Жыл атаулары мен оны қайыру кестесіндегі алты адал, алты харам жануар табиғаттағы тепе-теңдіктің көрінісіндей бекіген орнын бұзбай, таңғажайып тылсымына адамзатты қызықтырумен келеді. Туған жылына, айына, күніне, мезгіліне қарай, өмірге келген баланың мінез-құлқын, мақсатын, тағдырына дейін біліп болжаған ата-бабаларымыз жыл қайыру, жыл басы, апта аттары, ай аттары, мүшел жас деген атауларға да ежелден көңіл бөледі. Әр халық өз танымына қарай осы атаулардың әрқайсына өзіндік ұлттық атауларын бекітіп, сипаттама жасады. Жыл иеленіп, атау алған алты адалдың бірі – тауық. Жылдың бірі жұп, бірі тақ болып, кезектесе айналып келетінін ескерсек, тауыққа тек тақ жылдардың ғана тиесілі екенін байқаймыз. Мәселен, өткен ғасырдың басынан есептегенде
1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005 және есігімізден еніп жатқан
2017 жыл тарихта тауық жылы болуымен таңбаланады.
Жыл басталмай жатып, «қазақ үшін мешін мен тауық жылдары ауыр болған, ит жылы ғана еңсесін тіктеп, етек-жеңін жинаған» деген сияқты жорамалдар жасалып жатыр. Иә, қисынсыз емес,
1921 жылғы жұт пен 1932-1933 жылдардағы аштықтан тігерге тұяқ қалдырмай, халықтың тең жартысын жер жастандырған «тауық» екені рас шығар, бірақ 20 миллионнан артық адамның өмірін жалмаған соғыстың аяқталып, 1945 жылы Жеңіс мерекесін тойлатқан да «тауық» екенін естен шығармаған абзал. Тарихта «Хрущевтың жылымығы» аталып, КОКП-ның ХХ съезінен кейін шығарылған «Жеке басқа табыну және оның зардаптарын жою» деген атақты қаулысы негізінде жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған алаштың ардақтылары 1957 жылдан бастап жаппай ақтала бастағанын біле тұра, тауықты қалайша жамандыққа қиюға болады? Қазақ халқын ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған бұл сұмдықтың тарихта кеткен есесі тауық жылы қайтарылғаны, керісінше, кіп-кішкентай үй құсы иеленген жылға деген жылы үмітімізді оята түспей ме?
Қазақ елінің тарихи төлқұжаты болып танылған, көне сақ дәуірінің баға жетпес асыл қазынасы «Алтын адам»
1969 жылы Есік қорғанынан табылды. Бұл да тарихқа тауықтың атымен енген жыл болатын. Ежелгі өркениеттің көзі «Алтын адам» – бүгінгі Тәуелсіздігіміздің символы. Жер жүзіне Қазақстанның атын таныстырған, мақтанышпен көрсететін маңдайға басқан жәдігер басы осы. Қазақстанның әр түкпірінен «алтын адамдар» табылып жатыр, бірақ Кемел Ақышев пен Бекен Нұрмұхаметов тапқан 4000 алтын әшекеймен апталған алғашқы «Алтын адамның» қадірі де, қасиеті де қазақ үшін бөлек болып қала бермек.
Сондай-ақ,
1993 жылы Қазақстанның саяси өмірінде маңызды оқиға орын алды. Тәуелсіздіктің айшықты белгілерінің бірі, қазақ елінің дербес өмір сүре алатынының дәлелі – ұлттық валюта айналымға шықты. Төл теңгенің тұғырға мінген жылы да тап осы тауық жылына тура келді.
Тауық жылымен бірге келген
2005 жыл – Қазақстанның төрткүл дүниеге береке-бірлігімен, бекем тірлігімен танылып, экономикалық жағынан дамып, еңсе көтерген шағы. «Ауылды қолдау жылында» шаруалары шашылып, тұралап қалған мыңдаған елді мекеннің тамырына қайта қан жүгірді. Осы жылы кезекті Президент сайлауы өтіп, Н.Назарбаевқа ең жоғары лауазымды тұлға ретінде халық пен мемлекет билігі сеніп тапсырылды.
Әр жылды қойып, жаңарып тұрар әр айдан, тіпті ертеңгі атар таңның өзінен қайыр-шапағат тілейтін қазақ халқы үшін тәуелсіздіктің мәңгілік баянды болуы мен ел іргесінің бүтіндігінен асқан ұлы мұрат жоқ. Әрбір жылға ат қойып, айдар таққанда, жайсыздау болып келетін жылдың өзіне жақсы түйін жасаған. Жақсылықтан үмітін үзбеген халқымыз «тышқан жылы тыныштықтың, сиыр жылы сыйлықтың, барыс жылы бірліктің» дей келе, тауық жылын «табысқа» толтырған екен. Таң ағарып атпастан ұйқының дұшпан екенін ұғындырып, ерте оятатын да осы тауық. Әрекетсіз отыруға төзбейтін тынымсыздығы тағы бар. Тұмсығымен қай жерді түртсе де, жемін табады. Үй иесіне «Еріншектенбей, ерте тұр. Еңбек ет те, ертеңіңді ойла» деген тілсіз тұспалы тіршілігімізге сабақ болғай!
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ