Экономикалық салалардың арасындағы ең байырғысы, яғни дәстүрлісі ауыл шаруашылығы екендігі белгілі. Бұл сала батыл бетбұрыстарға бейім емес. Бірақ соған қарамастан, соңғы жылдары бұл сала айтарлықтай даму көрсеткіштерін көрсетуде. Мәселен, өтіп бара жатқан 2016 жылы ауыл шаруашылығындағы даму көрсеткіші он бір айдың қорытындысы бойынша 4,5 пайызды құрап отыр. Әсіресе, егіншілік өндірісінің тамаша нәтиже көрсетіп, астықтан рекордтық өнім жиналғандығын атап өтуге болады.
Ауыл шаруашылығына мемлекет қолдауымен көптеген жаңа техникалар сатып алынуы нәтижесінде сол өндірілген мол астық ың-шыңсыз, тек астық өсірушілер күшімен ғана жинап алынды. Сонымен қатар, майлы дақылдар өндірісі, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын өсіру ісі де ойдағыдай нәтиже берді. Мал шаруашылығы да жылды бірқатар тамаша нәтижелермен қорытындылап отыр.
«Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 2000 жылдардың басынан бастап, дамуға қарай бет түзеді. Осы кезең аралығында одан алынатын өнім көлемі еселеп молайды. Мәселен, 2001 жылмен салыстырғанда 2015 жылы ауылшаруашылық өндірісінің жалпы көлемі 6 есе өсіп, 3,3 триллион теңгені құрады. Әлемнің 70-тен аса еліне жыл сайын 5-8 миллион тонна көлемінде астық экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, Қазақстан астық өндіру жөнінен әлемдегі ең ірі мемлекеттердің біріне айналды. Сондай-ақ, жыл сайын 2,5 миллион тоннаға дейін ұнды сыртқы нарықтарға шығара отырып, соңғы жылдар бедерінде әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына берік орнықты», дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроқұзырет орталығының директоры Төлеутай Рахымбеков.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Әсел Рамазанованың айтуынша, ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалардың нәтижесінде ауылдарда нақты меншік иесі пайда болып, менталитет өзгеріп, нарық ұстанымдарына негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынас орнады. Мұның өзі ауыл шаруашылығының бүкіл әлемге тән қағидаттарға сәйкес қайтадан дамуына ұласты. Ауыл шаруашылығына жасалып келе жатқан тұрақты мемлекеттік қолдау бұл саланың одан әрі дамуына қуатты серпін берді. Осы үрдіс әлі де жалғасу үстінде. Мәселен, 2017-2021 жылдарға арналып ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Тұжырымдамалық тұрғыдан алғанда, бұл бағдарламаның басты басымдықтары мен қағидаттары қазірдің өзінде айқын. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты нарық қажет ететін бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің молаюын қамтамасыз ету болып табылады. Ал нақты міндеттеріне келетін болсақ, аталған кезең аралығында мал шаруашылығының тиімділігін 58 пайызға, өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40 пайызға көтеру көзделеді. Осы бағдарламаның негізінде ауылдардағы үй шаруашылықтарын мемлекеттік қолдаудың жолдары айқындалып отыр. Бұл міндет үй шаруашылықтарының басын біріктіріп, оларды кооперациялау арқылы жүзеге асады. Сөйтіп, 2017-2021 жылдар аралығында 670 мыңнан астам ұсақ өндіруші тауарлы өндіріске тартылады. Олардың қолындағы өнімдерді жинап, өткізуге мемлекет көмектесетін болады. Сол қолдаудың бір түрі ретінде кооперативтерге біріккен үй шаруашылықтарына олардың қолындағы малдарды асылдандыруға және басқа да қажеттіліктерге мемлекет тарапынан субсидия, яғни тегін демеу қаржы берілетін болады.
Мұның сыртында Елбасы Үкіметке ауыл шаруашылығы мақсатында 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға тарту, яғни пайдалануға енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау тетіктері де аталған бағдарламада көрініс таппақ. Егер суармалы 1 гектар жердің беретін пайдасы 1 гектар тәлімі жерден 30 еседей артық болатындығын есепке алатын болсақ, осыншама көлемдегі суармалы жердің ауыл шаруашылығы айналымына қосылуы ауыл бизнесінің екпіндей дамуына мүмкіндік беріп, саланың жаңа сатыға көтерілуіне, еліміздегі көптеген өнім түрлерінің бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда молаюына мүмкіндік бермек.
Қазіргі күні аталған бағдарламаның маңызы мен ерекшеліктерін халық арасында түсіндіру жұмыстарымен Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің өзі бас болып жұмылып отыр. Мұның да мәнісі бар секілді. Өйткені, мемлекет ендігі кезекте еліміздің аграрлық секторын дамытуға, осы арқылы ауыл халқының тұрмысын жақсартуға ерекше мән беру үстінде. Содан да сала жыл өткен сайын стратегиялық басымдыққа ие болып келеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»