06 Қаңтар, 2017

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол»

372 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Жаратқан Алла өзі берген жанды өзі алып жатса, пенде байғұс амалсыз мойынсұнар. Ал адамның жанын адам алып жатса, қалай ғана көнуге болады?! Абайсызда өлтіріп алғанның жөні бөлек, әкесінің құны қалғандай әпербақандықпен, айуандықпен кісі өлтіргендерге не істемек керек?! Зайырлы мемлекетімізде адам құқын, қауіпсіздігін қорғайтын заңдар бар. Сол мемлекеттік құжаттар адамның да, қоғамның да барлық сұраныстарын әділ реттеп отыруы тиіс. Заңға қайшы жағдайларда үкімді мемлекет атынан сот шығаратыны белгілі. Ол үкіммен келісетін де, келіспейтін де кездер болады. Біздің де сол алғашқы инстанциядағы соттың шешімі қанағаттандырмағандықтан, қолымызға қалам алған жайымыз бар. Болған істі басынан баяндап көрелік. Қарағанды халқына жақсы танымал Жеңіс Сармурзин деген әріптесіміз бар. Көп жыл «Қазақстан» теле­ра­­диокорпорациясының об­­­лыстық филиалында, Қа­ра­ған­ды қаласының әкім­ді­гінде же­місті еңбек етті. Был­тыр осы азаматтың туған інісі Жан­бо­лат Кенжеұлын қан­ды­қол қа­ра­қ­шылар жұмыс орнында мерт қылды. Айтуға оңай, әйт­пе­се, жан бауырдың тосын­нан бол­ған қазасы Жекеңді ға­на емес, бар ағайын-туысты кү­ңірентіп, жап-жас азаматтың жа­ры мен үш баласын ай мен күн­нің аманында қайғыға кө­міп кетті. Ерте ме, кеш пе, жалғанның жа­рығымен бәріміз де қош ай­тысармыз, бірақ кімнің ажалынан бұрын өлгісі келген?! Солай болған күннің өзінде, жазықсыз жанның өмірін қи­ған қаныпезерлер лайық­ты жа­засын алса екен дей­сің. Жан­­­­болат­ты өлтірген жан­дар ұста­л­ып, кінәлары то­лық дә­лел­денгенмен, оларға Қара­ған­­­ды қаласының Қазыбек би аудан­дық соты тағайындаған жа­за марқұмның жақын-туыс­та­­­­ры­ның көңілін көншітіп, са­­­быр­ға келтіре алмай отыр. Мой­­ны­на кісі қанын жүктеген үш қылмыскердің әрқайсысы Қазақстан Республикасы Қыл­­­мыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлімінің 1-тармағы бойын­­ша 9 жыл мерзімге бас бос­­тандығынан айы­рылып, жаза­лар­ын жалпы р­е­жімдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды. Оларға бұдан қата­ңырақ жаза қолданылса, тым болмаса қатаң режімдегі абақ­тыға қа­малса деген талап арыз­бен Же­ңіс Кенжеұлы Қарағанды облыстық сотының Қыл­мыс­­тық істер жөніндегі сот алқа­сына жүгінгенімен, одан еш нәтиже болмады. Бұл жерде Қазыбек би аудандық соты­ның үкімі қаншалықты әділ бол­­­ғанын пайымдау үшін қыл­мыс­т­ық оқиғаның қалай өр­бі­генін баяндап өткеніміз дұ­рыс болар. Сонымен... 2015 жылдың 5 наурызына қараған түні 39 жастағы Жанболат Сармурзин өзі механик әрі күзетші болып істейтін Қарағанды қаласы, Бытовая көшесі, 28/2 мекенжайындағы «Манас» автопаркінде жұмыс орнында отырады. Түнгі сағат 01.50 шамасында бұрын осы мекемеде көлік жуушы болып жұмыс істеген 1983 жылы туған Аслан Сарбаев деген есік қағады. Ол жалғыз емес, қа­сында Астанадан арам пи­ғыл­мен уағдаласып келген екі жан­дайшабы – 1982 жылғы Ерлан Құрманғалиев пен 1998 жыл­ғы Қайрат Бектеміров дегендер болған. Олардың негізгі жос­пары кәсіпорын сейф­ін тонап, материалдық құн­­­­дылықтарды жымқыру бол­ған. Жаман ойы жоқ Жан­болат Асланның дауысын таныған соң есікті ашады. Мекемені тонау үшін келген қарақшылар күзетшіні себепсізден соққыға жығып, тепкінің астына алған. Кейін сот-медициналық сараптамасында көрсетілгендей, аяу­сыз ұрып-соғу салдарынан Жанболаттың бас сүйегі жан­шылып, қан тамырлары үзіл­ген, қабырғалары сынып, ішкі құрылысына көп зақым келген, ішектері үзілген. Ал қылмыскерлердің «Ой­ы­­­­­­мыз ұрлық жасау ғана бол­­­­­­­д­ы, күзетшіні абайсызда өлтіріп алдық» деген жауабына сотта судья да, прокурор да кәдімгідей се­­­ніп отыр. Оңай олжаға ке­нел­мек болып, Астана­дан екі баскесерді ертіп келген Аслан Сарбаев Жанболат тірі қал­са, қылмысының тез арада ашы­лып қалатындығын біл­ген жә­не қасындағы екі қан­дықолмен бірге оны өлім ха­ліне жеткенше ұрып-соқ­қан. Күзетші азаматтың де­не­сіндегі жарақаттар, олар сот­та айтқандай, бірді-екілі соқ­қыдан ғана болмағаны айдан анық. Марқұмның денесі көкала қойдай болғанына қарамастан, прокурор да, сот та қылмыскерлердің бірді-екілі рет қана ұрдық дегеніне сенуі қалай?! Жарайды, олар күзетшіні өлтіргісі келмеді делік, сонда есінен тандыра ұрып, қол-аяғын сындырса да, жанын қалдырып, байлап-матап кетуге болатын еді ғой. Екіншіден, олар күзетшіні өл­тір­гісі келмесе, ұрлыққа ға­на сөз байласып келген болса, оның қол-аяғын байлайтын арқан ба, жіп пе, әйтеуір сондай бірдеңе ала келер еді. Үшіншіден, егер қарақшылар күзетшінің тірі қалғанын білсе, қолын ғана емес, аяқтарын да байлап кетер еді. Яғни, қанд­ы­қол қарақшылар Жан­болат­тың сондай тепкіден соң ес жиып, қимылға келе алмасын жақсы білген. Бірақ, амал қанша, қыл­мыс­тық істі тергеу барысында да, сотта да бұл жағ­дайлардың бар­лығы қа­нішерлердің пайда­сына ше­шіл­ді. Қылмыстық іс бой­ынша тергеу амалдарын жүр­гізу барысында бірінен кейін бірі үш тергеушінің ауысуы да күдікті ойға жетелейді. Бұл жаза­ны жеңілдетуге ұм­тыл­ған қыл­мыскерлердің туыс­тары тарапынан жасалған қы­сы­мның, әлде, керісінше, сый-сияпаттың ықпалы емес­тігіне кім кепіл?!  Жеңіс Кен­же­ұлы бұл туралы Қазыбек би атындағы ау­данның да, об­лыстың да проку­рорларына жаз­ған арыз-шағымдарында айт­қан екен. Бірақ, олардың да берген жауабы бір қалыптан шыққандай. «Заң солай, біздің қолымыздан келетін қайран жоқ», деп жылы жабады. Егер  Қылмыстық кодекстің жаналғыштарға небәрі жалпы режімдік тоғыз жыл кесіп берген 192-бабы 3-бөлімінің 1-тармағына, дәлірек айтқанда, «денсаулыққа ауыр зиян кел­тіре отырып, абайсызда жә­бір­ленушінің өліміне әкеліп соқ­қан» деген тұжырымға өз­герту енгізілмесе, кісі өлтіру де­ге­ні­ңіз бір күні ойыншыққа ай­на­латын шығар. Заң бойынша, сондай-ақ, қасақана кісі өлтіру фактісі тіркелуі үшін жарақат немесе соққы алған адам оқиға орнында жедел жан тапсыруы керек екен. Сонда, аяусыз соққының астында қалған азамат бірден бақилық болмай, есін жимаған күйі араға он екі сағат салып барып жантәсілім еткеніне кінәлі ме? Мұндайды кім көрген?! Алған жарақаттан адам тілге келмей бір күн, бір ай немесе бір жыл жатып қайтыс болуы мүмкін. Сонда қанішерлер тайраңдап, қайғы жұтқандар қайраңдап қалатын болғаны ғой.  Қайсыбір дамыған шетелдерде бар заңды ізгілендіру (гуманизация) деген демократиялық үрдіске үн қосу біз үшін әлі ертерек сияқты. Ізгілендіруді  ұсақ-түйек ұрлыққа, орны толар материалдық шығын әкел­ген­дер­ге қолдануға болар, бі­рақ қо­ғамымыздың Ата Заңы­мыз­­да атап көрсетілген басты бай­­­лығы адамды әдейілеп, ай­уан­дықпен өлтіруге бар­ған­дарға аяушылық керек пе?!.. Сот үкімінде қылмыс­кер­лер­ден жәбірленуші ретінде марқұмның ағасына, жары мен балаларына мате­риал­дық-моральдық шы­ғын­ды өндіру туралы кесімді ше­шім айтыл­ға­нымен, содан бе­рі жылға жуық уақыт өт­се де, ол да орын­далған жоқ. Сот орындаушы­лары да жай­ба­рақат. Тірі адам тір­ші­- ­л­ігін жасауы керек қой. Жан­бо­­лат Кенжеұлының үлкені Ар­ай Астанадағы Еуразия мем­­ле­кеттік университетінің 4 курс студенті. Одан кейінгі ба­­ласы Жалғас Қарағанды «Болашақ» университеті заң фа­­­культетінің 1 курсында оқи­ды. Ол жыл сайын оқуына 300 мың теңгеге жуық қаражат тө­­­леуі керек. Кен­жесі Олжас үшін­­ші сыныпта ғана оқиды. Асы­­­раушысынан айы­рылған зай­­ыбы Жанарға отбасын асырау оңайға соғып отырған жоқ. Бұ­­рын алған несие қарызы тағы бар. * * * – Он алты рет өткен сот оты­­­рыстары қажытып жіберді, – дейді Жеңіс Кенжеұлы. –  Қазір тек құр жанымды сүй­реп жүрген жайым бар. Сот про­цесінің ұзаққа созылуына байланысты жұмыстан да шығуға мәжбүр болдым. Содан бері жұмыссызбын. Жат­­­сам-тұрсам ойымнан кетпей жүргені – Жанболатым, оның өмірін қиғандарға әділ жа­за қолданылатын күн туар ма екен? Бүгін болмаса, ертең жұ­­мысқа тұрармын-ау, сонда мен салық төлеп, інімді өл­тір­ген, әділ жазасын алмаған қыл­­мыскерлерді асырауға үлес қо­самын ба?! Елдің есебінен ішіп-жеп, жалпы режімнің жан тыныштығында жатқан олар тоғыз жыл түгел отырса жақсы. Амнистиямен мерзімінен бұрын босай қалатын да осындай пысықайлар ғой... * * * Қапияда көз жұмған жан бауырын жоқтаған шарасыз аға­ның күйзелісі біздің де жанымызға батады. «Өлген артынан өлмек жоқ» дегенмен, асыраушысынан айырылған жазықсыз жар мен өз қолы өз аузына жетіп үлгермеген ба­ла-шағаның обалы кімге?! Тым құрыса, қарақшылардан солардың несібесіне материал­дық шығынды өндіріп беретін бір иманды табылар ма екен?! Ол шығынды өндіру туралы сот шешімі болғанымен, со­ның өзі қағаз жүзінде қалып отыр. Жайбарақат жүрген сот орын­даушыларын да желкелеу керек пе, қайтпек керек мұн­дайда?.. Ақыл қосыңыздар, ағайын! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ