Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының биылғы жылғы соңғы жалпы отырысы болды. Онда палата Төрағасы мерейтойлы жылдың маңызына тоқталды және Сенаттың атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде межелі кезең болған 2016 жылды тарих қойнауына шығарып сала отырып, бұл жыл – Қазақстан халқының Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегінің ширек ғасырлық белесін қорытындылаған мерейлі жыл болды деп айта аламыз, деді. Одан әрі ол жуырда Парламент қабылдаған аса маңызды саяси-құқықтық құжат – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мен жемістері айшықталып, Тәуелсіздікті қалыптастыруға ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгерлік қызметіне тарихи баға берілгенін атап өтті.
Ал Сенаттың атқарған жұмыстарына тоқталғанда Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізе отырып, 57 заңды уақтылы қабылдап, палата өзінің конституциялық өкілеттігін абыроймен атқарғанын айтты. «Тұтастай алғанда, үстіміздегі жылы Парламент қабылдаған 100-ден аса заң «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуін көздейтін стратегиялық бағдарламаларды іске асырудың заңнамалық негізін толық қалыптастырды», дей келіп, Сенатта халықты толғандырып жүрген бірқатар маңызды іс-шаралар өткенін де атап өтті.
«Еліміздің сыртқы саяси бастамаларын қолдау мақсатымен шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән берілді. Өткізілген кездесулер мен халықаралық іс-шаралар өзара тиімді ынтымақтастықпен парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал еткені сөзсіз. Сондай-ақ, Сенаттың бастамасымен әлем елдері парламенттері мен дін өкілдерінің, танымал саясаткерлердің қатысуымен терроризмнің алдын алудағы діндердің рөліне арналған халықаралық конференция ойдағыдай өтті. Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» тарихи манифесінің маңызы мен ядролық қарусыз әлем құру мәселелерін талқылауға арналған Сенаттың ұйымдастыруымен өткен ауқымды халықаралық конференция Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамаларының өзектілігін айшықтай түсті», – деді Төраға.
Палатаның алдағы уақыттағы жұмыстары туралы айта келіп, Қ.Тоқаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиындағы Президенттің сөзінде Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесі күн тәртібіне қойылғанын еске салды. «Алдағы уақытта, осы маңызды мәселе жан-жақты зерделеніп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Сенаторлар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейтін маңызды заң жобаларымен жұмысты кәсіби тұрғыда асқан жауапкершілікпен жүргізетініне мен кәміл сенемін», – деді палата басшысы. Сонымен қатар, ол қаңтардың 4-і мен 13-і аралығында депутаттардың өңірлерге сапары жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Өткізілетін кездесулер барысында Парламент қабылдаған заңдарды халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Қабылданған жаңа заңдардың ережелеріне, әсіресе, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, қаржы, салық, тұрғын үй және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударған жөн», – деді Қ.Тоқаев. Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Кемелұлы әріптестерін Жаңа жылмен құттықтады.
Күн тәртібіне сәйкес, қаралған мәселелер арасында Мәжіліс мақұлдаған «Жайылымдар туралы» заң жобасы біршама пікірлер тудырды. Депутаттардың бастамашылдығымен дайындалған бұл заң жобасы туралы баяндаманы оның негізгі авторы, Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев жасады. Ол қазіргі таңда ауыл шаруашылығына тиесілі жерлердің 70 пайызы мал бағылатын жайылымдардың үлесінде екенін айтты. Соның 43 пайызы ғана қалыптасқан жайылымдар екен. Оның 27 млн гектары тозған, яғни деградацияға ұшыраған және бұл көлем жылдан жылға ұлғаю үстінде, деді баяндамашы. Ал 100 млн гектарлық жайылымдық алқап осы күнге дейін айналымға енбей, дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға үлесін қоспауда. Малдың 70 пайызы тек ауыл маңына жақын жерлерде ғана жайылады. Жаз айларында малға керек жем-азық көлемі 30-40 пайызға дейін төмендеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мал басын көбейтулеріне кедергі болып отыр.
Осылай деген Ж.Дүйсебаев айтылғандардың бәрі жайылымдарды пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды заңнамалық тұрғыдан реттеудің жоқтығына байланысты болып отырғанын атап көрсетті. Келесі кезекте ол «Жайылымдар туралы» дербес заңның қажеттігі туып, депутаттардың бастамашылдығымен ол әзірленгенін жеткізді. Заң жобасы жайылымдарды реттеу, ұйымдастыру, жоспарлау және басқару жүйелері сияқты төрт басты бағытты қамтиды екен.
Сұрақ беру рәсімі басталғанда сенатор Сәрсенбай Еңсегенов талқылауға қатысып отырған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтан мал басының нормативі белгіленетініне байланысты жұмыстар басталды ма деп сұрады. Оған норматив 2015 жылы белгіленгені айтылды. Сенатор Әли Бектаев баяндамашыдан елді мекендер арасындағы тозығы жеткен жайылымдарды мемлекетке қайтару тетіктері заңда қарастырылған ба деп сұрады. Оған Ж.Дүйсебаев елді мекендер арасындағы жайылымдар көлемі орта есеппен 20 млн гектарға жуық екенін айта келіп, бұл мәселе осы заңмен реттелетінін жеткізді. Алайда, нақты тетіктерін атаған жоқ.
Заң жобасын талқылауға да бірнеше сенатор қатысты. Соның ішінде Қуаныш Айтаханов өзінің көзқарасынша заң жобасының бірнеше жетіспейтін жақтарын да атап көрсетті. Соның ішінде заң жобасында шөл және шөлейт аймақтарда жатқан жайылымдар туралы бірде-бір сөз айтылмағанына қынжылыс білдірді. Сондықтан заң жобасына шөлейт аймақтардағы жайылымдар, арит өсімдіктері деген ұғым енгізіліп, қосымша нормалар қарастырылғаны жөн, деді ол. Заң жобасы осындай талқылаулардан кейін бірінші оқылымда мақұлданды. Ал екінші оқылымға айтылған ескертпелерді ескеріп, жетілдіру қажеттігі көлденең тартылды.
Сонымен қатар, Жер, Орман, Су кодекстеріне, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару туралы» және тағы басқа заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.
Күн тәртібіне сәйкес қаралған мәселелердің арасында Қазақстан мен Иран арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім ратификацияланды. Сондай-ақ, жалпы отырыста Қазақстан мен Словения арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция мен оған жасалған Хаттама да ратификацияланды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»