Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекелік салтанатында мінберге шыққан Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин мен Данияр Елеусінов Елбасы алдында жастарды жігірлендіретін ұран сөзді ортаға тастады. «Алға, Қазақстан!» Көп кешікпей сол Димамыз әскерге шақырылған жастардың қатарында – Олимпиада чемпионы зілтемірші Ниджат Рахимов екеуі алдыңғы сапта тұрды.
– Ел қорғау қашан да абыройлы іс болған. Біздерге Отанымыз үлкен жауапкершілік артып отыр. Ендеше, біз міндеттелген тапсырмалар мен бұйрықтарды мінсіз орындауға уәде етеміз. Жігіттер, әскери қызметтің қиындықтарына мойымай табандылықпен төтеп беретіндеріңе мен, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, кәміл сенемін! – деді ол сонда ағынан жарылып.
***
Жасыратын несі бар, суға жүзу спортына дегенде құлағы түрік жүрген жан Дмитрий Баландинді Рио Олимпиадасынан соң «қазақ Фелпсі» атап кетті... Майкл Фелпстің спорт тарихында бұрын-соңды болмаған әлемдік рекордтарын қайталау мүмкін бе?! Бір қарағанда, ертегі-қиялдай көрінері де ақиқат! Майкл Фелпс – Олимпиаданың 23 дүркін чемпионы! Оған 26 мәрте жеңіп алған әлем чемпионы атағын қосып қойыңыз! Судан жүзуден теңдессіз ерлік жасаған америкалық нағыз жұлдыз! Ендеше, алматылық Дмитрий Баландин спорттағы жанқиярлық еңбегі қайталанбастай көрінетін спорт жұлдызына қай жағынан теңестірілді екен? Кәнігі мамандар мен спорт шеберлерінің, жалпы жанкүйердің олай деуіне не себеп болды екен?
Оған себеп, иә, оған бірден бір себеп... ең алдымен, 21 жастағы Баландиннің Риодаға 200 метрге брасс әдісімен жүзу әдісі сенсациялық көрсеткіші дер едік. Сол жүзуден соң көпшілік көп жайтты көңіліне тоқып қалған секілді. Қызық болғанда, алғашқы күнгі 100 метрлік жарыста бұл Димаңыз барша қауымға кәдімгі «дымбілместің» кейпін танытты. Сегізінші жолақпен суға түскен спортшы көштің соңында сегізінші болып келді. Қожанасырдың «Жүлделі үшінші орын алдым, жарысқа үшеуміз қатысып едік» дегенінің кері.
Алматылық студент жігіт 200 метрлік браспен жүзушілер қатарында сап түзеп тұрғанда жұртшылықтың Баландинге оншама көңіл аудара қоймағаны да сондықтан. Алыстағы Қазақстан, сол елдің Алматы деген қаласы... әлемдік дүбірде ондай атауларға, оның ішінде бокс та емес, суға жүзуден... кім құлшынып, кім құлық қойып жатты дейсіз!
Десе де, Диманың сырын білер жанашырлары тақымын қысып, тыпыршып отырды. Алматылық жүзгіш Риоға құр алақан келмеген: 2014 жылы Кванджуда өткен жазғы Универсиадада 100 метрлік браспен жүзуде бір алтын медаль алған Дмитрий Баландин, 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жазғы Азия ойындарында 50, 100, 200 метрлік браспен жүзуде үш алтынды қатар алған! «Алтын» арқалаған жігіт үлкен додадан Алматыға оралған соң біршама жақсы тынығып алды. Тынығып алды да, жарқын жүзбен Санкт-Петербордағы халықаралық жарысқа аттанды. Әлемнің суға жүзуді мансұқ еткен ең танымал он мемлекетінен жиналған 400-ге жуық спортшы күллі Азияда күні кеше дақпырты шығып үлгерген Алматының «алтын баласына» үрке қарағандай сыңай танытуы да сондықтан шығар. Олардың арасында дүние жүзінің ең ұшқыр жүзгіштері Ласло Чех, Робер Харли, Катинка Хоссу Эвелин Веррасто жүрді.
***
...Риодағы жан беріп, жан алысқан атлеттер сайысында сол күні айналасы алты сағаттың ішінде Қазақстанның қоржынына 2 бірдей алтын медаль түсті! Небары алты сағаттың ішінде!
Енді дәл сол тұста Рио-де Жанейрода «екі алтынның» ортасында жан ұшырып жүгіріп жүрген Диманың анасы Татьянаның сөзіне бір мезет құлақ түріп көрейікші!
–Құрбымыз екеуміз Диманың ақтық жарысының алдында зілтеміршілер өнер көрсетіп жатқан спорт кешеніне бардық. Жүзушілер бассейнінен аралары онша қашық та емес, – дейді спортшының анасы сол қызықты сәтті тамсана еске алып. – Содан Ниджат Рахимов алған алғашқы алтынымызды көзімізбен көріп, көңіліміз көншіп, сондай қуанышпен спорт кешенінен шықтық. Көңіл тоқынысы сондайлық күшті болды, есіл-дертім «Біздің Диманың жарысы қалай басталып, қалай аяқталар екен» еді. Жүзгіштер сынының басталуына жарты сағаттай уақыт қалған. Билетті қолыма алып, отыратын орын мен жарыстың басталатын уақытын тағы бір мұқият көріп ала қояйын дегенмін. Олимпиада кешеніндегі орасан зор биік темір баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанбыз. Ұйытқып ыстық жел соғып тұрған. Абдырып келе жатып, қолымдағы жүзу бассейні орналасқан кешенге кіретін билеттен қалай айырылып қалғанымды білмеймін. Жел ұшырып әкетті. Қанша жанұшырғанмен темір құрастырылымның қай бұрышынан табарымызды білмедік. Дереу кешенге де жеттік. Билет жоқ. Билет бар екен... Біз сияқты кешіккендерге, абайсызда қолындағы билетінен айырылғандарға «жазалау» сияқты, бір билеттің құны – 600 доллар! Ондай ақша бізде қайдан болсын? Баланың жарысы мен үшін одан да қымбат, не істеу керек? Ойлана келіп, құрбымыз екеуміз қонақ үйге қарай құстай ұштық... Қысқасы, Риоға барып тұрып, жарыс өткен сарайдың есігінен сығалай да алмай, Диманың «алтын» алғанын қонақ үйдегі теледидардан көрдім!.. Еш өкінбеймін, ең бастысы, Дима Қазақстанға екінші олимпиадалық алтын медальды алып келді ғой! Қуаныштан көз жасымызға аяусыз ерік бердік.
... Reuters-тің қас-қағым сәтте түсірген сол суреті дүние жүзіне тарады. Көк туымызды желбірте жүгірген, алтын медалін қуана тістеп тұрған Алматының алтын баласының бейнесі жұртшылықтың әлі де көз алдында! Дүниежүзілік «Универсиада-2017» ойындарына қызу дайындалып жатқан ұйымдастыру комитеті Дмитрий Баландинді сол күні студенттер жарысының Туын көтеруші етіп тағайындап та жіберді.
***
Аузы дуалы азаматтар Дмитрий Баландинді әлемдегі ең танымал, ең рекордшы америкалық спорт жұлдызына тектен-тек теңемеген шығар. Диманың болашағы алда.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ