Арқа өңіріндегі кенді атырап Қарағанды қаласындағы «Tau-Ken-Temir» ЖШС-нің жұмысы 2014 жылдан бастап қайта жанданды. Естеріңізге салсақ, бұның алдында зауыт «Silicium Kazakhstan» атауымен белгілі еді. Алайда, өндіріс төңірегіндегі дау-дамайларға байланысты оған жұмысын тоқтатуға тура келген. Кәсіпорынның қайта іске қосылуы үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы 1,4 млрд теңге бөлген болатын. Бүгінде зауыт жұмысының нәтижесі жылдан жылға артып келеді. Толыққанды өндірістік қуатқа келер жылдан қол жеткізбек. Биылдың өзінде өндіріс ошағы 19,5 мың тонна техникалық кремний шығаратын болады. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Қолданылатын өндіріс құралдары неміс компаниясы ұсынған соңғы технологиялармен жасалған. Ал қажетті шикізат «Ақтас» кварц шығару кен орнынан тасымалданады. Жезқазғаннан 130 шақырымда орналасқан бұл жердің қорында 4 млн тонна кварц бар.
Кәсіпорынның қайта түлеуі өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуда үлкен септігін тигізді. Қазіргі уақытта зауытта 364 адам еңбек етеді. Әрқайсысы жоғары білікті мамандар әрі олардың білімін шыңдау мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылып жатыр. Айта кету керек, бұрынғы кәсіпорынның қызметкерлері де жұмыссыз қалған жоқ. Мәселен, ТС бойынша жетекші инженер Сергей Коробко өндіріс орнының негізі қаланғалы жұмыс жасайды.
– Зауыт іске қосылғалы бері жұмыс жасағандықтан, салыстыра аламын, қазір бұрынғымен салыстырғанда жұмыс жасау үшін әлдеқайда қолайлы жағдай жасалады, әлеуметтік тұрғыдан алғанда да ісіміз оңға басуда. Жұмыскерлер үшін тиімді болғандықтан шығар, 70 пайызға жуық маман бұрынғы кәсіпорыннан орналасты. Олардың білімін жетілдіруге басшылық тарапынан әрдайым қолдау көрсетіледі. Бәріміз де бір мақсатты ұстанамыз, ол – нәтижелі еңбек ету. Қазіргі уақытта басты жоспарымыз – өзіндік құны барынша төмен өнім өндіру. Бұл, әрине біздің де материалдық тұрғыдан алғанда өсуімізге тікелей септігін тигізеді, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпорын ІСО-9001 халықаралық менджмент сапасы жүйесінің талаптарына жауап бере алады. Шығарылатын өнімге берілген жоғары баға алдағы уақытта шетелдік нарыққа шығуға жол ашты. Өндіріс ордасының басқарма басшысы Мұрат Жүкенов «қазіргі уақытта дайын өнімнің 50 пайызға жуығы Солтүстік Америкаға, 40 пайызы Еуропаға, қалғаны Ресей мен Беларусь мемлекеттеріне тасымалданады», дейді. Сонымен қатар, ол алдағы жылы зауытты 21-23 мың тонна өнім шығаратын өндірістік қуатқа шығаруды жоспарлайтындарын жеткізді.
Әлемдік нарықта елімізде өндірілетін кремнийге деген сұраныс жоғары. Бұған бірден-бір себеп, оның жоғары технологиялар үшін қажеттігі. Құрылыстан бастап заманауи техникалық құрылғылар өндірісіне дейін қолданылады.
Бұдан бөлек, зауыт басшылығы кезекті инвестициялық жобаны іске асыруға білек сыбана кірісуде. Ендігі кезекте олар өз өндірістік қалдықтарынан өнім шығару мақсатын алға қойған. Бұл кәсіпорынның қоршаған ортаға зиянды заттарды шығаруын тежеп, экологияға барынша аз залал келтіруге септігін тигізеріне сенімді.
Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ
ҚАРАҒАНДЫ