Тарих табалдырығын аттаған Тауық жылы тәуелсіз Қазақстанның биік беделін төрткүл дүниеге тағы да паш ететін айтулы оқиғаларға толы болғалы тұр. Сол жаһандық шаралардың ішіндегі бірі де бірегейі – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу. Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірінен саналатын Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің қос ғасырлық тарихында Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінің ешқайсысында да мұндай халықаралық көрме жалауы желбіреп көрген жоқ. Астанада өтетін ЭКСПО-2017-нің маңыздылығы да осында.
Иә, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастырған алтын көпір атанған ару Астананың айтулы эстафетасы, енді Бүкіләлемдік көрмелер алаңы – ЭКСПО-2017-ге ұласпақ. Жаһандық шаралар тұрғысындағы өзіндік маңызы жағынан бұл көрме осы уақытқа дейін елордамызда өткізілген дүниежүзілік оқиғалардың ешқайсысынан артық болмаса, кем емес. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» атты мақаласында «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы қабылдаған шешім бұл саммиттен де аса зор ірі оқиғаға айналды. Біз әлі осы жеңісіміздің аса зор маңызын сезініп болған жоқпыз. Көрме өтетін елді шын мәнінде бүкіл әлем таңдады. Қазақстан айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл – бүкіл планетаның тануы мен сенімі», деп атап көрсетті.
«Бұл – бүкіл планетаның тануы мен сенімі», қандай көрегендікпен айтылған дәл тұжырым. 2012 жылы 22 қарашада Париж қаласында өткен жаһандық аламан бәйгеде Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекеттің арасында топ жарып, Қазақстанның елордасы – Астана ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жеңісіне ие болғаннан бергі өткен бес жылға жуық уақыт ішінде бұл тұжырымның ақиқаттығы тағы да айқындалды. Қазірге дейін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын әлемнің 112 мемлекеті және 18 халықаралық ұйымы растады. 72 мемлекет ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында өздерінің ұлттық күндерін өткізу мерзімін бекітті. 89 ұлттық павильонның контенттік тұжырымы нақтыланды. Жаңа жылда бұл жұмыс жоғары қарқынмен жалғасатын болады.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу бұл дағдарысқа қарсы іс-қимыл жобасы болып табылады. Әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысы белең алған кезеңде отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында ЭКСПО-2017 көрмесі жобасы аясында еліміздің барлық облыстарының әкімдерімен меморандумдар жасалды. Осының нәтижесінде 322 отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 48,9 миллиард теңгенің келісімшарттары бекітілді. Бұл жоба Қазақстанда 50 мың жұмыс орнын құрып, экономикалық дағдарыс кезінде жұмыссыздықтың белең алмауын қамтамасыз етті. ЭКСПО көрмесі ұлттық жобасына 126 миллион теңге демеушілік қаржы және 211 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 160 жылдан астам тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Александр ІІІ көпірі, Лион вокзалы, Венадағы Ротонда – әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон, Мельбурндегі патшалық көрме павильоны нақ осындай мәңгілік өнер ескерткіштері болып табылады. Ажарлы Астананың әсем архитектуралық салтанатына сән қосқан көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы – «Болашақ энергиясының» шар тәріздес мұражайы (сфера) болмақ. 8 қабаттан тұратын бұл сәулет өнерінің озық нысанында баламалы қуат көздерінің жаһандық технологиясының небір озық үлгілері көрініс табатын болады. Мәселен, 8 қабатты сәнді ғимараттың бірінші қабатына еліміздің ұлттық павильоны қоныс тебетін болса, қалған жеті қабатының әрқайсысында жел, күн, су, биотехнологиялық және басқа балама қуат көздерінің жетістіктері орналасады деп шешім қабылданған.
ЭКСПО көрмесі беделінің жаһандық дәрежеде ерекше танылуына оның «Болашақтың энергиясы» атты заманауи тақырыбының маңызы зор болды. Бұл тақырыптың маңызы – бүгінгі күні адамзаттың ең өзекті проблемасына айналған табиғи қуат көздерін тиімді пайдалану және балама қуат көздерін ашу мәселесін көтеруінде. Оны шешу қазір көптеген елдер үшін стратегиялық міндетке айналған. Ендігі кезекте бүкіл әлем «жасыл экономика» және экологиялық қауіпсіз даму сияқты тың бағытқа бетбұрыс жасауда. Бұл Мемлекет басшысының елімізді «жасыл экономика» бағытына көшу жөніндегі бастамасымен үндеседі. Елбасының тікелей бастамасымен ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі ұлттық идея өмірге келгеннен бері бұл мәселеде түбегейлі бетбұрыс басталды. Балама қуат көздерін дамыту мақсатында арнайы заң жобасы белгіленді. Елімізде балама энергия қуатын дамытуға Корея, Германия, Австрия, Испания және АҚШ сияқты дамыған мемлекеттердің тәжірибесі негіз болуда. Қазақстанның жел энергиясын дамытудағы әлеуметі жан-жақты зерттеліп, еліміздің кеңейтілген жел атласы жасалды. Бұл атласқа ұлан-ғайыр қазақ даласының жел қуаты басым болатын өңірлерінің кестесі енгізілді. Қазірдің өзінде Астана маңындағы Ерейментау жел стансасы жұмысын бастады.
Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің тарихы 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген «Барлық халықтардың өнеркәсіптік еңбектерінің ұлы көрмесінен» бастау алған. Бір сәт ойланып көрейікші, барлық халықтар еңбектерінің, жетістіктерінің ұлы көрмесі! Яғни, енді бес айдан кейін егемен еліміздің елордасы – Астана қаласында адамзат ақыл-ойының қазіргі күнге дейінгі қол жеткізген жетістіктерінің озық үлгілері паш етілетін болады. Бүгінде бүкіл адамзатты толғандырып отырған толғақты мәселе – «Болашақтың энергиясының» тағдыры Тауық жылы елордамыздағы ЭКСПО-2017 көрмесі шеңберінде шешім таппақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»