 30%-ға артқан. Әрі қарай қарапайым арифметикамен есептей беріңіз. Қазақстанда 6 млн сауын сиыр болса, одан жыл сайын 5 млн тонна сүт жиналады. Ал, жом беру арқылы бұл көрсеткішті 7,5 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар. Ол үшін әрине, 2,5 млн тонна жомды сырттан сатып алуға тура келеді. Бағасы да арзан емес. Бірақ, есептесеңіз, протеин мен нәрлілік жағынан жемнен екі есе арзан, тиімді және сүттілікті арттырады. Өкінішке қарай, жомның пайдасын көп фермерлер ұғып жатқан жоқ. Сондықтан, біздің жом толығымен шетелге, оның ішінде Ресейге сатылуда. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»