«Ән құдіреті жайлы Аристотель: «Музыка адам жанына этикалық тұрғыдан белгілі дәрежеде әсер ете алады. Сондықтан, оны жастар тәрбиесіне арналған пәндердің қатарына қосу қажет», – десе, Сюнь-Цзы: «Музыка халықтың санасын терең баурап, оның мінез-құлқы мен әдет-ғұрпын оңай өзгертеді», – деген екен.
Алайда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау кемшіндеу соғып, Батыс мәдениетіне еліктеп-солықтаушылық басымдап тұрған, әрі көкейлерін ақша тескен пенделер көбейген қазіргі қоғамымызда ән өнері де саудаға салынып, халқымыздың назарына маржан туындылардың орнына арзан туындыларды жиі ұсыну теріс әдетке айналып барады. Әсіресе, кейбір отандық телеарналарымыз оңай табыстың көзі осы екен деп, Абайша айтқанда, «бақырған құр айғай» әнсымақтарды тікелей де, жанама да жарнамалаудың жолына түсіп алған. Олар осылайша өз беделдеріне нұқсан келтіріп қана қоймай, жұртшылықтың мәдени талғамын төмендетіп, шын жұлдыз бен жасанды жұлдызды айыра алмайтындай күйге ұшыратып тұр. Бұдан қолында қомақты қаражаты, тоқпағы мықты сүйеушісі жоқ жас дарындар зардап шегіп, қиянат көретіндігі анық.
Тағы бір ойланарлық жайт – тіпті, танымал әншілер шырқап жүрген, әуені әп-әдемі әндердің кейбірінің өлеңі өлең емес, қасиетті поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, ұйқас үшін ана тіліміздің белінен басып, беломыртқасын үзіп, шырылдатып жататын шала сауатты өлеңсымақтар екендігі. Міне, осындай, өсер елге жараспас келеңсіз көріністерді тыю мақсатында төмендегідей шараларды қабылдап, табандылықпен іске асыру қажет деп Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке төмендегі талаптарды орындауды өтінген сауал жолдадық:
Біріншіден, «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 21-тармағына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан ән өнері бойынша Көркемдік кеңес құру және ол туралы ережені жасап, бекіту қажет. Оның құрамына елімізге белгілі өнер қайраткерлері, композиторлар мен ақындар енгізілуге тиісті.
Аталған Көркемдік кеңеске көпшілік сахналарда орындалатын және телеарналар мен радио арқылы таратылатын әндердің әуендері мен өлеңдерінің кәсіби деңгейін бағалау міндеті жүктелгені жөн. Сондай-ақ, ол ғасырлар сынына сыр бермей, саф алтындай сақталған халық әндері мен әйгілі композиторлардың жұртқа танымал әндерін бұрмалап орындауға жол бермеу жайын да ұдайы назарда ұстаса, құба-құп.
Екіншіден, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі республикалық деңгейде телевидение мен радио арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырма аясында халық әндерін, атақты халық композиторларының асыл мұраларын және осы заманғы белгілі композиторлардың шығармаларын насихаттау қажеттігін ескергені жөн.
Үшіншіден, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бірлесе отырып, дәстүрлі әндерді орындайтын дарынды әншілердің Астана мен Алматы қалаларының және облыс орталықтарының үлкен сахналарында жеке концерттерін ұйымдастыру және оларға барынша ақпараттық қолдау көрсету мәселелерін оңынан шешсе, дұрыс болар еді.
Төртіншіден, Мәдениет және спорт министрлігі елімізде қазақ күресін қайтадан өркендетудің тамаша өнегесін үлгі етіп ұстана отырып, өнерге жанашыр азаматтардың жәрдемімен дәстүрлі әндерді орындаушылардың өңірлік және республикалық байқауларын өткізуді қолға алса, нұр үстіне нұр.
Бесіншіден, Мәдениет және спорт министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп, екі жылда бір рет өткізіп жүрген «Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалінде ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдеріне шығарылған әндер байқауының жеңімпазы мен жүлдегерлері атанған композиторлардың шығармаларын аталған өнер сайысында ғана жұртшылық назарына ұсынумен шектелмей, оларды еліміздің басқа сахналарында да орындауды, сондай-ақ республикалық телевидение мен радио арқылы насихаттауды жолға қойса, ұтылмайтынымыз анық.
Алтыншыдан, әнге сұранып тұрған тамаша өлеңдерге музыка шығарту арқылы әндердің мәтіндерінің сапасын арттыру әрі үздік поэзиялық туындыларды кеңінен дәріптеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Композиторлар одағымен және Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, белгілі композиторлар мен ақындардың арасында тығыз шығармашылық байланыс орнатуға ұйытқы болса, құба-құп.
Және, жетіншіден, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы бірталайының авторларының есімдері ұмытылып, халық әндері деп аталып кетсе де, қазіргі заманда да бірегейлігін айғақтап отырған, мәңгі өшпес асыл қазынамыз – қазақ халқының дәстүрлі ән өнерін Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативті тізіміне енгізу мәселесін қарастырса, игі.
«Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай айтқандай, есер әндердің эфир арқылы ертелі-кеш халқымыздың санасын жаулап, ұлттық ділі мен рухына теріс әсерін тигізуін тыю мақсатында ән өнері саласында тәртіп орнатып, талғам мен талапты күшейтіп, шын дарындарға жол ашып, жан-жақты қолдау көрсететін кез жетті.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты