31 Желтоқсан, 2016

Қолдаусыз қалмайды

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақ жетім, жесірін жылатпаған. Ақтөбе облысы ІІД қолдауымен жаңа жыл қарсаңында қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 1 миллион теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Ел тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында ар-намыстарын жоғары ұстап, қызметтік міндеттерін адал атқарып,  өз өмірлерін қиып, келер ұрпаққа үлгі болған асыл азаматтар еш уақытта ұмытылмайды. 1991 жылдан бері Ақтөбе облысы ІІД-де 9 полиция қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан. Олардың қатарында:  Айса Картов, Амангелді Қосжанов, Аббат Нұрымжанов,  Алпысбай Нұрлан, Айдос Буранбаев, Руслан Жолдыбаев, Рүстем Кенжалин және Темірбек Жақсылықбаев бар. Ақтөбе облысы ІІД жеке құрамы Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына орай қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған қызметкерлер отбасына 100 000 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетсе, Жаңа жыл қарсаңында 1 000 000 теңгеден аударды. Департаментте өткен мерекелік іс-шара барысында 2002 жылы Қарғалы ауданында қылмыскерлерді құрықтау кезінде қаза тапқан Абат Нұрымжановтың жесірі Марина Нұрымжанова көзіне жас алып тұрып, алғысын білдірді: «Жолдасым Абат сол кезде Қарғалы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел жұмыс бойынша орынбасары болды. Екі қылмыскерді қылмыстары үстінде ұстамақ болған кезде қапыда қаза тапты. Ақтөбе облысы ІІД бізді қамқорлықсыз қалдырған жоқ. Асыраушымыздан айырылған соң мені қызметке қабылдап, жолдасымның ісін жалғастырдым. Бүгінде полиция капитаны шенінде қызмет атқарып отырмын. Моральдық және материалдық көмектерін аяп жатқан жоқ. Мен ең алдымен ІІД бастығы Махамбет Абисатов пен әріптестеріме айрықша ризашылығымды білдіргім келеді. Жаңа жыл алдында берілген бұл қомақты сома көптеген әлеуметтік мәселелерімізді шешуге көмек болды, әсіресе, кіші қызым Лилия қатты қуанды, ол осы қаражаттан Орынбор қаласына барып көзіне операция жасатпақшы», – деді. Міне, осындай сауапты іс көпке өнеге деп санаймыз. Лаура ЗАБИХОВА, журналист АҚТӨБЕ